Accessibility links

Шаханның ауасын шаң қауып тұр


Құлатылып жатқан үйлердің шаңынан қала көрінбейді. Шахан, қазан,2008 жыл.
Құлатылып жатқан үйлердің шаңынан қала көрінбейді. Шахан, қазан,2008 жыл.

Осыдан бір жыл бұрын қаладағы қаңырап бос қалған көпқабатты 100-ге тарта үйді жергілікті билік шешім шығарып, "қала көркін бұзып тұр" деген желеумен бұзған болатын. Жақында Шаханда тағы да дүмпу мен шаң - тозаң қайта басталды.

Қарағанды облысындағы Шахан қаласының тұрғындары жылдар бойы әлеуметтік ыңғайсыздықтарды бастан кешіп келеді. Осының алдында елдімекен су мен электр энергиясынан тапшылық көріп, мәселенің шешіміне үлкен даумен қол жеткен.
Бір жыл бұрын мұндағы қаңырап бос қалған көпқабатты үйлерді жергілікті билік өкілдері шешім шығарып, жара бастады. Желеу - бұлар қала көркін бұзып тұр. 100 ге тарта көпқабатты үй бірінен соң бірі жарылып жатқанда, шахандықтар бұған да көніп еді. Тұрғын үйдің қасындағы қаңыраған үй жарылғанда жарылыс толқынымен сау тұрған үйлердің терезелері быт шыт болған. Жарты жыл билікпен алысып жүріп тұрғындар үйлерінің терезелерін жаматты-ау. Ал қираған үйлердің күл- қоқысын тасу науқанында қала шаң- тозаңнан көрінбей кеткен еді.
Үйлерді бұзатын техника үзіліссіз жұмыс істейді. Шахан, қазан, 2008 жыл.


Ал жақында Шаханда тағы да дүмпу мен шаң- тозаң қайта басталды. Бұл жолы үйлер жарылып жатқан жоқ. Бұл жолы сол үйлерден қалған қирандылар өңдеуден өтіп, қайтадан құрлыс материалдары жасалуда екен.
Тұрғындардың наразылығын тудырып отырғаны - қирандыларды өңдейтін зауыт елдімекеннің тура іргесінде орын тепкен. Бетон қиратқыш техниканың дүмпуінен құлақ тұнады, шаңнан көзімізді аша алмаймыз дейді тұрғындар. Осы күнге дейін әкімнің түрін көрген жоқпыз, қаншама рет барып оның орынбасарына шағымданғанымызбен, әкім қарасын көрсеткен емес дейді Шахан қаласының тұрғыны Валентина Волкова.
Шахан тұрғыны Валентина Волкова, қазан, 2008 жыл


Ал зауыт қожайыны болса маған бұл жерді жергілікті билік бөліп берген, сондықтан шаруаларың болмасын дейтін көрінеді. Бір қызығы, әлгі зауыт қожайыны шахандықтар өздері сайлаған Михаил Яковлев атты жергілікті маслихат депутаты.

Мәселенің анық қанығына жету үшін біз зауытқа ат басын бұрдық. Халық қалаулысы, зауыт қожайыны фотокамераға түсуден үзілді - кесілді бас тартып, өз уәжін былай келтірді:
-Мен ауыл әкімінің рұқсатымен осы жерге зауыт тұрғыздым, демек мен бұдан басқа жерге зауыт сала алмаймын. Ал тұрғындарға келтіріп жатқан ыңғайсыздықтарымның өтеуі ретінде елдімекенге қоғамдық монша салып жатырмын, Шаханнан 100 адамды зауытыма жұмысқа алдым, сонымен қатар мен осында қаңырап бос қалған пәтерлерді өз қаражатыма жөндеп, баспанасыз жүрген шахандықтарға бермек ойым бар, алайда жергілікті биліктегілер осымен екі жыл болды, сол пәтерлердің бұрынғы қожайындарынан үйді мемлекет қарауына өткізу мәселесін созып жүр дейді.
Сөзінің шындығын жұмыскерлер растады және құрылысы аяқталуға жақын моншаны да көрдік. Әркімнің өз шындығы бар.

Ал жергілікті әкімшіліктен біз әкімді де, орынбасарын да таба алмадық. Ұялы телефон арқылы әкімнің орынбасарына хабарласуға мүмкіндік туып, оған қоңырау шалғанымызда Арқажан Хасенов әлгі пәтерлерді мемлекет меншігіне өткізу үшін құжаттарды облыс орталығы - Қарағандыға алып бара жатқанын айтты. Құжаттар енді ғана ол жаққа бара жатса, бұл мәселе де бүгін - ертең шешілмейтінін көзі ашық азаматтардың бәрі біледі.

Жергілікті билік әрекетіне Шахан халқы қатты наразы. Елдімекеннің көркеюуіне кедергі келтіріп тұрған үйлерді жарып, Шаханға сән береміз деп бір шулағанда алдымен ыңғайсыздығын халық тартты.
Шып - шырғасын шығармай, құрылыс материалдарын ақырындап бөлшектеп алудың орнына жарып тастап, енді одан сондай құрылыс материалдарын жасаймыз дегенде, қаламен бірге біздің қос өкпемізді шаң қауып қалды дейді тұрғындар.
XS
SM
MD
LG