Accessibility links

Ортағасырлық тамплиерлер орденінің ізбасарлары


Андерс Брейвиктің өзіне телінген манифестпен бірге интернетте жарияланған суреті. 23 шілде 2011 жыл
Андерс Брейвиктің өзіне телінген манифестпен бірге интернетте жарияланған суреті. 23 шілде 2011 жыл

Startfor ұйымы Норвегияда шабуыл ұйымдастырған Андерс Брейвиктің атынан интернетте жарияланып кеткен манифест пен күнделікке талдау жасапты. Брейвик 2110 жылға қарай Еуропаны мұсылманнан біржола тазарту жоспарын құрған.


Андерс Брейвикке телінген ұзақ-сонар манифест пен күнделікте ең алдымен Лейбористік партияның қазіргі және болашақ басшыларының нысанаға алынғаны, ал шабуылдаушының жалғыз қимылдайтыны айтылады. Манифест авторы Лейбористік партияны марксистік бағытты ұстайды және мультикультурализмге қолдау көрсетеді, Еуропадағы өзге мемлекеттермен бірге еуропа мәдениетін аяқ асты ететін мұсылмандардың Норвегияға кіруіне жол берді деп санайды. Лейбористік партияның мүшелері норвегтер болса да, автор оларды сатқын деп атап, мұсылмандардан ары жек көреді. Манифест авторы іс жүзінде басқаларды мұсылмандарға қарсы қоюға шақырмайды. «Себебі ол мұсылмандарға деген жағымды көзқарас тудырады» дейді ол.

ЕУРОПАНЫҢ «ЖАҢА ҚОРҒАУШЫЛАРЫ»

Манифесте Брейвик жалғыз өзі жоспар құрып, шабуылды да бір өзі жасағанын көрсеткенімен, оның «Тамплиер рыцарлары» деген атпен белгілі ұйымның мүшесі болғандығы да байқалады. Ол ұйым Еуропаның өзге де аймақтарында Еуропа мен оның мәдениетін «бүлінуден қорғауды» көздейтін жоспары бар топтар мен жекелеген адамдарды қолдап отырады.
Норвегияда немесе Еуропаның өзге елдерінде де Брейвиктен басқа өзін-өзі тамплиерлер деп жариялағандардың болуы ықтимал және Брейвиктің әрекеті, идеологиясы мен манифесі оған еліктейтіндердің қатарын көбейтуі мүмкін деп санайды Stratfor ұйымы шілденің 28-і күнгі материалында.
Бельгиялық мұсылмандарға қарсы наразылық шарасы. Брюссель, 11 қыркүйек 2007 жыл

Манифестке қарағанда, Брейвик Оклахома қаласында жарылыс жасаған Тимоти Маквей сияқты өзінің әрекеті Еуропаны марксистік бағытта деп санайтын үкіметтерден құтқаратын кең көлемді шабуылдарға жол ашады деп сенген. Норвегияның лейбористік партиясына шабуыл жасауға осы нәрсе итермелеген.

Манифесте ол Либерияда тұратын сербиялықтың ықпалына қалай ұшырап, өзінің қалай радикалданғанын да баяндайды. Айтуынша, ол 2002 жылы Лондонда «тамплиерлер ұйымын қайта құру» үшін өткізілген жиынға қатысқан. 2002 жылы құрылған бұл тамплиерлік ұйым бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы тамплиерлер рыцарларына ұқсамайды. Брейвик тамплиерлік ұйым «еуропалық жиһадқа» қарсы күресуге және «еуропаны ежелден мекендеп келе жатқан азат халықтарды қорғау үшін» құрылған дейді.

Бұл мақсаттарға жету үшін ұйым алдына Еуропадағы саяси және әскери билікті басып алудың үш кезеңнен тұратын жоспарын іске асырмақ екен: Бірінші кезең 1999-2030 жылдар аралығын қамтиды. Онда шабуылдар жасау, іріткі салу және сол сияқты қимылдар жүзеге аспақ. Екінші кезең 2030-2070 жылдар аралығын қамтиды. Мұнда да жоғарыдай шабуыл жасау әрекеттері, полицияның шабуылы секілді қимылдар кеңірек ауқымда жасалады. Ал үшінші кезең 2070-2110 жылдар арасын қамтиды. Ол кезде енді панеуропалық мемлекеттік төңкерістер жасау, мұсылмандарды күштеп көшіру, «сатқындарды» қудалау сияқты ауқымды қимылдар басталады.

