Accessibility links

Ресейлік диссидент Елена Боннэр өмірден озды


Елена Боннэр. Мәскеу, 10 қазан 1998 жыл
Елена Боннэр. Мәскеу, 10 қазан 1998 жыл

Совет заманындағы белгілі диссидент Елена Боннэр 88 жасында өмірден өтті. Бұл туралы жексенбі күні хабарлаған оның қызы Татьяна Янкелевич анасының Бостондағы үйінде сенбі күні көз жұмғанын айтты.


Елена Боннэрмен қоштасу АҚШ-та өтеді. Оның аманаты бойынша сүйегінің күлі Мәскеудегі ата-анасы мен күйеуі жатқан зиратқа жерленеді.
Елена Боннэр Владимир Путин билігін де қатты сынап, Ресейдегі демократияның қорғаушысы болып келген. Боннэр «Путин кетсін» деген Ресей оппозициясының үндеуіне 2010 жылдың наурызында бірінші болып қол қойған. Ол Азаттық радиосы арқылы да ойларын Ресей қоғамына жеткізіп тұрған.

Радиомыздың орыс қызметіне соңғы рет 2010 жылдың 10 желтоқсанында сұқбат берген Елена Боннэр ақырғы рет өткен жылдың 26 желтоқсанында Мәскеудің Пушкин алаңында өткен "Мәскеу бәріміз үшін" деген митингіге қатысты Азаттық радиосына пікір жолдады. Оны кейін Мәскеудегі митинг мінберінен Виктор Шендерович жиналған жұртқа оқып берген. Боннэрдің отандастарына арнаған сөзінде мынадай жолдар бар:

«Мен - мәскеулікпін, "кавказ ұлтынан" шыққан евреймін. 1941 жылы отан қорғап, 1945 жылы қуаныштан жылағанмын. 1953 жылы “дәрігерлер ісіне” қарсылық таныттым. 1937 жылдың көктемінен бастап, Қарағанды лагерінен анам қашан оралады деп зарыға күттім..."

Бұл хатында Боннэр сыртта тұрса да Ресей халқына тілеулес екенін айтады.

Ол Ресейдегі адам құқын қорғау мәселелеріне тікелей араласып, Хельсинки комитетінің мүшесі болды. Ресейдегі адам құқын қорғаушы белсенді Людмила Алексеева Елена Боннэрдің қазасына қатысты былай деді:

- Ол өте ұзақ, жарқын әрі нәтижелі өмір сүрді. Біз көп жағдайда оның өмірде жасаған істері мен жетістіктеріне қызыға қарайтынбыз. Ол қоғамдық істермен тығыз айналысты, оның адамзат игілігі үшін жұмыс істеуге әрдайым дайын тұратындығы, ерлігі адам қызығарлық болды.

Қазақстандық тәуелсіз журналист әрі адам құқын қорғаушы белсенді Андрей Свиридов Елена Боннэр бұрынғы Совет одағында адам құқын қорғау қозғалысының құрылуына үлкен ықпал етті деп есептейді.

"Елена Боннэрдің қазасы туралы айтқанда, бұрыннан қалыптасып кеткендей, өткен заманның тағы бір адамы кетті деуге болады. Елена Боннэр - СССР кезінде, Ресейде адам құқын қорғаудың негізін қалаған алғашқы құқық қорғаушылардың бірі болды".

"Совет заманында көп қиындықтар мен қудалауларды бастан кешкен Елена Боннэр Путин билігі кезінде Ресейден кетуге мәжбүр болғаны өкінішті",- деді Свиридов.

Елена Боннэр 1923 жылдың 15 ақпанында Түркіменстанда партия қызметкерлерінің отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған. Елена Боннэр 18 жасында соғысқа аттанып, әскери пойызда медбике болып қызмет етеді. Соғыстан соң Ленинградтағы медицина университетінде оқып жүрген оны дәрігерлердің ісіне қарсылық білдіргені үшін оқудан шығарып, кейін Сталин өмірден өткен соң оқуын қайта жалғастырған. 1965 жылы КПСС құрамына өткен Боннэр кейін ол қадамын «өмірімдегі өте үлкен қателігім» деп атап кеткен. 1972 жылы КПСС құрамынан шыққан ол адам құқын қорғау істерімен белсенді түрде айналысты.

Боннэр ханым 1972 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері, академик Андрей Сахаровқа тұрмысқа шыққан. 1980 жылдары Горькиге айдалған Сахаровпен бірге болып, 1986 жылы Мәскеуге күйеуімен оралған. Совет одағының диссиденті болған Сахаров 1989 жылы өмірден озған.

Елена Боннэр өмірінің соңғы жылдары АҚШ-та тұрды.
XS
SM
MD
LG