Қыркүйектің басынан бері мәжіліс жанындағы қоғамдық палатада «Діни қызмет пен діни ұйымдар туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.
«ДІНИ РӘСІМ ОРЫНДАУҒА ТЫЙЫМ»
Заң жобасының авторы – діни істер жөніндегі агенттік өкілдерінің айтуынша, талқыланып жатқан құжат діни бірлестіктерді құру, тіркеу және қайтадан құру, жұмысын тоқтату, олардың статусы, т.б. мәселелерді шешуге бағытталған.
Заң жобасын талқылауға кіріскен палата мүшелері алғашқы отырыстан бастап-ақ құжаттағы кейбір ережелерге қарсылық танытып, бұл жергілікті
Парламент отырысына келген Қазақстан президенті Назарбаев көші-қон және діни белсенділікке байланысты қатаң заң қабылдауды талап етті. Астана, 1 қыркүйек 2011 жыл.
ақпарат құралдары беттерінде қызу талқыланды.
Мысалы, заң жобасының 7-бап 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелерде (ұйымдарда, қарулы күштер мен әскери құрамаларда, құқық қорғау органдарында, т.б. жерлерде) діни рәсім орындауға тыйым салынған.
Осыған дейін талай мәрте талқыланып үлгерген заң жобасындағы дәл осы бапқа қатысты қыркүйектің 20-сы күні Алматы мен Астанада тағы да екі жиын өтті.
«ОТСТАВКА»
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «дін туралы жаңа заң Қазақстанда қаупі артып бара жатқан діни экстремизммен күресті көздегенмен, конституциямен қорғалған сенім бостандығын шектейтінін» айтты.
Ал Астанада өткен жиында елдегі бірқатар үкіметтік емес ұйымдар («Ел бірлігі», «Қазақстан мұсылман жастар конгрессі», «Қазақстан жастары»,
«Демократия мен адам құқығы институты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Біләлов. Астана, 20 қыркүйек 2011 жыл.
«Жастар бірлігі») дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріптің отставкаға кетуін талап етті.
– Парламенттің бұл заң жобасын қабылдамай, оны қайтадан толықтыруға жөнелткенін қалаймыз. Оны көпшілік болып талқылауға тиіспіз. Бұл – бір. Екіншіден, дін істері жөніндегі агенттік төрағасының отставкаға кетуін талап етеміз. Заң жобасының иесі көппен талқыламай-ақ парламентке осындай ұсыныстар енгізеді, – дейді «Демократия мен адам құқығы институты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Біләлов.
«БҰЛ – ЖҰРТТЫ АЛДАРҚАТУ»
Ал құқық қорғаушылар заң жобасындағы бұл мәселелерді – «көпшілікті өте өзекті мәселелерден алдарқатудың амалы» деп атайды.
– Бұл – қоғамдық пікірталас туғызған бір топ интеллигенция өкілдерінің орыс тіліне қатысты жазған хаты сияқты, қоғамды өте өзекті мәселелерден алдарқату үшін жасалған, – дейді Қазақстандағы Хельсинки комитетінің президенті Нинель Фокина қыркүйектің 20-сы күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, жаңа заң жобасында 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңдағы адам құқығын шектейтін ескі нормалар сол күйінде қалған.
– Діни бірлестіктер үшін мемлекеттік тіркеу өзгермеген күйде қалды. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген кез-келген діни бірлестіктің әрекеті
қудаланады. Бұл Қазақстан қол қойған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 18-бабы мен ЕҚЫҰ-ның Вена құжатындағы 16-пунктке қайшы. Онда «әркімнің діни ұстанымын жеке немесе көпке жария ете отырып таңдауға құқығы бар» деп жазылған. Мемлекеттік тіркеуден өту туралы талап және сол үшін қудалау – негізгі бостандық принциптеріне қайшы, – дейді Нинель Фокина.
Оның айтуынша, Қазақстан қол қойған халықаралық құжаттардағы талаптарға сәйкес, «мемлекет әрбір конфессияның сеніміне ыңғайлы діни құрылым құруына мүмкіндік жасауы керек және олардың жұмысына кедергі жасамауы тиіс». Құқық қорғаушы Қазақстанның бұл нормаларды орындамай, аяқ асты етіп келетінін айтады.
– Біз бір жағынан халықаралық келісім-шарттардың мемлекеттік заңдардан басым екенін айтамыз да, екінші жағынан әрбір бап арқылы халықаралық нормаларды бұзамыз, – дейді Нинель Фокина.
«БАТЫС ӨҢІРДЕГІ ОҚИҒАЛАРҒА РЕАКЦИЯ»
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның батыс өңірінде болған соңғы оқиғалардан кейін мемлекеттің іле-шала дінді бақылауға алуға талпынып отырғанын айтады.
– Менің ойымша, бұл – ең әуелі осы жылы Қазақстанның батыс өңірінде болған оқиғаларға қатысты биліктің реакциясы. Бұл туралы қыркүйектің басында президенттің өзі де айтқан болатын. Дәл осыдан кейін-ақ осы заң жобасы ұсынылды. Менің ойымша, бұл заң жобасы оған дейін де
қарастырылған болуы керек. Бірақ ол өте жылдам жасалды, – дейді Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы заң қабылданса да, діни мәселелерді шешетініне күмән келтіреді.
«ЕСКЕРТУЛЕР ЕСКЕРІЛЕДІ»
Жаңа заң жобасы жөнінде жоба авторы – дін істері жөнінде агенттікке хабарласқан едік. Агенттік төрағасының орынбасары Ардақ Досжан мұның «тек заң жобасы екені, онда осыған дейін айтылып келген ескертулер ескерілетінін» айтты.
– Парламент депутаттары қазір осы заңға көптеген өзгерістер енгізіп жатыр. Олардың кейбірімен келісеміз, кейбірімен келіспейміз. Көпшілікпен келісеміз. Қазір жұмыстар жүріп жатыр, – дейді ол.
«Діни бірлестіктердің тіркеуден өтіп жатқанына 20 жыл болды. Тек қана біз емес, Еуропа мемлекеттері тіркеуден өтіп жатыр. Тіркеусіз олар жұмыс істемейді» деді Ардақ Досжан құқық қорғаушылар айтқан сынға қатысты.
«Діни қызмет пен діни бірлестіктер» туралы заң жобасы парламенттің төменгі палатасына қыркүйектің 8-і күні таныстырылады.