Accessibility links

Үрімжі әуежайында


Ығы-жығы. Алға ентелеп, дедектеп ұмтылған жұрт. Адамның бетіне бір, төлқұжатына екі қарап тесірейген көзілдірікті тексерушінің қимылы тіптен сабырлы. Асықпайды. Қызыл белдеуден өткізген әр жолаушысына ілтипат қайтаруды да ұмытпайды.


Ұшуға әлі бір сағат уақыт бар болса да, жау қуғандай жүгірген ел тексеруші қытайдан өте сала ары қарай емпеңдейді. Қызыл белдеудің бергі бетіндегілер оларға қызыға қарайтын сияқты...

Бергі бетте, яғни шетел жақта, жұрттың соңында мен де тұрмын. Елге қайтпақпын. Алақандай қағазға кеден рәсімін толтырып бола бергенімде тарпылдаған тәпішкелер мен ентіккен адамдардың дыбысы кері қарауға мәжбүр етті. Мен ғана емес, алдыңғы жақтағы тексеруші қытайға үздіккен тағы біраз адам ошарыла бұрылды...

Үстілеріне («жолға ыңғайлы, спорттық үлгіде» деп түсінгеннен киген-ау) тыртысқан тар, қызылды-жасылды киім киген екі қазақ әйел әуежайдың ұзын терминалын кесіп өтіп бізге жетіп қалыпты. Орта жастарда. Екеуі де етжеңділеу келген. Асығып жүгіргендері бар, жетектерінде арбалары, арқалаған сөмкелері бар – екі иықтан демалған қос жолаушының «ыңғайлы киімдері» аса ыңғайлы еместігі байқалады. Алғашында «бір қызықтан құр қалмайық» дегендей кері қарап жапырлаған алдыдағы жұрт: «Е, өзіміз сияқты біреулер екен ғой» деген көзбен қайта бұрылып, тексеруші қытайға тесілуге кірісті. Мен де бұл кісілерге амандасқанның ишаратын жасап болып, өз жайыма тұра бермек едім, екеуі сұрақтың астына алды: «Алматыға ма? Пәленшесінші рейс пе?..» Соңғы боп тұрған соң – осы. Білгенімше жауап беріп жатырмын...

Екеуі кешікпегендіктеріне көздері анық жеткеннен кейін, жаңағы өрт сөндірген қалыптары бәсеңсіп, күле сөйлеп, дабырлап әңгіме айта бастады. Әуелде «отбасы мен әулетін тісімен сүйреп, асырап-бағып жүрген саудагер қазақ әйелдері ғой» деп болжағанмын. Қателесіппін.

Екі әйелден кейінгі болып, кезектің соңына жасамыстау келген қытай жігіті келіп тұрды. Қолында портфель. Ресми киінген. Біз сияқты, немесе біздің алдымызда сыра ұрттап шуылдап тұрған орыстар сияқты емес – жинақы, буыншақ-түйіншектері жоқ. Осы қытай жігіті келгеннен соң екі әйелдің ересектеуі ығысып, оған аздап ишарат танытты. Танитын адамдай. Сосын маған қарап:

– Мынау аздап орысша біледі екен. Осының арқасында өттік, – деді. Мен таң қалған рай танытсам керек: – Өзі бизнесмен екен. Алматыда бизнестері бар екен. Жаңа жүк өткізген кезде біздің заттарымыздың весы асып кетті ғой... «Бес жүз юань төле» дейді аналар. Осы қытай артымызда тұрған, қолында түк жоқ. «Сіз өз атыңыздан менікін өткізе салыңызшы» дедім. «Нет, не надо» дейді. «Алматыда істейсің бе?» деп сұрадым. «Иә» дейді. Мен акиматта істеймін ғой, горакиматта, завотделмын, корочкамды көрсеттім. – Жолаушы әйел қалтасын қарманып «корочкасын» маған да бір көрсетті: – Корочкамды көрсеттім де, «маған кел, мен де саған көмектесем» дедім. Телефонымды жазып бердім...

Ары қарай тыңдағым да келмеді. Кезек тезірек жылжи бастады. Жұрт ағытқан қойдай шұбап барады. Екі әйел де құнжыңдап, менің соңымнан арбаларын сырғанатып, көзілдірікті қытай тексерушісінің алдынан өтті. Менен озып та кетті. Сампылдап сөйлесіп, күліп қояды. Қалтадағы «құдіретті корочканы» қайда жүрсе де кәдеге асыра алатын өз ептілігіне сүйсінетін сыңайлы.

Кенет желкем мұздап кеткендей болды. Тоқтай қап бұрылдым. Ту сыртымда аяңдай басып жаңағы қытай бизнесмені келе жатыр екен...

ospanraqymbek@gmail.com
XS
SM
MD
LG