Наурыздың 1-і күні Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова Азаттық радиосына ақпанның 28-і Атбасар қаласындағы 166/4 қатаң режимдегі колонияда бірнеше сотталушы тәндерін тілгілегені туралы мәлімдеді.
8 АДАМ БА, 60 АДАМ БА?
– Сегіз адам қарындарын тіліп тастаған. Әрине, бірден медициналық көмек көрсетілді. Олардың бесеуі ауруханаға жеткізілді. Қалған үш адамның дене жарақаты айтарлықтай ауыр болмағандықтан колонияда қалдырылды. Қазір бес адамдың жағдайы қанағаттанарлық. Себеп – әдеттегідей колония ішіндегі режимді жұмсарту, – дейді Ирина Горнова.
Ақпаратқа қарағанда, сотталушылар денелерін темір төсектің сымымен тілген. Ауруханаға жеткізілгендердің үшеуіне операция жасалынған. «Қазір
Атбасар түрмесіндегі сотталушының зайыбы еріне келіп тұр. Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
барлығының жағдайы бір қалыпты» дейді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілі. – Бұл істі ұйымдастырушы – аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған азамат. Оның аты-жөнін әзірге атай алмаймыз. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, – деді Ақмола облыстық облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова.
Оның сөзінше, қазір колониядағы жағдай қалыпты.
Алайда кезінде Атбасардағы колонияда жазасын өтеген құқыққорғаушы Вадим Курамшин бұл мәліметтердің жалған екендігін айтады.
– Менде «бұл шараға 60-қа жуық адам қатысқан» деген ақпарат бар. Тек алтауының жағдайы тым нашар болған соң оларды ауруханаға жеткізуге мәжбүр болған. Ол алтаудың үшеуіне операция жасала саласымен колонияға қайтарылған. Ал қалған үш адамның өмірі қыл үстінде. Олар - Бағалдин Текиев, Қуаныш Исатаев және Баранов есімді сотталушы. Соған қарамастан, бұл іске қатысқандардың барлығына қатты қысым жасалынып жатыр, – дейді Вадим Курамшин.
Ал Ирина Горнова бұл деректі жоққа шығарып, «Курамшинге сенудің қажеті жоқ» дегенді айтты.
АЙТҚЫСЫ КЕЛЕДІ, БІРАҚ ҚОРҚАДЫ
Атбасар колониясында ақпанның 28-і күні болған оқиғадан нақты қанша адамның жапа шеккендігін анықтау мүмкін болмады. Себебі сотталушылардың туған-туыстары ақпарат құралдарына, әсіресе Азаттық радиосы түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Олар түрмедегі туыстарына қысым жасалуы мүмкін деп қорқады.
– Мен түрмедегі бассыздықтар мен заңсыздыққа қарсы куәгерлік етпек болған азаматтарға түрлі деңгейде қысым жасалғандығын білемін. Сондықтан сотталушылардың туған-туыстары қорқады. Маған Атбасардағы кешегі оқиға жайында сотталушылардың бірінің әкесі хабарлады. Бірақ ол ұлының өмірі үшін алаңдап, ақпарат құралдарына ешқандай түсініктеме бермей отыр, – дейді Вадим Курамшин.
Атбасар колониясындағы ішкі тәртіптің «қыр-сырымен» таныс Вадим Курамшин, «бұл түрмеде заңдылықты сақтау ешкімнің ойына келмейді», дегенді айтады. Колония басшылығынан әрдайым себепсіз ұрып-соғу мен зорлық-зомбылықты көретін сотталушылардың өз наразылықтарын тек осындай жолмен ғана білдіруге мәжбүр дейді құқыққорғаушы.