«Араб елдерін шарпыған толқулар басталғалы бері бірқатар әйел революцияның символы ретінде сипаттала бастады» дейді маусымның 8-і жарық көрген мақала авторы Несрин Малик.
Йемендік Тавоккол Карман мен тунистік Саида Саадууни осы бір қатаң матриархаттың мысалы болып табылады. Олар «дәстүрге берілген», сол себепті құрметке де бөленген. Хиджаб киетін, діни консервативті көзқарас ұстанатын болғандықтан оларды ешкім өзге саясаткерлер сияқты жемқор, я жеке мүддесін күйттеген адам ретінде айыптай алмайды.
Тавоккол Карман исламдық саяси реформалар партиясына мүше және «сүттей ұйыған отбасында» үш бала тәрбиелеп отыр. Ал жетпістен асып кеткен Саида Саадууни «Тунис революциясының анасы» ретінде саналады.
ДАМАСКІЛІК ӘМИНА
Дегенмен, соңғы кездегі саяси трансформацияға үн қосуға тырысса да, ескерусіз қалған, образы жалпыға жағымды емес әйелдер де бар. Олар «жаманаты» шығып кеткендер ретінде қоғамнан бөлініп қалған.
Бұл топтың кейінгі өкілдерінің бірі – "дамаскілік гей қыз". Әмина атты Дамаскіде тұратын жартылай америкалық, жартылай сириялық бұл блоггер қызды маусымның 6-ы ұрлап кеткен деседі. Оны «бөтен елдің агенті», «алаяқ» деп атайтындар бар. Кейбіреулер мұндай әйелдің бар екеніне де күмән келтіреді. Дегенмен, басқалар сияқты емес, ол адамдардың назарын өзіне аударып, қызу пікірталас тудырды. Блоггер ретінде ол үлкен қолдауға ие болды.
Әминаның өзі: «менің көзқарастарым Америкада маргиналданған шағын ғана араб-мұсылман азшылығының, Сирияда көпшілік саналатын сунниттердің және жыныстық азшылықтың өкілі тұрғысынан танылып жүр" деп жазған.
Оның айтуынша, дәстүрлі қоғамнан бұлайша аластатылудың зияны да, пайдасы да бар. Зияны – көпшілікпен емін-еркін араласу қиындап кетеді. Пайдасы - өмірді өзгелер байқамайтын қырынан көргендіктен, сыни көзқарас қалыптасады.
АРАБ ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ЗАҢЫ
Сауд Арабиясы корольдігі мен араб елдерінің көбінде күйеуімен ажырасу дегеніңіз тыйым салынғанмен бірдей іс болып саналады. Египеттік феминист және адам құқықтары үшін күресіп жүрген Наваль Эль Саадави екі рет ажырасып, үш рет тұрмыс құрған. Навальдің әкесі қуғынға ұшырап, отбасы билік тарапынан шеттетілген.
«Бұндай әйелдер бұларды адам санатына қоспайтындарды жек көретінін бетіне басып айта алады немесе оңашаланудан, тіпті қашып кетуден тайынбайды. Гей немесе лесбиян болу, ажырасу, жесір қалу немесе атеист болу, я болмаса гетеросексуалдылықтың немесе жасанды діни тақуалықтың екіжүзділігін әшкерелеп тастайтын адамдар күнделікті өмірде көптеген қиындыққа ұшырайды.
Бірақ мұның өз пайдалы жағы да бар. Мұндай адамдар өзгелер сияқты емес, онша-мұнша көп нәрсе жоғалтпайтын болғандықан ештеңеден қорықпайды. Өздерін кәпір деп жарияласа да, діни сенімі бар екенін білдіреді (Мысалы, дамаскілік Әмина діннен тыс деп сипатталса да, дінге сенетінін айтып келеді). Адамгершілік қасиеті жоқ деген атақ алса да, жақсы қасиеттерге ие болуға және батыстың агенті деген айып тағылса да патриот болып қалуға тырысады», - дейді басылым.
Мақала авторы: «Араб әлемінің бірқатар жерлерінде тәрбие көріп өскен әйел ретінде бұрынырақта мені мұнда өмір сүрудің жазылмаған өз заңы бар екені қатты таң қалдырды. Ол заң - егер адамның жеке көзқарасы мен сенімі қоғамдық ережелерге сай келмесе, оны қоғамнан бөліп тастайды» дейді.
ТАБИҒАТЫ БӨЛЕК ТОПТАРДЫ ДА ТҮСІНУ КЕРЕК
Басылымның жазуынша араб әлеміндегі қоғам жасанды сыпайылықтан аса алмай келген. Адамдар өзгеше ой айтудан, елден ерек болып көрінуден, сөйтіп қандай да бір айыптауға, я жазаға ұшырап кетуден сескенетін. Қазір араб әлемінің миллиондаған тұрғыны бұл үнсіздікке жан бітірді.
Бірақ осындай аласапыранды пайдаланып, ішіне сыймай келген оқшау ойларын сыртқа түйдек-түйдегімен шығарып тастаған азшылық өкілдерін ертең революцияның қызуы тараған кезде араб қоғамы одан сайын тұқырта бермеу керек деген ой айтады басылым. Бұлар жалпы стандарт ретінде қабылданған саяси-әлеуметтік өмір ағысына ілесе кетпегені үшін айыпты емес және отандарын өзгелерден кем сүймейді дейді мақала авторы.