Accessibility links

Елбасымыз өлді ме?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеше ғана «Референдум – Назарбаевты орға итеру» деген мақала жазып едім. Ой, тәйірі-ай, бұл заман өзі не боп бара жатыр, а? Референдумнан бас тарта салып елбасымыздың аяқ астынан кезектен тыс сайлауды тағайындағаны несі өзі?

Керек болса, әнеугі референдумынан да бетер шаруа екенін көзі көрмей, жүрегі сезбей, ақылы жетпей тұрғаны ма сонда, байғұс, мүйізі қарағайдай ардагеріміздің (соңғы сөзді «зейнеткерлік жасқа келген шалымыз» деген мағынада қабылдауыңызды сұраймын)?

Бұл не сұмдық, ағайын? Түк түсінсем бұйырмасын. Абай атамыз «мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін» дегендей, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шынымен қайтыс болған ба? Апатқа ұшыраған ба? Ауыр науқастан болдырып хәл үстінде жатыр ма? Масқара қылмысты боп тақтан түсірілді ме?

Осы жоғарыда айтылған дәлелдерден басқа бір себеп болу мүмкін бе өзі кезектен тыс сайлау үшін? Кеше ғана Олжас бас болып, «жепұтаттарымыз» бір ауыздан қолдап, «сайлау дегеніңіз – жатқан шығын ғой, ақша шығыны, жүйке шығыны» деп безектеп, зәре-құтымызды қашырған емес пе? Абай айтқан «қырқын мінсе қыр артылмайтұғын қырт мақтанның» көкесін бізге көрсетіп... «Ойбай-ау, енді қайтейік, бұлардыкі де жөн шығар» деп қала жаздаған кезімізде басымыздан жай түсіргендей етіп жібергені не сандырақ?

Не десең де, ағайын, меніңше, бұның тек бір нақты себебі бар. Осы президентіміздің айналасы елбасымыздың көзін құртпай тынатын түрі жоқ сияқты! Анық сол. Басқаша болу да мүмкін емес. Тек тап осы. Неге десеңіз, әр сөзі, әр әрекеті, әр бастамасы – есі бүтін, ниеті түзу, мақсаты айқын іс-шаралар емес. Жаулық бұл, анық жаулық, президентімізге жаулық...

Ұлт көсемі дедік. Қай ұлттың көсемі? Орыстың ба? Олардың өз көсемдері артылып жатқан жоқ па? Қазақтың ба? Сонда бастан-аяқ орысша шүлдірлеп, қазақша тек «амандасу» мен «қоштасуды» айтқан адамның «қазекең мені елейді» деп алданғанына кім сенеді?

Референдум дегені – ор қазу дедік. Оны конституциялық кеңес те өзінше қоштағандай да болды.

Енді «кезектен тыс сайланамын» деп өзі бастамашы болып және де қайтадан ата заңымызды белден басып, конституциямызды өрескел бұзып. өзінің «өлгенін» бүкіл дүние жүзіне жарияламақ болғаны – қай ақылға сияды, қай саясатқа жатады, қандай себеппен іске асырылады, ағайын?

Меніңше, бұның жауабы – біреу-ақ.

Осы патшамыздың айналасындағылар елбасымыздың түбіне жетпей қоятын түрі жоқ сияқты. Өштескен бе, кектескен бе, білмеймін – бірақ жоймай тынбайтыны анық.

Осыны ойлап анық түсінген соң, «әй, осы бұның түпкі себебі бұқараның қамын ойлау емес пе?» деп те қаласың кей-кейде... Әй, қайдам, ондай кемеңгерлік ұлықтарға қайдан дарысын. Онда не?

«Соны таба алмай өзім де қайранмын» (Абай).
XS
SM
MD
LG