Accessibility links

Қазақстан инвесторларының Грузиядан кетуін "Ресейдің жеңісі" дейді грузиндер


Ресей әскерінің бекеті. Поти, 11 қыркүүйек, 2008 жыл.
Ресей әскерінің бекеті. Поти, 11 қыркүүйек, 2008 жыл.

Астана Грузиядағы инвестициялық жобаларының біразынан бас тартуда. Соған қарағанда қазақ мұнайын Кавказ бағытында тасымалдау мәселесінің болашағы да бұлыңғыр тарта бастаса керек.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грузияның ең ірі шетелдік инвесторының бірі болып саналатын Қазақстан Батуми қаласында мұнай өңдеу зауытын салу жоспарынан бас тартып отыр. Агенттік тілшісіне мағлұмат берген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілі бұл шешімнің саясатқа еш қатысы жоқ дегенді айтқан. «Біз көптеген жобаларға қызығушылық танытып отырмыз, бірақ ең алдымен жобаның экономикалық тиімділігіне мән бергенді жөн санаймыз. Сондықтан да бұл арадан саясат іздеудің қажеті жоқ..., біздің сарапшылар бұл жобамен толыққанды таныса келе оны тиімсіз деп тапты», - дейді.

Айта кетейік, мұнай өңдеу зауытын Қазақстанға тиесілі Батуми порты аумағында салу жоспарланған болатын.

«ҚазМұнайГаз» өкіліне сілтеме жасаған France Press агенттігі Батумидегі жобадан бас тарту себебін ақпарат көзі Румыниядағы Rompetrol мұнай өңдеу зауытын сатып алумен ұштастырды деп көрсетеді. Компания өкілінің айтуынша, Қара теңіз жағалауында орналасқан румын кәсіпорнының қуаты қазақ мұнайын игеруге жетіп артылады.

France Press өз ақпаратында Қазақстан Грузиядағы өзге де жобалардан бас тартып отыр дегенді сөз етеді. Мәселен, «Қазтрансгаз» грузиннің газ жөнелтуші «Тбилгаз» компаниясын сатып алмайтын болды, сол сияқты Потиде астық терминалын салу жоспары да кілт өзгерді. Қазақстанның ауылшаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев бұл шешімді Грузиядағы «саяси тұрақсыздықпен» байланыстырады.

Грузиядағы ағылшын тілді Georgian Daily сайтының хабарлауынша, бүгінгі күні ресми Тбилиси Қазақстан мұнай экспорттауда грузин порттарынан бас тартуы мүмкін бе деп, алаңдап отыр. Ресми Астананың соңғы қадамдарына қарағанда, мұндай шешімнің де орын алуы ғажап емес тәрізді.

Грузия экономика министрінің орынбасары Вахтанг Лежава бұл тұрғыда Астананың зауыт құрылысын тоқтау жөніндегі шешіміне Тбилиси «аң-таң кейіпте отыр» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, «соғыстан кейінгі кезеңде тек қазақстандық компаниялар ғана Грузиядағы инвестициялық жоспарларынан бас тартып отыр, ал басқалары инвестиция құюды тоқтатқан жоқ».

Georgian Daily сайтындағы мақала авторының пайымдауынша, бұрын Грузия арқылы өтіп жатқан Орталық Азия мен Кавказ аймағы елдері экспорттық бағытының өзгеруінен ең алдымен Мәскеу ұтып отыр және де бұл өзгеріс енді Мәскеуге аталған аймақтардағы елдерге қосымша қысым тетігін бермек. Оның сыртында Қазақстанның шешімі көмірсутегіне де қатысты болуы мүмкін. Өйткені, Грузиядағы тұрақсыздық бүгінгі жағдайға ғана қатысты емес, алдағы уақытта тұрба құбырлары мен насос станцияларына шабуыл жасау оқиғалары да орын алуы әбден мүмкін.
«Ресейдің Грузияға басып кіруі барысында кейбір ақпарат құралдарында Баку-Тбилиси-Жейхан тұрба құбырынан 100 метрдей қашықтықта жарылған бомбадан қалған шұңқырдың суреті жарияланған болатын. Бұдан еш залал келген жоқ, бірақ кейбір сарапшылардың айтуынша, әбден мүмкін, егер Мәскеу осындай қадамға барудан тартынбайтын болса», - деп жазады мақала авторы.

Грузияда орныққан тағы бір сайт, бұл жолы неміс тілді Georgien Nachrichten Қазақстанның Грузиядағы инвестициялық жоспарларынан бас тартуын «Ресейдің жеңісі» деп көрсетеді, дәлірек айтқанда «ресейлік басқыншы әскердің» жеңісі.

Бұл жағдай Батыс елдерін де мазалап отыр. Британдық басылым Financial Times Кавказ бағыты бойынша жеткізілетін көмірсутегі шикізатының тағдырына алаңдаушылық білдіреді, қалай дегенмен шикізаттың басым бөлігі Қазақстаннан шығады емес пе. Сол сияқты, Кавказадғы дағдарыс Ресейді айналып өтеді деген транзитті балама жолдардың болашағын да бұлыңғыр етіп отырса керек.

Бүгінгі күні,- деп ескертеді іскер басылым,- тәулігіне шамамен бір миллион баррелдей мұнай (ал бұл әлемдік мұнай өндірісінің 1 пайызы деп түсініңіз) Кавказ арқылы тасымалданады, көп жағдайда Құрама Штаттар қолдап отырған Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы. Түркияға газ Оңтүстік Кавказ тұрба құбыры арқылы жеткізіледі.

«Орталық Азия мемлекеттерін осы құбыр желісін пайдалануға жетелеген АҚШ-тың барлық күш-әрекеті онсыз да жемісті болмаған-ды, енді мүлдем зая кететін болды, - деп жазады Financial Times. – Кавказдағы қақтығыс барысында өзінің Батумидегі мұнай терминалдарының жұмысын уақытша тоқтатқан Қазақстан үстіміздегі аптада Ресей арқылы өтетін экспорттық жаңа құбырлар жөнінде Мәскеумен келіссөз жүргізді».

Қалай десек те, Астананың Кавказдағы жобалардан бас тартуы Грузияның ықпалды инвестордан айрылуын ғана меңзеп отырған жоқ. Мұндай саясат әлемдік мұхитқа тікелей шыға алмайтын Қазақстанның Ресейге, оның транзиттік мүмкіндіктеріне деген тәуелділігін одан әрі ұлғайта түспек.
Мәселен, құны 10 миллион долларды ғана құраған Потиде салынады деп жоспарланған астық терминалы – бұл аймақтағы негізгі транспорт торабы болуы әбден мүмкін-тін. Бұл жоба іске асып жатса, Қазақстан Жерорта теңізі бағытында астық экспорттау мүмкіндігіне қол жеткізер еді. Ал, Батумиде мұнай өңдеу мүмкіндігінен бас тартып отырған «ҚазМұнайГаздың» әрекетіне қарап, бұл айлақ пен оның терминалы ұлттық компанияға қажет емес те шығар деген ойға қаласың...
XS
SM
MD
LG