Бүгін таң бозармастан темір есіктің алдын торуылдадым. Қызымның бір жасқа толуына байланысты кезекті анализдерін тапсыру үшін. Сағат 8-де ашылуы тиіс орталыққа, 7-де жөнелткен әйелім өтірік алдамапты – иманды ғой, сосын, бір жыл ішінде жинақтаған тәжірибесі бар – кезекке он бесінші болып тұрдым.
Үйде келісілген жоспар бойынша, кезегім жақындағанда әйеліме телефон соғам, ол баланы алып жетеді. Сағат 8-ден 15 минөт кеткенде, найқала басып, дәрігер апай жетті. Менің соңымнан кезек алғандар саны оншақты адам. Ішке лап қойған лек әп-сәтте іркіле қалды. «Анализ орталығы» дегені ауданы он шаршы метрге жетпейтін тауық кепе тақылеттес көрдей іншік.
«Мұндай абсурдты театрда ойнау тек қазақ халықтық труппасының тақілетіне жазылған ба?!» – деп, әуелі, Тәңіріден, кейін, Шекспирден сұрағым кеп кетті.
Халқымыз… әрі кетсе, Токионың жартысына сыйып-ақ кетеді, мықтаса Мехиконың жартысына жайылар. Территориямыз… пәленбай шаршы шақырым, дәлірек айтсақ, әлемнің аумақты елдері санатында тоғызыншы тұрмыз. Байлығымыз… бар, енді, Құдайға шүкір. Тек алдыңғылар соңғы екеуінің қайырын көре алмай жүр.
ҚазСтаттың, қала берді күллі салалы ұйымдардың мәліметтерін жоққа шығарып, оншақты шаршы метрде отыздан астам адам, «тығыздық» категориясын айқын сезініп тұрмыз. Көбі кішкентай балалармен келгендер. Ол – ол ма, осы бір қуықтай дәлізде үш есік бар екен. Соның бірі қан тапсыратын бөлме болса, екіншісі несеп тапсыратын орын. Аты жаман соңғысының заты да жаман екенін айқын сездік. Түйсінбедік, сездік, сезу мүшелерімізбен. Әлгі бөлменің жарығы жанбайды екен, сол себепті, «есікті ашық қойыңдар» деді, іштегі лаборант апай. Оған қоса, несеп құйылған құтылардың да қақпағын ашып қою керек екен.
- Что за бардак?! Полный беспредел! – деп бір орыс «тәтей», онсыз да тар жерде қолын сермеп, «с...гі бетіне шықты». Жетпей тұрғаны «исфаһани қылыш». Қазақ қатындары «түш-түш» деп с....тің иісіне тұншыққан балаларын жұбатып әлек.
Сыртқа сытылып шығып, құрамында ауыр металдардың консентрациясы шектеулі шамадан бірнеше есе артық Атыраудың ауасын бір жұтып жеңілдеп қалдым. Құдайдың қырсығы ма, қыстың шілдесі кірер шақта көрінбеген қар бүгін қалың түсіп, ауаның райы да аязды боп тұр. Балалардың жылаған дауысы темір есіктің аржағынан ауық-ауық естіліп қояды.
Көпқабатты үйдің бүйірінде орналасқан «орталықтың» алдында темекі тартып тұрмын. Маған қарама-қарсыдағы екі зәулім коттедж кезекпе-кезек бар шамдарын жақты. Жоқ дегенде бар аумағы 500 шаршы метрдей болатын екі үлке-е-ен үй.
Жалпы саяси сауатсызбын, сол себепті де бейтарап һәм бейбелсендімін. Алайда, тап сол сәт мен коммунистерге қосылғым кеп кетті. Сэр Уильям бұған не дейсіз?! Ия, мен де солай ойлаймын.
http://makym.wordpress.com