ЕГІСТІК ЖЕРДІҢ 40 ПАЙЫЗЫ ІРІ ТӨРТ КОМПАНИЯНЫҢ ҚАРАМАҒЫНДА
Қостанай облысы Венгрия немесе Португалияның аумағынан екі есе үлкен, әрі Қырғызстанның аумағындай жерді алып жатқан Қазақстанның жоғары сапалы бидай өсірілетін аймағы. Облыстың экономикасында мыңдаған гектар жері бар ауылшаруашылық фермерлерінің үлесі басым.
Ауылшаруашылық жерлерінің 40 пайызға жуығын ірі төрт холдингтік компания басқарады, оның біреуі 900 мың гектар жерге иелік етеді. Бұл Кипр немесе Пуэрто-Рико мемлекетінің аумағына бара-бар.
Бұл холдингтік компаниялардың жерінде Виктор Симоненко есімді фермер Тобыл өзенінің жағасындағы шағын 350 гектар жерді ғана пайдаланады деп жазады басылым. Бірақ Симоненко екі жыл қиындық көрген өзге фермерлердей емес, өзінің табыс тауып жатқанын айтады. Бірақ нақты табыс көлемін айтудан бас тартады.
Симоненконың табысқа кенелуінің сыры басқада. Өзге шаруа қожалықтары тек бидай егуден әрі аспайды, ал Симоненко картоп, сәбіз, капуста, қызылша, пияз, қызанақ, қияр және қарбыз да егеді екен. Аталған көкөністер тұқымын жылыжайда өсіріп, өзен суымен суғарады. Оның жергілікті жерде Қостанай, Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарындағы үстеме бағамен алып-сататындарға арналған көтерме базары бар.
«Брежнев заманында коммерциямен айналысқаныма бола және жұмысшы жалдағаным үшін сегіз жылға түрмеге түсе жаздадым» дейді 59 жастағы Виктор Симоненко. Ол жер өңдеумен 1989 жылдан, Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып бастаған. Жер өңдеуді ерте бастауының себебін фермер: «Мен елімізге көкөністің қажет болатынын білдім. Оның үстіне, жергілікті билік те кәсіпкерлікті қолдап, ешнәрсе істеген жоқ» деп түсіндіріпті.
Transitions Online бидай жарты ғасыр бойына Солтүстік Қазақстан экономикасының негізгі көзі болып келеді деп атап өтеді. 1950 жылдары Никита Хрущевтың тұсында басталған тың игеру бағдарламасымен Қазақстанның солтүстік аймақтақтарында астық өсіруге негізделген колхоздар құрылған. Украинамен қатар Қазақстан да одақты астықпен қамтамасыз ететін «қамба» қызметін атқарған. Колхоздар кейін жеке шаруа қожалықтарына, ал Совет одағының комбайндары ауа кондиционері, стерео және GPS жүйесі бар жоғары технологиялы, әрі қымбат «Джон Дир» комбайндарымен алмастырылғанын келтіреді Transitions Online. Солай болса да, Қостанай облысының экономикасы әлі күнге дейін біржола бидайға тәуелді күйінде қалып отыр. Өткен жылы барлық егістік жердің 94 пайызына бидай егілген.
АУА-РАЙЫ МЕН БАҒАНЫҢ ҚҰБЫЛУЫ ФЕРМЕРЛЕРДІ ҚАРЫЗҒА БАТЫРДЫ
Басылымның жазуынша, егін бітік шыққан жылдары Қостанай гектарына шаққанда аз өнім алса да, АҚШ-тың Канзас штаты өндіретін бидай көлеміндей өнім жинайды. Алайда, ауа-райы, үкіметтің саясаты және бағаның құбылуы облысты бірде бар, бірде жоқ ахуалға ұрындыра береді.
Оның үстіне, Солтүстік Қазақстан құрғақ, жылына 50 мм ғана жауын-шашын жауатын аймақ. Егістік жер суғарылмайды, сондықтан аймақ соңғы бес жылда екі рет құрғақшылықтан кәдімгідей зардап шеккен.
2009 жылы жауын-шашын жеткілікті болғандықтан аймақта астық мол жиналған (гектарына 20 центнерден). Бірақ, ырғын өнім бағаны арзандатып жіберді. 2010 жылы жаз ыстық болып гектарына 8 центнерден ғана астық жиналып, баға шарықтап кетті. Осы екі жылда біраз фермер шығынға ұшырап, тұқым, тыңайтқыш және құрал-сайманға банктен алған несиелерін төлей алмағанын айтады басылым.
«Шағын және орта көлемді жері бар бидай өсіретін фермерлер қиын жағдайда қалып отыр. Өткен жылы банктен алған қарыздары төленбей, биылға қалып қойды, әрі оны қашан қайтаратындарын білмейді» дейді басылымның мақала авторына сұқбат берген Қостанай мемлекеттік университетінің агрономия саласынының профессоры Шаураб Жемпиісов.
