Accessibility links

Референдумның тарихтағы ащы сабағы



2007 жылы бірпартиялы мәжілісті сайлап жібердік. Былтыр ғана Сенаттың біраз депутаты мен мәслихат сайлауын өткізіп тастады. Биыл дамылдаймыз ба деп жүргенде елбасының өкілеттік мерзімін 10 жылға ұзарту жөніндегі референдум өткізуге қиқу қоса жөнелдік. Референдум демекші, оның да тікелей демократияға рең беретіні рас.

Әбжіл тарих соңғы екі ғасырда адам баласы куә болған 799 жалпы ұлттық референдумды тіркепті. Тарқатып айтсақ, Австралияда – 44, Италияда - 43, Францияда -22, Ирландияда - 18, Данияда - 13, Мысырда - 19, Филиппинде – 11 рет ұлттық ауқымда референдум өткізілген. Басқаны былай қойғанда, ТМД елдерінің ішінде Өзбекстан, Түрікменстан, Украина және, Белоруссия президенттерінің құзіретін ұзартамыз деген желеумен референдум өткізіп тастаған екен. Бірақ демократиясы гүлжайнаған ел бола тұра, референдум атаулыданат-тонын ала қашатын елдер бар. Мәселен, азуы алтықарыс Германия. Бұл елдің 1949 жылғы Конституциясынан бері елде плебисцит пен референдум өткізу мәселелері қарастырылмаған.

Өйткені кезінде билікке келген фашистік топтар референдумдар арқылы жымысқы мақсаттарына жетіп, өз өкілеттіктерін заңдастырып алып отырған. Билік басындағы фашистер сыртқы немесе ішкі саясатта күтпеген бетбұрыстар жасау үшін елді алдап-сулап, халықтың дауысымен саяси бағытын легализациялап (заңдастырып) алды. Нацистердің құдіретті үгіт-насихат машинасы әр референдумға бар жан-тәнімен қамданып, жұртты демагогиялық ұрандарға желіктіре білді.

Әр мәселе бойынша референумдарды желеу етіп, бірінші дүниежүзілік соғыста тас-талқан болып жеңіліп, рухы жасып қалған неміс халқының өзгелерге деген ескі кегін қоздыра білді.

Үнемі бүкіл халықтық дауысқа ие болған фюрер Гитлердің құзіреті күшейіп, атақ-даңқы аспандай берді. Халықтан бедел жинап, шексіз билігін нығайтты. Тіпті, Гитлер қызды-қыздымен елдегі референдум нәтижелерін көрші мемлекеттерді оккупациялау саясатын негіздеу үшін де шебер пайдаланып қалды. Алдымен Германия сайлаушыларының 95 пайызы Ұлттар Лигасы құрамынан шығуды қолдап дауыс берді. Гитлерлік Германия халықаралық қатынастарда бейбітшілік үшін шарттардан осылай оғай бас тартты. Фюрердің де күткені осы еді. Көршілерге көз алартып, азуын батыра бастады. Немістердің 98 пайызы референдум арқылы гитлерлік Германияның Францияға қарасты Рейн облысын басып алуын қолдап дауыс берген. Саар жерін, Австрияны Германияның қол астына қосып алу әрекеті де дабыра референдумдар арқылы жүзеге асты. Гестапо агенттерінің қитұрқы қимылдары нәтижесінде үлкен империя құрған австриялықтардың өз тәуелсіздігіне қарсы дауыс бергені тарихта бұрын-соңды болмаған сұмдық оқиға еді. Ақыры гитлершілдердің қаскөй мүддесін күйттеген референдум неміс халқына опа бермеді. Сол себепті қазіргі Германия өткен тарихтан ащы сабақ ала отырып, мемлекеттік ауқымда референдум өткізуді жақтамайды. Яғни ол елде тікелей дауыс беру процедурасы қолданылмайды. Осыдан кейін референдум деген науқанға екі шоқып, бір қарау керек екен.

Дей тұрғанмен, қайта-қайта сүреңсіз сайлау өткізе бергенше, біржола он жылға жетерлік референдум өткізе салған жөн бе деп қаласыз. Ақыры сайлауға қарағанда, референдумға кететін қаражат үнемделеді екен, айқай-шудан құлағымыз тынышталады екен. Ресей соңғы кездері айналасындағы елдердің сайлау ісіне жасырын араласып, үміткерлерді бір-біріне айтақтаудан аянып жүрген жоқ. Орыс братына өкпешіл Батькаға тісі батпаса да, Украинада ресейшіл президенттің сайлануына еңбек сіңірді. Елдегі қаптаған олигарх, миллиардерлер сыртқы алпауыттар данқолпаш көрсе, қоқиланып шыға келеріне кепіл жоқ. Бұл да бір қауіп. Қаласақ та, қаламасақ та референдумға барамыз ба, қайтеміз?!!
XS
SM
MD
LG