Accessibility links

Шеруге шықпақ болғандар Астана әкімімен кездесумен шектелді


Астана, тамыз 2008 жыл
Астана, тамыз 2008 жыл

«7-қазан халықаралық лайықты еңбекті қорғау күнінде Астанада мұғалімдер мен дәрігерлер наразылық шеруіне шығады». Осылай деп, бірер апта бұрын ресупбликадағы кәсіподақ федерациясының өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарын жинап мәлімдеген болатын. Дегенмен бұл күні кәсіподақ ұйымының өкілдері шеруге шықпай, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездесу өткізді.

Астана әкімі келгеннен кейін, кәсіподақ ұйымы «шеру өткіземіз» деген сөздерінен айнып, «БАҚ өкілдерінің ойлап тапқаны» дегенге келтірді. Тіптен, бюджет қызметкерлерінің қордаланып қалған мәселелерін ашық айтудың орнына, әкімге бастарын иіп, қайта-қайта рахмет айтумен болды.

Ал Иманғали Тасмағамбетов кәсіподақшылардың алдында жарты сағат бойы келмеске кеткен Кеңес дәуірінің жаман жақтарын жырлаумен болды. Дүкен сөрелерінде қажет заттардың болмауынан, аяқ-киім алу үшін де таныстың қажет ететінін баяндаған Астана әкімі, тіптен өзінің комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда синтетикалық кілемді басшылар арқылы Мәскеуден қалай алдырғанына дейін айтып берді.
Мұның бәрі Тасмағамбетовтің «қазір іздегеніңді табасың, бюджеттік қызметкерлер жоқ-жоқ демей, осыған шүкір етсін» дегенді меңзеуі болды. Сөйте тұра, Тасмағамбетовтің жүрген жерінде «лениндік сенбілікті» насихаттап жүретіні белгілі. Бұған қалалық дәрігерлер кәсіподақ ұйымының атынан Вера Борсукова әкімге қарсы уәж айтты.

– Мен аптасына бес күн жұмыс істеймін. Заңға сәйкес, демалатын уақытымда неге мен әр сенбі күні сенбілікке шығуым керек. Неге мен біреудің ластап кеткен жерін барып, жинауым керек. Кезінде Өмірзақ Шөкеев Астана әкімі болып тұрғанда қоқыс лақтырған адамға айып төлету туралы жарлық шығарған. Неге осыны қайта енгізбейміз?, – деді Вера.

Бұған Тасмағамбетов мырза «Менің де сенбілік өткізгім келмейді, бірақ жүрген жерімде тұрғындарды мәдениеттілікке үйреткім келеді. Жүргізушілер көлік терезесінен темекі күлін лақтырғанда, тұмсықтарынан періп жібергім келеді» деп зілмен жауап қайтарды.

Астанадағы дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбек ақысына қатысты Тасмағамбетов Астана тұрғындарын өзге облыс тұрғындарынан бөліп қарауға болмайтынын, президент жолдауына сәйкес, бюджеттік қызметкерлер жалақысының жыл сайын сатылап өсетіндігін жеткізді.
– Мен де, қап-қап ақшаның үстінде отырған жоқпын, түсініңіздер. Астананың жылдық жалпы кірісі 83 млрд.теңге. Оның 13 млрд.теңгесі республикалық бюджетке кетеді. 800 мың тұрғын үшін 70 млрд. теңге не болады?, – деді кезінде «Наурызбанк» оқиғасына қатысты «10 млн.долларды қаппен әкелген» деген даудың астында қалған Астана әкімі.
Осылайша, алдын - ала шу болған мұғалімдер мен дәрігерлер проблемасы жылы жабылып қойылды.

XS
SM
MD
LG