Royal Festival Hall («Ройал Фестивал Хол») концерт залының лық толуында бұл жолы өзгеше сыр бар еді. Біріншіден, көзінің тірісінде-ақ классикалық музыканың әлемдік деңгейдегі көрнекті тұлғаларының біріне айналған Карл Дженкинс The Armed Man («Мұздай қаруланған жан») атты мессасының 10 жылдығын атап өтті. Екіншіден, композитор «Шәкерім» атты жаңа симфониялық шығармасының халықаралық премьерасын ұсынды.
РУХАНИ ҚАРУ
Карл Дженкинстің айтуынша «Мұздай қаруланған жан» - оның осы күнге дейін жазған ең маңызды шығармасы. Бұл мессаны композитор Косово соғысының құрбандарына арнап шығарған екен. Жаңа мыңжылдықтың қарсаңында дүниеге келген музыкалық туынды қантөгіске толы адамзат тарихының тағы бір парағы аударылып түскенде бұрынғы қателіктерді қайталамай, жер бетінде бейбіт заман орнатуға үндейді.
Ұлыбританиялық композитордың ерекше назарын аударып, симфониялық шығарма жазуға түрткі болған тағы бір тарихи тұлға – қазақ ішінде өткен көрнекті философ-ақын Шәкерім Құдайбердіұлы (қате транскрипция жасау кесірінен қазіргі тарих пен әдебиеттану саласында Шәкәрім деген де атпен белгілі). Шәкерімнің шығармаларына өзек болған адамның өз ішіндегі зұлымдықпен күрес туралы негізгі ой Карл Дженкинстің соңғы жылдардағы ішкі ізденісімен үйлесім тапқан сияқты.
«Шәкерім» симфониясындағы негізгі партия Ұлыбританияда тұратын талантты қазақ скрипкашысы Марат Бейсенғалиевтің еншісінде. Шығарманы вокалдық жағынан сүйемелдеген – Ұлыбританияның ұлттық жастар хоры. Қазақстаннан арнайы шақырылған үш музыкант – сазсырнайшы Анар Қасымова, домбырашы Асқар Сұлтанғазин және шаңқобызшы Еділ Құсайынов этникалық ажар қосқан. Симфонияны тұтастай Мая Ивабучи жетекшілік ететін Лондон Филармония оркестрі орындап шыққан.
ШЫҢҒЫСТАУДАН - ЛОНДОНҒА
Шәкерімнің сырлы поэзиясы мен мұңды әндері Уэльсте туған ұлыбританиялық композитордың классикалық музыка әлеміне қалай енгені өз алдына жеке әңгіме. Шәкерімге арнап шығарма жазу идеясын Карл Дженкинске ұсынған – Шыңғыстау өңірінің тумасы, Лондонда тұратын қазақ меценаты Медғат Құлжанов. Бизнесменнің айтуынша он жасар бала кезінде әкесі оған Шәкерімнің жырларын жаңартып көшіртіп отырады екен. Басында бұл тапсырманы қиынсынып, ер жете келе өзі де Шәкерім поэзиясына ғашық болған Медғат Құлжанов философ-ақынның шығармашылығын барынша кең насихаттауды мақсат тұтыпты.
Марат Бейсенғалиев (скрипкашы) мен Карл Дженкинс (дирижер) "Шәкерім" симфониясының тұсаукесерінде. Ройал Фестивал Хол, Лондон, 31 қазан 2010 жыл
«Әкемнің достары Мұхаметкәрім мен Ниязбек ақсақалдар кеш түсе біздің үйге келіп, есікті мықтап жауып алып, Шәкерімнің жырларын оқып, әндерін айтушы еді, - дейді меценат, - Менің ендігі арманым - өз балам Шәкерімнің жырларын көкірегіне көшіріп алса болғаны».
- «Шәкерім» - менің Қазақстанға қатысты жазған үшінші туындым. Осы елге қатысты жобалармен шұғылданып жүргеніме оншақты жыл болды, - деді Карл Дженкинс Азаттықтың тілшісіне.
Ал аталмыш симфониядағы жетекші партияны орындап шыққан белгілі скрипкашы Марат Бейсенғалиев ұлыбританиялық композитордың Шәкерім тақырыбына бірден ден қойғаны туралы былай деді:
- Дженкинс мырзаның Шәкерім туралы айылған әңгімелерден соң осы тақырыпқа ерекше құмартып, бірден келісім бергеніне таң қалдым, әрі қатты риза болдым.
Қазақ мәдениетін жаңа қырынан танытқан «Шәкерім» симфониясының премьерасына жиналған жергілікті өнерсүйер қауым Лондондағы үш мың орындық Royal Festival Hall-да ине шаншар орын қалдырған жоқ.