ТАМПЛИЕРЛЕР ҰЙЫМЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ДАЯР ТЕРРОРШЫЛАР

2002 жылы жаңа тамплиерлік ұйымды құрған жиынға Брейвиктен өзге Ұлыбритания, Германия, Нидерланды, Греция мен Ресейден жеті адам қатысқан. Ал Сербия, Швеция, Бельгия және АҚШ-тағы мүшелері келе алмаған. Брейвиктің жазуынша, ұйым мүшелерінің бәріне қауіпсіздік үшін жасырын есімдер берілген. Өзінің жасырын аты «Сигурд» болған. Брейвикке ұйымның «Арыстан жүрек Ричард» деген лақап аты бар мүшесі жетекші болған. Осы жиыннан соң Брейвикті ұйымға кіру үшін интернет арқылы мұқият тексеріпті.
Неонацистер партиясының шеруі, Берлин, 1 мамыр 2009 жыл

Бұдан ары Брейвиктің Прагаға Балқандық ұйымдасқан қылмыстық топтардан қару-жарақ алмақ болып барып, бірақ ала алмай қайтқандығы да жазылған. Тамплиерлік ұйым жоспарының алғашқы кезеңі бойынша ұйымның жасырын аты бар жекелеген шабуылдар жасайтын мүшелері - «рыцарьларға» «соттаушы, жазалаушы ретінде әрекет ету құқығы берілген». «Рыцарьлар» ол құқықты «Еуропаның еркін, тұрғылықты халықтары мәдени геноцидтен, марксшіл және исламшыл тирандардан, ислам демографиясынан туындайтын территориялық және өмір сүрулеріне төнетін басқа да қауіптерден арылмайынша» иелене береді екен.

Брейвик Шығыс Еуропада «Еуропаны азат ететін» тамплиерлер саны 15-тен 80 дейін жететінін келтіреді манифестінде. Бірақ шабуыл жасауды жоспарлап жүргендерінің туралы нақты дерек жоқ.

ЖЕКЕ-ДАРА ЖАРЫЛЫС ЖАСАЙТЫНДАРДЫҢ ӨЗГЕ ТОПТАРДАН ЕРЕКШЕЛІГІ

Кейбір сарапшылар тамплиерлік ұйым рыцарьларын төмен деңгейдегі жиһад жасаушылардың әдіс-тәсіліне салып, жалғыз өзі әрекет етеді дегенмен, мұндай жетекшісіз әрекет ету арқылы қарсылық білдіру 1990 жылдардан бері қарай АҚШ-та ақ нәсілділерді қорғайтын топтардың басты тірегі болып келгенін еске алу керек. «Бірақ Брейвик ешқандай антисемиттік көзқарас танытпаса да, жаңа тамплиерлік ұйымының антииммиграциялық және антимарксистік идеологиясына «Әл-Қаидадан» гөрі ақ нәсілділерге қас топтардың әсер еткені анық» дейді Stratfor ұйымы.
Америкалық Dove World Outreach шіркеуі Исламға қарсы акция ретінде Құран өртемекші болып әлем назарын өзіне аударды. Шіркеудің пошта жәшігінде "Ислам деген зұлымдық" деп жазылған.Флорида штаты, 8 қыркүйек 2010 жыл

Бұдан өзге, «тамплиер рыцарьлары» концепциясы АҚШ-тағы «Христиан бірлігі» идеологиясын ұстанып, ақ нәсілділердің артықшылығын насихаттайтын әрі Phineas Priest деген жеке-дара қарсыласатындардың ұстанымдарына ұқсайды. Онда Phineas Priest өзін Құдайдың жердегі «кек алушы өкілі» ретінде таңдаған адамы ретінде көреді. Phineas Priests өздері бастаған шабуылдар кең көлемдегі нәсілдік «қасиетті» соғысқа ұласып, ақырында ақ нәсілділер құтқарылады деп сенеді.

