КУРТ ВЕСТЕРГААРД – СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ҚОРҒАУШЫ
Германия канцлері Ангела Меркель сәрсенбінің кешінде сөз бостандығын қорғаушыларға арналған сыйлықты даниялық карикатурашыға тапсырады деп хабарланды. Оның Мұхаммед пайғамбарды бейнелеген суреті дүние жүзі бойынша наразылық тудырған еді. Меркель Берлин маңындағы Потсдам қаласында даниялық карикатурашы 75 жастағы Курт Вестергаардқа сөз бостандығын қорғаушы сыйлығын салтанатты жағдайда тапсырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығыс Германияда туып-өскен Меркель бұл аймақтағы коммунистік режим кезіндегі қудалаулар өзінің есінде қалғанын айта келе, германиялықтар бостандықтың не екенін ұмытпауы тиіс деген.
Бұл шараны ұйымдастырушылардың бірі Сабина Заззе Вестергаардқа бұл сыйлық оның баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығын сақтау жолындағы әрекеті үшін, әрі өзіне қарсы исламшыл экстремистердің шабуылынан қорықпай демократиялық құндылықтарды қорғағаны үшін беріледі деді.
«Курт Вестергаард өзін біреудің өлтіруге қақысы жоқ екенін танытқан ұстанымымен баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығының символына айналды. Өлтіру қаупі біздің мәдениетімізде жоқ. Сол себепті біз адам құқықтары үшін күресеміз. Демократиялық жағдайда бұл түрлі пікірлер мен талқылауға негіз болатындай болуы керек».
Жобаны жүзеге асырушылардың бірі Заззенің пікірінше, адамдардың өз пікірін еркін білдіргені үшін қорқыту арқылы қоғамдық талқылаудағы мәселені тоқтатқысы келетіндер мәдени даму мен қоғамның алға жылжуына қарсы жұмыс жасап жатқандар:
«Бұл сыйлық біздің қоғамымызда баспасөз бен сөз еркіндігі өте маңызды екенін танытқан адамға арналады. Қандай жағдай болса да біз осы үшін күресуге бармыз. Қарумен емес, тіл қаруы және сыйлықтар арқылы күресеміз».
ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Полиция өкілі Руди Зонттаг сыйлықты тапсыру салтанаты өтетін жерде қауіпсіздік шарасы қажетті жағдайда қадағаланады деді.
2005 жылы исламшыл экстремистердің әлемдегі бірқатар шабуылынан кейін Еуропада қоғамдық талқылаулар Ислам қанды қақтығысты қолдайды ма деген тұрғыда өрбіген. Осы кезде шығармашылық позициясын танытқысы келген карикатурашы Вестергаард Мұхаммед пайғамбардың басына сәлденің орнына бомбаның суретін салып қойған.
2006 жылы келеке суреттен кейін мұсылмандар наразылығы күшейіп, жаппай қарсылық шараларына ұласқан. Оның шарықтау шегі тіпті Дамаск пен Бейруттағы Дания елшіліктеріне өрт қоюға дейін жетті. Нигериядағы қақтығыста ондаған адам қаза болған. Ауғанстанда да шерушілер қақтығысқа барып, адам шығыны болды.
2008 жылы 20 шақты даниялық басылым ислам елдерінің наразылығына түрткі болған ол карикатураны қайта басып шығарған соң, Судан, Мысыр, Пәкістан, Индонезия және Ауғанстан сынды мұсылман елдерінде наразылық шаралары көбейді.
ДІНДІ ҚҰРМЕТТЕУ МЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ
Мұхаммед пайғамбардың суретіне қатысты жанжал сөз бостандығы мен дінді құрметтеу арасындағы күреске түрткі болды.
Әсіре діншіл мұсылмандар пайғамбардың суретін салып, оны мазақ ету - асылық жасау, мұндай қылмысты шариғат заңы бойынша қатаң жазалау керек деп қарады.
Бірақ Ислам дінінің сыншылары Ветергаардтың карикатурасына қатысты ислам экстремистерінің ұстанымы суретшінің мұсылмандар шынымен де “қақтығысқа бейім” деп айтқанын дәлелдеп отыр деді.
Маусым айында Вестергаард әріптестерінің өміріне қауіпті азайту үшін өзі жұмыс істейтін даниялық газеттен зейнетке шығатынын хабарлаған. 2009 жылдың қарашасынан бері газетке шабуыл жасауды жоспарлаған екі адам Чикагода қамауға алынды. Қаңтар айында 28 жастағы сомалилік бір мұсылман Вестергаардтың үйіне терезесінен кіріп, пышақ сұғып, балтамен шауып өлтірмекші болған. Бірақ Вестергаард өзіне жасалған қастандықтан аман құтылып кеткен.