Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 5-і күні Экономикалық және қаржылық қылмысқа қарсы агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады. Қазақстанның коррупцияға қарсы қимылдарын әлем жұртшылығы керемет бағалайтынын айтқан Назарбаев қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының осы істі жиі сынайтынын да сөз қылды.
Президенттің пікірінше, «құқық қорғау орындарының шамасы «шабақтарға» ғана жетеді» деседі екен қазақстандық БАҚ. Бірақ, ірі қылмыскерлер қолға түскен кезде қиян-кескі қарсылық танытып, құқық қорғау орындарын жамандап, коррупционерлерді қорғаштайды екен.
– Бұған арандап қалмауымыз керек. «Коррупция туралы» заң қабылданған кезде қатал күрес боларын ескерткенмін. Құқық қорғау орындарын бір-бірімен араздастырып, бір-біріне сенбестік тудыруды көздейтін өсек-аяң мен арандатуға ермей, бұл істі ақырына жеткізуіміз керек, – депті Нұрсұлтан Назарбаев.
«КЕЙ ГАЗЕТ...»
Ертеңінде (6 қараша 2010 жыл) «Егемен Қазақстан» газетінде жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Сақта қазақ бірлігін!» деген мақаласы жарық көрді.
Сөзді әріден, Бұқар жыраудан бастаған жазушы «одан бері қазақтың басынан не өтпегенін» айта келе: «Енді бізге не керек?» деген төте сауал қояды да: «Ең алдымен дербес мемлекетімізді жан-жақты нығайту керек» деп жауап береді. «Ал ол үшін не керек? Ойланбастан айтарым: «Сақта қазақ бірлігін!» дейтін мақсат-мүдде керек».
Жазушының ойынша, сол бірлікті бұзбау үшін бұқаралық ақпарат құралдары «кемшілікті, жемқорлықты, сыбайластықты, алауыздықты, елге зияны тиетін әрекеттерді аямай жазғанда» «әлдекімге өшігіп, ызаланып, кектеніп жазу арқылы өз халқын өзі алауыз етіп алмауды да ойлауы қажет».
– Мен әлі ұмыта қойғам жоқ, кей газет бір кезде өңкей шабақтарды жауапқа тартады да, шортандарға тиіспейді деп өкіметті жазғырды, – дейді Бексұлтан Нұржекеұлы. – Кейін үлкен билік басындағылар жауапқа тартыла бастағанда әлгі басылымдар оларды қорғап тағы шулап қоя берді. Үлкен биліктегілерді ауыздықтау, сөз жоқ, оңайға түспейді. Өйткені, олардың ықпал ету шеңбері тым қуатты әрі кең. Сондықтан олар бір-бірінен өш алу үшін, бүкіл елдің бірлігін шайқалтатын әрекеттерге де барады, барып та жатыр. Соның кесірінен билікке деген елдің сенімі, сөз жоқ, төмендеп кетті…
«ШАБАҚТАР» МЕН «ШОРТАНДАР»
Президенттің қарашаның 5-і күні Қ.Қожамжаровқа айтқан сөзін теледидардағы кешкі жаңалықтан ести сала (әйтпесе кім айтыпты?) көлемді мақала жазып, оны «Егемен Қазақстанға» апарып, түні бойы терімге беріп, таңертең «Казахстанская правда» газетіндегі Назарбаевтың сөзімен жарыстыра жариялаған жазушының ұтқырлығына тәнті болдық.
Президент пен жазушының сөзі бір жерден шыққанына, кейбір ойларының айна-қатесіз ұқсайтынына да таң қалдық. Таң қалдық да мынандай сауалдарға жауап іздедік:
1. Президент Назарбаев айтқан «шабақтар» кім? Жазушы Нұржекеұлының «шабақтары» кімдер? Олардың бір-бірімен қандай «туыстықтары» бар?
2. Назарбаев айтқандай «құқық қорғау орындарын жамандап, коррупционерлерді қорғаштайтын», Нұржекеұлы айтқандай «үлкен билік басындағылар жауапқа тартыла бастағанда… оларды қорғап тағы шулап қоя беретін» қазақстандық басылымдардың аттарын кім білер екен?
3. «…билікке деген елдің сенімі, сөз жоқ, төмендеп кетті» дейді Б.Нұржекеұлы. Бұл пікірді растайтын қандай дәлел бар?
(Бәзілхан Жұмабай - Алматыда тұратын журналистің лақап аты. Бұл мақалада жазылған оның жеке көзқарасы мен пікірі Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сай келмеуі мүмкін.)