Жетекшісіз қарсыласуды «Жануарларды азат ету майданы», «Жерді азат ету майданы» сияқты жануарлар мен жерді қорғаушы белсенділер және әскери анархистер де қолдайды. Сондықтан жетекшісіз қарсыласу қозғалысын тек жиһадшылармен ұқсастыру дұрыс емес дейді Stratfor. Әскерилер қарсыласудың мұндай түрін көптен бері қолданып келеді.

ЖАЛҒЫЗ ТЕРРОРШЫ – ЕҢ ҚАУІПТІ ТЕРРОРШЫ

Андерс Брейвик манифестінде өзінің жаулары - Батыс Еуропаның мәдени марксшіл және мультикультуралистік режимдерінің негізгі басымдығы олардың үлкен ресурстарға және тергеу мен сот жүргізу мүмкіншіліктеріне ие болуында деп жазыпты. «Еуропаның басты қалаларының бәрінде мыңдаған камералар қойылған. Әрдайым ДНК, саусағыңның таңбасы мен куәгерлерді және басқа да дәлелдерді алға тартып, аяғы тұтқындап әкету қаупінде жүресің. Олар барлық жағынан алғанда басым. Бірақ жеті басты айдаһардың да өз осал тұсы болады. Жалғыз жортқан терроршы - олардың қарсылық танытудағы осал тұсы» дейді ол.

Stratfor ұйымы жалғыз әрекет ететін жанкештілер құқық қорғау органдарына, барлау және қауіпсіздік қызметкерлеріне қиындық тудыратынын айтады. Басты қиындық – жанкешті жалғыз өзі әрекет ететіндіктен және ешкіммен байланыс жасамайтындықтан оның жарылыс немесе шабуыл жасауға дейінгі жоспарын анықтау қиынға түседі.
Интернетте жарияланған Андерс Брейвиктің мына суретінің астында "2083 жылғы Еуропаның тәуелсіздік декларациясы" деп жазылған.

Терроршылар екі немесе одан да көп адамнан тұратын топпен бірге әрекет жасағанда, олардан ақпарат алу мүмкіндігі де көп болады. Себебі олардың бірі жоспардан жүрексініп, астыртын әрекетті билікке айтып қоюы мүмкін. Сосын құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері топ ішіндегі ақпаратты біліп қояды, немесе олардың арасына ақпарат жеткізуші адамды жібереді деп жазады ұйым.

Осылай құқық қорғау органдарының назарына ілікпей, жеке-дара әрекет етуі арқасында Джозеф Паул Франклин, Теодор Качинский және Эрик Рудольф сияқты терроршылар ұсталғанға дейін бірнеше жыл бойына еркін жүрді. Шынымен де, Брейвиктің күнделігінен оның шабуыл жасамас бұрын бірнеше жыл бойы білдірмей жоспар құрғанын байқаймыз.
Брейвиктің шабуылы жалғыз жарым әрекет ететін терроршылардың тағы бір қиындық тудыратынын көрсетеді. Себебі олардың жалғыз әрекет етуіне түрлі жағдайлар түрткі болады. Кейбіреуінің саяси себептері болса, біреулеріне діни, болмаса психикалық ауытқушылық себеп болатынын айтады Stratfor.

Жалғыз әрекет ететін терроршылардың идеологиясы мен түрткі боларлық себептерінің айырмашылықтарына қоса, олардың географиялық таралу аймағы да әртүрлі. Олардың әрекеті тек Манхэттен, Лондон, я болмаса Вашингтонмен шектеліп қалмайды.

Сонымен қатар, террористік шабуыл жасауға ниеттеніп жүрген экстремистер мен жаулық пиғыл мен радикалды сенімді насихаттап жүргендерді ажырату да қиын. Сондықтан, жанкештінің бір өзі жарылыс жасағанға дейін радикалды сенімнен радикалды іс-әрекет жасауға көшіп бара жатқан адамды ажырату үшін билікке біраз уақыт пен қаражат жұмсауға тура келеді. Ал бұл өте күрделі міндет дейді Stratfor ұйымы.

