Accessibility links

Қазақ интернеті неге дамымай жатыр?


Қазақ блоггері Аршат Оразов
Қазақ блоггері Аршат Оразов
Осы сұрақ соңғы кезде мода болып кетті. Осы мәселемен түрлі семинар, ТВ-де бағдарламалар болып жатады. Ол жерде не деп шешкендерін білмеймін. Бірақ мен сіздерге өз вариантымды ұсынайын.

1. Мамандардың жоқтығы

Иә, қарапайым ғана жауап. Мамандар жоқ бізде сайт жасайтын. Мен, мысалы, сайт жасаймын. Бірақ осы істің маманы емеспін, мамандығым туризм болса да қолымнан дайын программа, скрипттермен жұмыс істеу, қазақшалау келетін болғандықтан осыны кәсіп қылып, өз бетіммен үйренушілерденмін. Танымал сайт жасаушылар Бақытнұр мен Жанарбек, атыраулық Марат пен Алмас та кәсіпқой вебмастерлер емес. Барлығы да өз ұлтын, тілін сүйетіндер. Энтузиасттар.

2. Жақсы хостинг болмауы

Қазақстанда хостинг беруші компания көп. Бірақ көбісінің техникалық қолдауы нашар. Сайт ісіне қатысты көп скрипттер хостингке орнатылғаннан кейін автоматты түрде жұмыс істеуі керек. Бірақ хостерлер берген хостингтерінде көп нәрсеге тосқауыл қойып қояды. Сондықтан көп нәрсені қолмен жасауға тура келеді. Яғни көптеген скрипттерді біздің хостингтерге қою мүмкін емес. Мысалы, жақында ашқан жобам Кездесу сайтын бастапқыда отандық серверде бастағам, сайтты сервер көтере алмады. Нәтижесінде ресейлік серверге көшіп кеттім. Жоғарыдағы пунктте айтқанымдай серверлерге де қарай алатын мамандар жоқ. Техқолдауға хабарласып хат жазсаңыз, жауап алудың өзі мұң.

3. Ақшаның барлығы

Әдетте сіз бір жобаңызды көрсетіп жоғарыдағыларға барсаңыз, «ақша жоқ» деген жауап аласыз. Құр сөзбен немесе «сізге тегін хостинг берейік» деген сөзбен шығарып салады. Шын мәнінде менің ойымша олай емес. Ақша жоқ емес – бар. Ал ол ақша дұрыс жерлерге жұмсалмай отыр. Мысалы қазір соңғы күндері шу болып кеткен Қазконтентті алайық. Сайттарына кіріп көрсеңіз, бүгінге дейін жасаған 3 жобалары бар екен: Bnews.kz және видео портал Kaztube, сосын сайттарға тегін хостинг беру жобасы. Алғашқы екі сайтты мүмкін естіген шығарсыздар, бірақ кірмейтіндеріңіз анық қой? Яғни танымал сайттар қатарына кіргізе алмайсыз. Соңғы жобалары интернетте көп айтылып, жақсы пиар жасалып жатыр. Тегін нәрсе болғасын, әрине, позитив қабылданады.

Ал сіз осы АҚ-ның сайтына кіріп, Мемлекеттік сатып алу бөліміне кіріп, 2010 жылға арналған сатып алу жоспарын қараңызшы. 2500 тг тұратын доменнің өзіне 75 мың ақша бөлінген. Жоғарыда аталған 2 сайтты модернизациялау үшін 6 миллион, ал Ilike.kz деп аталатын қоғамдық желіге 35 миллион бөлінген. Осы сайттың пиарының өзіне 3 миллион, ақпараттық қауіпсіздік нормативті документтеріне 6 762 000, техникалық қолдау қызметтеріне 9 миллион, эксклюзив видеоларға 3 750 000 тг қаржы бөлінген. Басқа пункттерді өзіңіз қарап көріңіз.

Айтайын дегенім – былай білетін адамға бұл қызметтер мұншама ақша тұрмайтыны белгілі ғой. Мысалы ilike.kz деген сайтты мен қазір тегін пиарлап жатырмын, ал сіз бұрын естідіңіз бе? Әлде дайын емес пе әлі? Негізі жылдың басында айтып еді бұрынғы Ақпараттану және Байланыс агенттігінің басшысы «наурыз-сәуір айында алғашқы қазақстандық қоғамдық желі ашылады» деп. Қазір айлардан маусым, жаз болды көктем кетіп. Айтайын дегенім ақша бар, жұмсалып жатыр. Бірақ бұлар барлығы виртуалды, электронды болғандықтан істелетін қызметтерді қолмен көрсетіп дәлелдеу қиын. Бұл қаланып жатқан кірпіш емес, төселіп жатқан асфальт емес. Бұл виртуал!

4. Орыстық

Сіз қазақтар ашқан ірі компьютер фирмаларын көрдіңіз бе? Ал хостинг компанияларын ше? Жалпы, компьютер, ІТ саласында жоғары жақта – орыстар. Осыған қатысты барлық жерде – орыстар. Тіпті осы айналадағы түрі қазақтар да – орыстар. Орысша сөйлеп, орысша ойлайтын адамды мен орыс деп санаймын. Бойында ұлтшылдық, намыс болмағасын бұлар ешқашан «қазақ интернеті неге дамымай жатыр» деп те ойламайды. Қазақша сайттар мәмбеттердің сайты сияқты болып тұрады. Жасай алатын болса да, ешкім қазақша сайт жасағысы келмейді. Біз сияқты шамалы болса да тырысып жүргендерді кекетіп, мұқатып, мазақ қылуды ғана біледі. Қазнет деп KZ доменіндегі барлық сайттарды ойлайды. Ресейлік атақты дизайнер Артемий Лебедев былай дейді: «Рунет тек Ресей Федерациясының шекарасымен шектеліп қалмайды. Рунет – бүкіл орыстілді интернет».

Яғни біздің мәңгүрттер соншама ақша бөліп Қазақтың Қазнетін емес, орыстың Рунетін дамытып жатыр. Мейлі домені com болсын, kz болсын, info болсын, тілі орысша болғасын, демек бұл – Рунет.

Қорытынды

Жоғарыда айтқандарымды қорытындылай келе, менің қолымда болса, былай істер едім: Қазақша сайттар жасап жүрген жігіттердің (Бақытнұр, Жанарбек, Алмас, Марат, Ерлан Оспан, Асхат Еркімбай) бәрін жинап бір жерге, бар жағдайды жасап, айтар едім «...инетте бір біріңді көре алмай қырылыса бергенше, бірігіп бірнеше жоба жасаңдар қазақша» деп. Жұмыла көтерсек жүк те жеңілдеп, бірнеше тамаша жобалар ашылып, Қазнет өзінің ана тілі – қазақша сөйлей бастар еді.

http://blog.arshat.kz
XS
SM
MD
LG