Accessibility links

Жарылған сыздауық



Қырғыз оқиғасын сырттай бағалап, Украина революциясынан бері елдің билікті төңкеруін бұзықтыққа балайтын ғадетімізге басып, қырғыз құрыды деп құзғынша шуладық. Енді қаһарман ел конституция қабылдағалы отыр. Қырғыздар жаңа жүйені референдуммен заңдастырмақ. Соңыра жаңа билік жасақталады.

Халық бір партия езгісінен сақтаныпты. Жаңа конституция бойынша, сайлауда асып кетсе де, бір партияға парламенттен 65 пайыз ғана орын беріледі. Сайлау комиссиясының жасақталу жолы 74-бабта тұр. «Сайлау комиссиясының үштен бір бөлігін Президент ұсынады, үштен бірін парламенттегі көпшілік партия немесе коалиция, үштен бірін парламенттік оппозиция ұсынады».

Президентке қорғаныс министрі мен ұлттық қауіпсіздік басшысын тағайындау және қадағалау ғана қалған. Бас прокурорды ұсына алады. Мерзімі 6 жыл, ұзаса – екі рет.

Енді Қырғызстанды премьер-министр мен Жогорку Кенеш басқарады. Үкімет қалай жасақталады? Маңызы да осы жерінде. Үкімет жасақталмай тұрып, Парламент сайланады. Сайлау жүйесін айттық. Парламентте көпшілік орынға (50 % + Х) ие болған партия немесе коалиция премьер сайлайды. Премьер парламент ішінен министрлер таңдайды (Бізде министрлердің қайдан келгені белгісіз. Халық танымайтын адамдар). Үкімет басшысы өз партиясының немесе коалицияның сайлауда халық қолдаған бағдарламасын үкімет жоспарына алады. 5 жылдан кейін Парламент қайта сайланып, Үкімет қайта жасақталады. Халық қолдаған жоспар орындалу үшін қойылған мерзім.

Үкімет Жогорку Кенеш бақылауында. Парламент үкіметке сенімсіздік білдірсе (50 % + Х), президент келіспеуге қақылы. Егер Парламент үш ай ішінде тағы сенбейтінін айтса, президент үкіметті таратуға мәжбүр.

Заң жобасын 10 мың қолмен халықтың өзі де ұсына алады. Депутаттар – әу бастан. Үкімет те парламент талқысына енгізе береді. Заң жобасына президент қол қояды. Жетілдіру керек болса, қайтаруы мүмкін. Парламент бұған келіспесе заңды жариялайды. Заң БАҚ-та жарияланған күні күшіне енеді. Бюджетті парламент бекітеді. Парламенттің бюджетті жоспарлау және қадағалау комитетіне төраға парламенттік оппозициядан тағайындалады.

Заң алдында елі тең. Президент күдікке ілініп, парламенттің үштен екісі дауыс берсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Премьер-министр де, мейлі, кім болсын, заңнан биік емес.

Қырғыз ұлты сөйтіп тізгінді қолына алды. Бәрі де – анық. Сайлау – әділ. Қырғызды бүлікшіл санауды қойсақ керек-ті. Билікте бір отбасы отырмаса, жасырын ештеңе жасалмаса – кез-келген жұрт тыныш һәм еркіндікте өмір сүрмек. Ұзағынан сүйіндірсін! Азғындық жайлаған қоғам – сыздауық. Сыздауықтың соқтасын шығарғанда қан бірге ағады. Ірің кетіпті. Ұлт бойына осы конституция арқылы жаңа қан құйылмақ.

Біз де жаңарсақ екен. Біздің қазақ украин мен қырғыздың алаңға анда-санда шығып тұратынын бірден бүлікке жориды. Ажырамас құқы екенін ұққан емес. Конституция туралы ешқашан ойланбаған су жүрек қазағым-ай!

kondihul@yandex.kz
XS
SM
MD
LG