БРЕЙВИК КЕЗІККЕН ҚИЫНДЫҚТАР

Дегенмен, жалғыз әрекет ететін терроршының да осал тұстары бар. Оның бірі - қару-жарақ табудағы қиындық. Мысалы, Андерс Брейвик өздігінен жарылатын құрылғыны жасауға қажет химикаттарды, Прагаға барып заңсыз қару-жарақ сатып алуға ниеттенген кезінде қиындық көрген. Жарылғыш затқа қажет аммоний нитраты тыңайтқышын сатып алу үшін ол бір ферманы жалға алуға мәжбүр болыпты. Ал Прагада қару-жарақ алу үшін байланыс орнатқан қылмыскерлердің бірі оны билікке ұстап бере жаздаған.
Андерс Брейвик жалға алған ферма. Рена аймағы, 23 шілде 2011 жыл

Брейвик өзінің нысанасына бақылау жасағанда да көзге түсіп қала жаздағанын жазады «күнделігінде». Жарылғыш құрылғыны интернеттен алынған материалдар негізінде қалай жасағанын егжей-тегжейлі баяндағанымен, ол шабуыл нысанасын қалай таңдап, бақылау жасағаны жайында көп айтпайды. Ол тек таңдап алған ғимаратына барып, орналасқан жерін GPS-іне түсіріп алыпты. Ал оның үкімет ғимаратын қалай таңдап, бақылау жасағанын білу норвегиялық билікке маңызды болып отыр деп жазады Stratfor.

Андерс Брейвик күнделігінде өзінің егер норвегиялық емес, шетелде туған мұсылман болғанында әлгідей қимылдай алуы қиынға түсетінін жазыпты. Бұл күдіктіні ұлтына қарап анықтау мәселесін еселей түседі. Ал төніп тұрған зор қауіпті анықтау қиынға түсетін жерде күдіктіні ұлтына қарап емес, мінез-құлқына қарап анықтаудың маңыздылығы екі есеге артады.

БАРЛЫҚ ТЕРРОРШЫНЫҢ «ЖОЛЫ БОЛА» БЕРМЕЙДІ

Stratfor-дың жазуынша, норвегиялық биліктің аса қабілетті терроршыға тап болғанын мойындауы керек. Жалғыз өзі жарылыс ұйымдастыру теориясы бұрыннан бар болғанымен, дәл Брейвик сияқты «жолы болғандар» аз. Себебі ол үшін ерекше адам болу керек. Мысалы, Брейвик күнделігінде шабуылын жоспарлап, жүзеге асыруда айрықша ұқыптылық танытқанын айтады. Оған дәлел – 2005 жылы ол Норвегияда әлдеқандай заң жолымен тапанша алу қажеттігі туып қала ма деп, тапанша ататын клубқа барған.
Билік бұдан былай жасырын жүрген тамплиер рыцарьларын ғана емес, оған қоса Брейвиктен «үлгі» алып, жолын қууға тырысатындарды да іздей бастауы керек.

Брейвик сонымен қатар жоспар құрғанда жеті рет өлшеп бір кесетін, өте мұқият болған. Жарылғыш құрылғы жасағанда да төзімділік танытқан.
Брейвиктің тағы бір «қасиеті» – оның еңбекқорлығы. Жоспарын іске асыру үшін ол ерінбей түрлі жұмыстар істеп жүріп, 500 мың еуро ақша жинапты. Ал басты ерекшелігі ол өзін ұстайтын кезде қашуға, болмаса өзін-өзі жарып жіберуге әрекет жасамаған. Мұның орнына ол өзін сотқа тартуды, сол арқылы өзінің идеологиясын манифест пен бейнекөрініске қоса сот мінберінде де таратуды жөн көріпті.

Брейвик өз ұстанымын қоғамға жеткізу үшін ұзақ мерзімді түрме жазасын тартуға да даяр. Ал билік бұдан былай жасырын жүрген тамплиер рыцарьларын ғана емес, оған қоса Брейвиктен «үлгі» алып, жолын қууға тырысатындарды да іздей бастауы керек деп аяқтайды Stratfor ұйымы мақаласын.
XS
SM
MD
LG