СУБСИДИЯ – СУ ТЕГІНГЕ БЕРІЛЕТІН ДҮНИЕ ЕМЕС
Профессор фермерлердің банктен сонда да болса несие ала беретінін айтады. Себебі үкімет банктерден несиені аз үстемақымен беруді талап етіп отыр. Мемлекет фермерлерге субсидиямен тұқым, тыңайтқыш және дизель береді. «Бірақ бұл – тегін берілетін дүние емес. Өйткені фермерлер ертең жиналған өнімінің бір бөлігін «Азықтүлік корпорациясына» экспортталатын бағадан төмен бағамен сатуы тиіс болады» дегенді айтады Шаураб Жемпиісов.
Совет одағының ыдырауы ауылшаруашылығына субсидия бөлуді тоқтатып, тұрақты нарықты күйретіп кетті. Тек 2000 жылдардан бастап мемлекет субсидия бөліп, астық экспортына ден қоя бастағанда, егістік алқаптарының көлемі күрт ұлғайды. Бүгінде Қазақстан Ресей, Украина, Орталық Азия, Еуропа және Солтүстік Африка нарығына астық экспорттайтын әлемдегі жетінші мемлекеттің қатарында.
Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин (сол жақтан үшінші) Тобыл өзені арқылы салынған жаңа көпірдің ашылуы кезінде. Қостанай, 6 қараша 2009 жыл.
Шаураб Жемпиісов: «Бидай Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды және қаржы көзі болып табылады» дейді. Алайда бидай Қостанай фермерлерін әлемдік бағаның құбылуына тәуелді етіп қойды. Ал бұл үрдіс ауылшаруашылық саласын диверсификациялауға күш салуға итермеледі. Өткен айда Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин 2011 жылы бидай егілетін жер көлемін 94 пайыздан 85 пайызға дейін азайтатынын мәлімдеп, Совет өкіметінің орталықтан жоспарланатын экономикалық саясатын еске түсірді деп жазыпты Transitions Online.
Шаураб Жемпейісовтың айтуынша, ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарында астықты диверсификациялауға жетерлік қаржы-ресурстары болғанымен, шағын фермерлерде ондай мүмкіндік жоқ. «Олардың барлық техникасы мен қоймалары астық жинауға арналған. Жаңа техника алуға қаражаты жоқ, тек бидайдан ғана пайда көріп отыр» дейді профессор.
ӨЗЕН СУЫНА ЖАҚЫН ФЕРМЕР ҒАНА СҮЙГЕНІН ӨСІРЕДІ
Ал Қостанай мемлекеттік университетінің ауылшаруашылығын зерттеу институты директорының орынбасары Алмабек Нұғыманов қазіргі кезде ет және сүт өнімдеріне сұраныс артып отырғандықтан, 1990 жылдары құлдырап кеткен мал шаруашылығын қолға алудың да қиындықтан шығар жол екендігін айтады.
Сұранысты өтеу үшін егін егетін фермерлер малды қоректендіретін жем-шөп түрлерін және тамырлы өсімдіктерді өсіруі керек екен. Алмабек Нұғыманов тек бидайды ғана өсіре беру оған қоса жерді, әсіресе жауын-шашын аз түсетін аймақтың егістік жерін тоздырып жіберетінін айтады. «Жерді тиімді пайдалану үшін бидайды басқа дақылмен алмастырып тұру қажет» дейді ол.
Суғарып тұрса картоп және өзге көкөніс түрлері де жақсы өседі. Қазақстанның өзінде картопқа сұраныс зор екенін айтады Алмабек Нұғыманов.
Симоненко болса астықты аймақтағы ауылшаруашылық революциясының пионері болуға лайық адамдай көрінеді. Ол тек бидайға ғана сүйенбей, ауыл шаруашылығының басқа да саласына төселіп, мамандануға болатынын дәлелдеді деп жазады басылым.
Алайда, профессордың пікірі бұдан өзгеше. Оның ойынша, Симоненко сияқты өзен суларына жақын орналасқан шаруашылықтар ғана судан тапшылық көрмейді. Фермерлерде бұдан өзге құрал-сайман алуға және көкөніс сақтайтын қойма салуға қажет қаражат тапшы. Дегенмен бидайдың әлемдік нарықтағы бағасы артып келеді. Қостанайлық фермерлер биылғы егінжай өнімді және экспортталатын бидай бағасы жоғары болса банктен алған қарыздарын қайтарармыз деп үміттеніп отыр. Ал картоптан пайда түседі дегенге сенбейді.
Виктор Симоненко 2007 жылы көкөністен алғаш өнім алғанға дейін кәуап және өзге де ас дайындау үшін пайдаланылатын пияз Өзбекстаннан және оңтүстік Қазақстаннан тасымалданатын. Фермердің неміс технологиясымен жиналған пиязы арзан, әрі теріле салған күйінде сатылады.
Бір қызығы фермер тек нарыққа ғана сенім артып отыра бермейді екен. Ол жыл сайын тұқым себетін уақытта православ епископынан жерге бата жасап, дұға тілеуін сұрайды. «Қайбір жылы қатты бұршақ жауып, алқапты бүлдіріп кетті. Соның салдарынан картоптан өнім жинай алмадық» дейді Симоненко. Ол биылғы жылы да жұмысын поптың батасын алудан бастайын деп отыр деп қорытындылайды басылым.