Accessibility links

«Қара жорға» болмаса...


Арыстан Шәдетұлы деген азамат қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаны» билеп жүр. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Арыстан Шәдетұлы деген азамат қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаны» билеп жүр. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
«Қара жорға» десе, көз алдыма ең алдымен бала күнімде көрген, есік пен төрдей керілген, өзге жылқыларда көш ілгері биік, түсі қап-қара жылтыр, керемет сұлу жылқы елестей кетеді...

Әкем осы жылқыны құлынды бие беріп айырбастағысы келіп қатты қызыққан. Сұлу әрі тайпалған майда жүрісті қара жорғаға мініп алып, «бір кесе су берші» дейді анама. Әлгі кесе толған суды қара жорғаның үстінде ұстап отырып тайпалған майда жүріспен бір айналым жасап келіп:

– Бәйбіше қарашы бір тамшы да су төгілген жоқ, – деп кесесін ұсынып қояды.

Ағаларымды кезек-кезек мінгізіп, сыртынан сүйсініп қарап:

– Пай-пай шіркін жүрісін-ай, – деп тұратын.

– Еркек мал жиып сен байымассың, – деп кейиді анам.

Бұның алдында да әкем бір бәйге атты айырбастап алған еді. Оның үстіне үйде екі құла ат, екі сұр ат бар болатын (түстерінің ерекшелігіне қызығатын).

Сол ерекше жаратылған сұлу қара жорға көз алдымнан әлі кетпейді...

Кейінірек ауылымызға Моңғолия жерінен қандастарымыз көшіп келе бастады. Бастабында бірталай шаңырақ келіп еді, кейін 3-4 отбасы ғана ауылымызда тұрақтап қалды. Сол қандастарымыз өздерімен бірге «Жорға тай» деген керемет ән ала келді. Сол әнді домбыраға қосылып желдіре жөнелгенде сол баяғы қара жорғаға мініп, желіп бара жатқандай күй кешетінмін. Жайлауды сағынатынмын, қиял құсым шарықтап тауды аралайтын, өйткені әкем де, қара жорға да жоқ болатын...

Арада біршама уақыт өтіп, Қытайдағы да қандастарымыз да ат басын атажұртқа бұрды. Ол жақтан әдемі сарынмен ән боп төгілген, би болып өрілген «Қара жорға» әнін ала келді. Қалың қазақ жоғалғаны табылғандай осы әнді биімен қоса тез қабылдады.

Қазіргі той-думан «Қара жорғасыз» өтпейтін болды. Қытайдағы қандастарымыз осы биді бір сәтте мыңдаған адамның қатысуымен билеп, рекордтар кітабына енді. Еліміздің кез-келген қаласында орталық алаңдарда мейрам күндері «Қара жорғаны» қауым боп билеу әдетке айналып бара жатқандай. Тіпті, жүрекке жақын, табиғатымызға сай.

Балабақшаға баратын 6 жастағы балам осы биді нақышына келтіре билеп жүр. «Кім үйретті?» десем:

– Біз күнде таңертең осы биді билеп, таңғы жаттығуды жасаймыз, – дейді.

Атадан қалған мұра ретінде «Қамажайдан» басқа биді білмейтін қазаққа «Қара жорға» жоғалғаны табылғандай әсер етті. Кейбіреулер «қазақта би өнері болмаған» деп жорамалдап жүргенде қанымызда бұғып жатқан ұлтымызға тән бидің бар екенін әлемге айтып жар салып жатырмыз. Би өнерінен бойын аулақ ұстайтын қазақ қазір осы биге үйір боп алды. Тіпті, жас-кәрісіне қарамай-ақ, бала-шаға, кемпір-шал елітіп, буын-буындары былқылдап билей жөнелетін болды. Өйткені «Қара жорғаның» ырғағы еріксіз елітіп әкетеді.

rubin-ma@mail.ru
XS
SM
MD
LG