Accessibility links

Беларусь оппозициясы құралақан қалды


Беларусь парламенттік сайлауында оппозиция өкілдері орынсыз қалды.

Қыркүйектің 28-де өткен парламенттік сайлауда әрбір төрт үміткердің біреуі оппозиция өкілі еді. Олардың ішінде ең жоғарғы көрсеткішке жеткен Коммунистік партия жетекшісі Сярхей Калякин болатын. Алайда оның өзі 15,6 пайыз ғана дауысқа ие болған екен.

Лидзия Ярмошина- елдегі Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі. Оның айтуынша 110 орындық Өкілдер палатасынан бірде-бір орын оппозиция өкілдеріне тимеді.
“Сайлаушылар оларды қолдамады”,-деп түсіндірді бұл көрсеткішті Ярмошина.

Сарапшылардың айтуынша, аталған науқандар ресми билік тарапынан жіті ұйымдастырылып, қадағаланатындықтан, мұндай нәтижеге таңқалуға болмайды.

Бұл жолы 260 үміткерге қоса арнайы үміткерлер тізімі болды. Солардың ішінде 80-і оппозиция өкілдері болатын.
Сайлау барысына Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының 500-ден аса халықаралық сарапшысы бақылау жасап отырды.

Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы "Беларусь сайлауы халықаралық талаптарға сай өтпеді" деп баға берді.

Бұл ұйымның бағасын күтпестен Беларусь оппозициясы сайлауды “әділетсіз өтті” деп бағалап, жексенбіде Минскіде 800-дей белсенді шеруге шықты.

Аляксандр Казулин- 2006 жылғы президенттік сайлауда президент Александр Лукашенкомен жарысқа түскен саясаткер. Сол сайлау қорытындысына орай болған қарсылық әрекеттеріндегі атқарған рөлі үшін бес жарым жылға түрмеге жабылған еді. Бұл жолы Казулин түрмеден ертерек босатылған болатын.

Оның қызы Волха жексенбідегі парламенттік сайлауға үміткер ретінде қатысқан еді. Алайда 8,6 пайыз дауысқа ие болды.

Казулин мырза өз сөзінде: “Әрине Батыс Беларусь саяси билігімен байланысын үзбеуі керек. Олармен бірлікте жұмыс жүргізіп, оларға өркениетті әлемде, өркениетті қауымдастықта істің қалай жүргізілетінін үйретуі керек. Менің ойымша сөйлесу дегеннің әріптестік орнату екендігі айқын болса керек. Әріптестік деген-тараптардың бір-біріне қарай қадам жасауы. Сондықтан да егер Батыс әлемі Беларусь саяси билігіне қарай бір қадам жасаса, онда ресми Минскі де жауап қадамға баруы тиіс. Беларусь қоғамын демократияландыру үшін қарарлар мен мәлімдемелер емес, нақты әрекеттер және шынайы өзгерістер қажет”, деді.

Өкілдер палатасының жаңа құрамы алғашқы сессиясын қазанның 25-де өткізбекші.

Газ бағасының өсуіне байланысты Ресеймен жанжалдасқан Лукашенко Батыспен тіл табысқысы келеді. ЕуроОдақ болса тиымдарды оңайлату үшін Минскіден әділ сайлау өткізуді талап етуде.

Сонымен Беларусь Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, парламенттегі 110 орынның бәрі президент Александр Лукашенконы қолдайтын саясаткерлерге бұйырған.
XS
SM
MD
LG