Accessibility links

Американдық баспа пайғамбардың әйелі туралы кітапты жарыққа шығармайтын болды


The Wall Street Journal газетінің 6 тамыз күнгі санында Мұхаммед пайғамбардың жас әйелі - Айша ханымның өмірі туралы кітап неге жарыққа шықпай қалғаны туралы мақала жарық көрді. Американдық журналист жазған тарихи романнан Random House баспасы бас тартып отыр екен.

Мақала ауторы осы басылымның бұрынғы тілшісі Асра Номани (Asra Q. Nomany). Ол “ Исламның рухы үшін жалғыз күрескен американдық әйел” (“Standing Alone: An American Woman's Struggle for the Soul of Islam”. HarperOne, 2006) атты кітаптың ауторы.

Мақалада мысалға келтірілген адамдардың ортақ пікіріне қарағанда, егер "Мәдинаның қазынасы" атты бұл кітап жарыққа шықса, ол бүкіл мұсылман қауымдастығының жаппай ащы наразылығын туғызып, тіпті қантөгіске де соқтыруы мүмкін.

А.Номани “Сіз Мұхаммед пайғамбар туралы жаза алмайсыз!” деген мақаласында Айша ханымның өмірі туралы романның жазылу тарихын суреттеуден бастайды.
“2002 жылдан бастап Вашингтон штатының Спокейн (Spokane, Washington) қаласында журналист Шерри Джонс (Sherry Jones) өзінің барлық демалыс күнінде Мұхаммед пайғамбардың жас тоқалы – Айшаның өмірі туралы көлемді тарихи роман жазуға кірісті. Ш.Джонс араб тілін меңгеріп, Айша ханымның ғұмырбаяны туралы академиялық зерттеулерді парақтап шығып, өзінің бас кейіпкерін қаһарман әйел ретінде пір тұтты. Өткен жылы Random House баспасы оның 2 томдық романын 100 мың долларға сатып алғанда, оның төбесі көкке жетті. Тіпті осы көктемде, өзінің “Мәдинаның қазынасы” романы 12 тамызда жарыққа шыққан соң, кітабымен 8 қаланы аралап шығуды жоспарлады да”.

"Бірақ олай болмады, -деп атап көрсетеді мақала авторы А.Номани,- өйткені мамыр айында Random House компаниясы кітапты басудан бас тартқан. Random House басшылығы бас тарту себебін былай түсіндіреді: “егер кітап жарыққа шықса, 1988 жылы басылып шыққан Салман Рушдидің “Сайтанның өлеңдері” романы сияқты бұл шығарма да бүкіл әлемде наразылықтың жаңа толқынын көтеруі әбден мүмкін еді".
Оқырманның есіне сала кетейік, С.Рушдидің романы жарық көрісімен бүкіл мұсылман әлемінің ащы әрі жаппай наразылығын туғызып, аутордың басына қатер төндірген ескертулер көп айтылды, тіпті кітапты өз тіліне аударған жапон аудармашысын өлтірді.

Ал өз мақаласында А.Номани жазғандай, Random House Publishing Group компаниясының өкілі Томас Перри (Thomas Perry) романның ауторы Ш.Джонспен кітаптың шығуын талдағанда турасынан былай деп мәлімдеген: “Бұл бізді қатты алаңдатады, мұны дәл қазір баса алмайтынымызды біз жақсы сеземіз”. Оның айтуынша, романның алғашқы даналарын пікір жазуға жіберген соң компания “егер кітап басылған жағдайда, ол мұсылман қауымдастықтарының жаппай наразылығын туғызып қана қоймай, оның ұрдажық (радикалды) бөлігі олардың қантөгіске дейін баруына түрткі болуы мүмкін" деген түрлі ескерту алған.

Т.Перридің мақалада келтірілген сөзіне қарағанда, қауіпсіздік бойынша сарапшылармен және Ислам ғалымдарымен кеңескен соң компания аутордың өз басының амандығы үшін және Random House баспасы қызметкерлерінің, сондай-ақ басылған кітапты тарату мен сатуға қатысы болатын адамдардың қауіпсіздігі үшін "кітапты басуды кейінге қалдыратын" болып шешті.
Өз кітабы басылмайтын болған соң Ш.Джонс Асра Номанимен кездескенінде “қатты көңілі қалғанын” жасырмаған.

