Accessibility links

Қазақ емессің бе! Намыс қайда?!


3 қыркүйек күні ел құрамасы футболдан Еуро-2012 іріктеу ойындарын бастады. Алғашқы ойынды түрік ағайындарымен өткізіп, 0:3 есебімен жеңіліп қалғанымыз белгілі (Гол соққандар: Арда Тұран – 24 минут, Хамит Алтынтоп – 26 минут, Нихат – 76 минут).

Қазақстанның бас бапкері, неміс маманы Бренд Шторк «жақсы ойнадық» дейді. Шамасы, ол осыдан бес жыл бұрын түріктермен ойнап, 0:6 болып ойсырай ұтылған есеппен салыстырып отырса керек. Алайда, түріктер осы жолы гол соғатын көптеген мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алмағанда есептің сол бес жыл бұрынғы жағдайды қайталауы ықтимал еді.

«Матчта гол соғатын моменттер көп болды» деп көкірек соғады Бренд Шторк. Осы сөз кейінгі кездері Шторк мырзаның үйреншікті сөзіне айналып бара жатқан секілді. Әрбір жеңілістен кейін айтары – осы.

Қарап отырсаңыз, алаңға шыққан қазақстандық 11 ойыншының тек екеуі ғана қазақ ұлтынан екен. Нұрбол Жұмасқалиев пен Азат Нұрғалиев. Сонда «ұлттық құрама» деген атауды иеленіп тұрып, тым болмағанда өз ұлтымыздан жарты команданы жасақтай алмағанымыз ба? Бұл – елдің футбол федерациясы басшылығында отырған азаматтарымыздың ұлттық рухының төмен екенін көрсетеді. (Тіпті жоқ та шығар)

Командаға рух пен дем беретін капитанның өзі басқа ұлттан болған соң не айтасыз. Ойыншыларды бастап шығатын бір қазақтың қара домалағы табылмады ма? Әлде бұл бас бапкердің немесе федерацияның «салиқалы» саясаты ма?

Самат Смақовтың ұлттық құрамаға тартылмайтынына таңмын. Шынын айту керек, қазақстанда дәл қазір Самат пен Нұрболдай футболшы жоқ. Саматтың алаңға шығуының өзі жанкүйерлер ғана емес, футболшылардың өзіне де дем беретіні жасырын емес.

Сонда «бұларда доп тебе алатын қазақ баласы жоқ» деген пікірді ұстана ма Бренд Шторк мырза? Федерация басшылығы қазақ футболына сондай жанашырлық танытса, Швеция мен Голландияда, көршілес Қытайда жарқырап жүрген қазақ балаларын елге шақырып, азаматтық беріп, құрамаға тартса, сосын осындағы футболшыларымыздың ішіндегі қаракөз жігіттерімізді қосса – бір емес, екі команда шығып кетер еді.

Жақында Ресейден Попов, Германиядан Шмидтгаль дегендерді құрамаға алды. Түріктерге қарсы кездесуде екеуі де алаңға шыққанымен, қазақ жігіттерінен асып бара жатқан бәлендей кереметін көре алмадық.

Менің ойымша, қазақ футболына намысты рухты жігіттер керек. Сосын алаңға шығарып, «Қазақ емессің бе! Намыс қайда?!» деші: одан кейін ойнамаса, қазақ футболында болашақ жоқ деп есептей беріңіз.

Бұған сіз не дейсіз?

alash_76@mail.ru
XS
SM
MD
LG