Accessibility links

Грузия қыста энергиясыз қалуы ықтимал


2008 шілде, Әзірбайжан газының Грузияға жеткізілуіне арналған салтанат
2008 шілде, Әзірбайжан газының Грузияға жеткізілуіне арналған салтанат

Осы жылы энергия тасымалы мәселесі Грузия үшін үлкен проблема болатын тәрізді. Грузияға энергия көздері жеткізіледі деген уәделер болса да, мұнай мен табиғи газды көбірек сатып алу жөніндегі Тбилисиден түскен өтініштер орындалмай қалуы да мүмкін.

Грузия қыс мезгіліне дайындалып жатыр бірақ Ресеймен әскери қақтығыстан кейін бұл жолы Тбилисидің өз халқын энергиямен қамтамасыз ету мүмкіндігіне байланысты сауалдар туындап отыр.

Грузия парламентінің экономика және экономикалық саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Георгий Меладзенің мәлімдеуінше, энергия тасымалы мәселесіне келгенде Ресейдің өзі проблема болып тұрған жоқ.

“Ресейден газ тасымалданбайды. Газ Әзірбайжаннан келеді. Бірқатар тасымалдаушы компаниялар бар. Сондықтан біз газ мәселесінде Ресейге тәуелді емеспіз. Қажет болған барлық келісім-шарттар Әзірбайжанмен жасалған. Мен ол келісімшартты өз көзіммен көрмедім бірақ мен сізге энергетика министрлігінен алған мәліметті айтып отырмын. Сол үшін бұл тұрғыда проблема болмайды”, - дейді Меладзе.

Грузиға энергия негізінен Әзірбайжаннан импортталады.

“Азеригаз” мемлекеттік компаниясының төрағасы Алихан Маликовтың атап көрсетуінше, Грузияға тасымалданатын газ экспортына жауапты бұл компания уәде етілген көлемдегі экпорттарға қатысты еш проблема көріп тұрған жоқ. Бірақ аталмыш компания тек газды жеткізуге ғана міндетті дейді Маликов.

“Біз Грузияны газбен қамтамасыз етудеміз. Грузияға күніне шамамен 1000-1500 текше метр газ тасымалданады. Келісімшартқа мемлекеттік мұнай компаниясы қол қойған, ал "Азеригаз" –тасымалдаушы болып табылады”, - дейді Маликов.

Бірақ Ресей Грузияға газ тасымалын азайтыңдар немесе тоқтатыңдар деп Әзірбайжанға қысым жасауға мүмкін деген алаңдаушылықтар бар. Егер шынымен осылай жасалатын болса, Грузия халқы қыста тоңып, Кремлдің жауы деп есептелетін президент Михаил Саакашвилиден де көңілі қалып қалуы мүмкін.

Әзірбайжанның мемлекеттік SOCAR мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Сабит Багиров Ресей Әзірбайжанның Грузияға бағытталған энергия экспортына араласады деп ойламаймын дегенді айтты.

“Ресей Әзірбайжанның Грузияны газбен қамтамасыз етуіне үйреніп қалған”, - дейді Багиров.

Оның пікірімен әзірбайжандық саяси талдаушы Расим Мусабеков те келіседі. Оның айтуынша, Әзірбайжанның Еуропаға арналған мұнайы мен табиғи газы, яғни экспорт жолдары Грузия арқылы өтеді, сондықтан Баку Тбилисиге газ тасымалын тоқтатып қоймайды. Бірақ Тбилиси энергия тасымалы мәселесіне байланысты бәрібір сақ болуы керек деп ескертті Мусабеков.

“Әзірбайжан өзінің газы мен мен мұнайын Грузия арқылы экспорттайды. Ресей мұны біледі. Бұл жағдайда Грузияға газ сатуды тоқтату мүмкін емес. Ал басқа мәселе, Грузия аймақтық бағалар бойынша газды өте арзан бағаға сатып алғысы келеді. Мұндай жағдайда Әзірбайжан өз мүддесін құрбандыққа шалмауы керек”, - дейді Мусабеков.

Бұған қоса, таяуда Ресейдің “Газпром” компаниясы Әзірбайжанның барлық газын сатып алу жөнінде ұсыныс жасады.

SOCAR компаниясының бұрынғы басшысы Багировтың айтуынша, мұндай келісім жақын арада жасала қоймайды.

“Газпроммен" келісім туралы айтар болсам, қазір болашақ жоспар жөнінде келіссөздер өтіп жатыр бірақ бұл үдеріс ұзаққа созылады”, - дейді Багиров.

Хабарларға қарағанда, Грузия алдағы қыстан өту үшін Әзірбайжаннан қосымша газ тасымалдауды сұраған. Бірақ Әзірбайжан Грузияға газ экспортын ұлғайтуға асықпайтын тәрізді.
XS
SM
MD
LG