“Өйткені, -деп мәлімдеген Шерри Джонс әріптесіне, - мен Айшаның және Мұхаммед пайғамбардың өзге барлық әйелінің өмірін тиянақты суреттегім келді, Исламның қалыптасуына шешуші үлес қосқан осы керемет әйелдерді тарихшылар көбіне елемейді”.
Өткен айда Ш.Джонс Random House баспасымен арадағы келісім-шартты бұзды, енді оның әдеби агенті кітапты басқа баспаларға ұсына алады.
Алайда,- деп атап көрсетеді The Wall Street Journal газетінде шыққан мақаланың авторы А.Номани,-бұл жолы кітаптың шығуына ымырасыз Ислам қайраткері емес, америкалық ғалым бөгет болды.

Осы сәуір айында рецензия алу үшін Random House романның алғашқы даналарын өзге ауторлар мен ғалымдарға жолдады, олардың ішінде Остиндегі Техас университетінің Ислам тарихы бойынша адьюнт-профессоры Дениз Спеллберг (Denise Spellberg) ханым да болатын. Ш.Джонстың профессорды пікір жазушылардың тізіміне қосқан себебі, ол Д.Спеллбергтің “Саясат, ұрпақ және ежелгі Ислам: Айша Бинт Әби Бәкір қыздың мұрасы” (“Politics, Gender, and the Islamic Past: The Legacy of 'A'isha Bint Abi Bakr”) деген еңбек жазған.
Бірақ Айша ханым туралы жаңа роман Д.Спеллбергке тіпті ұнамады. 30 сәуір күні Д.Спеллбергтің кафедрасына дәріс оқуға шақырылған ғалым әрі мұсылмандардың ішінде беделді Веб-сайттың редакторы Шаһед Аманулла (Shahed Amanullah) профессордан кітап туралы өткір сын жазылған пікір алды. Ол профессордың “қатты ашуланғанын” есіне алды. Оның айтуынша, Спеллберг ханым оған роман “мұсылмандар мен олардың тарихын келеке етеді” деп мәлімдеп, осындай кітаптың шығуы мүмкін екенін мұсылман қауымдастықтарына дереу хабарлауды өтінген.
Менімен әңгімелескенінде профессор Спеллберг романды “өте нашар, қисынсыз жазылған шимай” деп бағалады. Мысалға, романда Мұхаммед пайғамбардың түнде өз төсегінде Айшамен арадағы махаббаты суреттеледі... деп айтты дейді ол.

Журналист А.Номанидің өзімен сөйлескенінде профессор Спеллберг: - Тарихи беллетристикаға менің ешқандай қарсылығым жоқ. Алайда тарихты өз білгенінше және қасақана бұрмалауға мен үзілді-кесілді қарсымын. Сіздер ұлы тарихты ойын етіп, оны дөрекі порнографияға айналдыра алмайсыздар, -деп мәлімдепті.
Мақала ауторы Асра Номани, сонымен қатар, Мұхаммед пайғамбардың әйелі туралы кітаптың шығуы мүмкін деген хабардың өзі қандай у-шу туғызғанына да тоқталады.

Мысалға, “Келесі күні Шаһид Прадхан (Shahid Pradhan) деген есімімен белгілі блоггер Ш.Аманулланың “Хуссайни жастары” (Hussaini Youth) атты Веб-сайтына “Басылуы мүмкін “Мәдинаның қазынасы"– Мұхаммед пайғамбарды қаралауға деген жаңа ұмтылыс” деген құлақтандыру орналастырды. Арада 2 сағат 28 мин. өткенде Әли Хемани (Ali Hemani) есімді өзге адам “аутор өз кітабын баспадан қайтарып алып, барлық мұсылман әлемі алдында кешіріп сұрасын” деген тарауы бар, барлығы 7 тараудан тұратын шарт қойды”.
21 мамыр күні өткізген селекторлық мәжілісте Random House компаниясының басшысы Элизабет Макгуайрдің (Elizabeth McGuire) кітаптың ауторы мен оның агентіне “ислам экстремистері жағынан террорлық қатердің төну мүмкіндігі және Random House компаниясы мен қызметкерлерінің өмірлеріне деген алаңдаушылықтан кітапты басуды белгісіз уақытқа дейін кейінге қалдыратынын ресми түрде жариялағанын” айта келіп, "Мұхаммед пайғамбардың өміріне сенетіндердің барлығы да махаббатының, ашу-ызасының немесе күдігінің тарихына үңілмеуi тиіс. Біз үшін Мұхаммед пайғамбарға өзгелерге “мен де сендер сияқты өлетін адаммын” деп айт деген Құдайдың өсиеті жазылған Құранның өзін оқу керек," деп қорытындылайды А. Номани өз мақаласын.
XS
SM
MD
LG