Accessibility links

Грузияның келесі президенті кім болар екен?


Ресей әскері Грузия жерінен толық шыға бастаған жағдайда президент Саакашвилидің де көпшілік сауалдарына жауап беретін мерзімі жақындай түседі.

Тбилиси қаласының кафе-ресторан, басқа да көпшілік орындарының жұмысы кешкілік қайнай түседі десе боғандай. Онда жиналушылардың қазіргі негізігі әңгімелері "Соғыс қалай басталып еді? Оны болдырмаудың жолдары бар ма еді?" деген тұрғыда өрбуде.

Грузияда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорының сарапшысы Арчил Гегешидзе:
“Батыс пен Ресей арасындағы теке-тірес өсе түскен сайын Саакашвили орнында мығымырақ отырмақ. Сондықтан Ресей күштерінің Грузиядан шықпауына Саакашвили мүдделі. Ол әскер шығып кетісімен, президентке сұрақтар қойыла бастамақ”,- деді.

Грузиядағы ондаған азаматтық ұйымдар мен әлеуметтік, мәдени салалардың ірі тұлғалары қол қойған ашық хат грузиялық “Резонансы” газетінде қыркүйектің 4-де жарияланған болатын. Тамыз қақтығыстарын “Саакашвили үкіметінің қателіктері” деп айта келіп, ол хат әскери қақтығыстар кезіндегі Саакашвили мен оның әкімшілігінің әрекеттерін кең тұрғыда талқылауға шақырған екен.

Сондай-ақ елдегі саяси оппозиция да ұлттық бірігу кезеңінің өткенін хабарлады. Жаңа құқықтар партиясының жетекшісі Давид Гамкрелидзе:
“Көптеген ескертулерге қарамастан, Саакашвили Цхинвалиге шабуыл жасап, оны бомбалау жөнінде біржақты түрде жауапсыз және қылмыстық шешім қабылдады деп айтар едім. Бұл әрекеттің салдары ел үшін апатты болды. Михаил Саакашвилидің Грузия президенті және оның әскер басы болуына саяси да, моралдік те құқы жоқ. Ол қызметінен кетуі тиіс”,- деді.

Грузия президенті халықаралық бұқаралық ақпарат бұлақтарын Ресейді агрессиясы, ал Батысты баяулығы үшін сынауға пайдаланды. Алайда оның ұстанған бағыты әлсіз еді. Түгелге жуық дерлік дәлелдерге қарағанда, Грузия қақтығысты бірінші бастаған.

Ал үкімет өкілдері болса мұндай айыптауларды жоққа шығаруға тырысып бағуда. Саакашвили үкіметінің дәлелдеуінше, Ресей әскерлері тамыздың 7-і күні кешке Грузияға бірінші боп ене бастаған. Содан кейін ғана Грузия әскерлері жауап қатқан екен.

Ел үкіметі түптің-түбінде жікшілдік аймақтардағы әрекеттері үшін жауап беретін болады. Үкімет қазірдің өзінде Оңтүстік Осетияның бейбіт тұрғындарына қарсы басым әскери күшпен жауап бергені және кассеталық бомбалар мен Град зымырандарын қолданғаны үшін сауал астында қалып отыр.

Ресей елі өз әскерін Грузиядан шығарысымен, Саакашвилидің биліктен кететін уақыты да келеді деп үміттенуде. Ресей президенті Дмитрий Медведев болса Саакашвилиді “саяси өлік” деп бағалап, онымен қандай да бір байланыстар орнатудан бас тартқан болатын.

Грузия президенті өзінің заңды мерзімі- 2013 жылдың қаңтарына дейін билікте қала бермейтін сыңайлы. Оның орнына жарысқа кімдер түсуі мүмкін деген сауалдарға байланысты бірнеше үміткер аталуда.

Олардың алғашқысы- Нино Буржанадзе. Раушан төңкерісінде Саакашвилимен одақтас болған ол- парламенттің бұрынғы төрайымы. Биылғы жылдың парламент сайлаулары алдында Буржанадзе Саакашвилидің Ұлттық қозғалысынан бөлініп кеткен болатын.

БҰҰ-дағы Грузия елшісі Иракли Аласаниа да ықтимал үміткер ретінде аталуда. Ресейде бизнес жүргізіп жүрген мәскеушіл Леван Васадзе де, сондай-ақ екі ел арасында тығыз байланыстың орнауын жақтайтын Бидзина Иванишвили де үміткерлер сапында тұратын сыңайлы.

Грузияның сайлау заңдарына жаңа өзгерістер енгізілген жағдайда үміткерлер саны бұдан да көбейе түспекші.
XS
SM
MD
LG