Accessibility links

Қырғызстандағы соңғы сайлау оңтүстік пен солтүстіктің жақындай қоймағанын көрсетті


Президенттікке кандидат болған Қамчыбек Ташиевтің жақтасы ұрандап тұр. Ош, 31 қазан 2011 жыл
Президенттікке кандидат болған Қамчыбек Ташиевтің жақтасы ұрандап тұр. Ош, 31 қазан 2011 жыл

Елді тағы бір абыржытып тастаған сайлаудан соңғы толқу мен дауыс беру ерекшеліктері Бішкектегі биліктің әлсіздігін көрсетеді деп жазады Eurasia View.


Eurasia View «Еуразия Вью» газеті қарашаның 5-і күнгі санында Қырғызстандағы соңғы сайлаудан кейінгі саяси-әлеуметік ахуал туралы мақала жариялады. Мақала авторы Дэвид Триллинг сайлаудан соң Бішкектегі биліктің иығынан ауыр жүк түскендей болды деп жазады.

Қырғыз елінің толқып тұратын тынышсыз оңтүстік өңірінде сайлау нәтижесіне қарсы болған азаматтар бірнеше күн қалың жұртты қобалжытып барып ақыры тынышталды. Жүздеген дауыс берушілер сайлаудың нәтижесіне наразылығын білдіріп, Джалалабад пен Ошта топ-топ боп жиналды. Осы оқиғаның өзі-ақ Қырғызстанның солтүстік пен оңтүстік боп бөлінуге бейім тұратын «қатерлі дертін» еске салып, Бішкектегі биліктің елдің ең тығыз қоныстанған бөлігіне билік жүргізе алмайтынын байқатты деп жазады басылым.
Сайлау туралы газет мақаласын оқып тұрған қырғыз бала. Бішкек, 26 қазан 2011 жыл
Сайлау туралы газет мақаласын оқып тұрған қырғыз бала. Бішкек, 26 қазан 2011 жыл

Жаңа сайланған президент (солтүстіктің тумасы) Алмазбек Атамбаев наразылық акциясы кезінде сайлауға қарсы болған азаматтардың алдына шығып ештеме айтпастан барынша үнсіз қалуға тырысты. Шамасы, Атамбаев жабық есіктің ар жағында кешегі сайлауда үшінші орын алған оңтүстіктің ірі тұлғаларының бірі Қамчыбек Ташиевпен келіссөз жүргізіп жатқан болса керек деп болжам жасайды автор. Қарашаның 4-і күні Ташиевтің өзі мерекенің алдында дер кезінде өз қолдаушыларына толқуды тоқтату туралы бұйрық берді. Ташиев өзінің президентпен келіскені жөнінде алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығара отырып, қатігездік пен күш қолдану әрекеттерін қолдамайтынын анық ескертті.

«ӘДІЛ САЙЛАУ»

Орталық Азиядағы қазіргі өлшеммен алып қарағанда салыстырмалы түрде әділ өтті деп саналатын сайлауға ОБСЕ-нің сарапшы мамандары «көзге ұрып тұрған бірнеше заң бұзу фактілері анықталды» деп басқаша баға берді дейді мақала авторы. Атап айтқанда дауыс берушілерді сайлау учаскесінен басқа жаққа бұрып әкетіп жатты, ал бақылаушылар болса бюллетень жәшіктерінің соған қарамастан толып жатқандығын айтады. Бір сөзбен айтқанда сайлау тәртіптері қасақана бұзылып жатты. Осыдан кейін-ақ сайлау нәтижесі қып-қызыл дауға айналды деп санайды Дэвид Триллинг.
Қырғызстан президенттігіне кандидат болған саясаткерлер: Адахан Мадумаров (сол жақта), Алмазбек Атамбаев (ортада) және Қамчыбек Ташиев (оң жақта).
Қырғызстан президенттігіне кандидат болған саясаткерлер: Адахан Мадумаров (сол жақта), Алмазбек Атамбаев (ортада) және Қамчыбек Ташиев (оң жақта).

Eurasia View иллюстрация ретінде келтірген картада Қырғызстан сайлау жағынан да, географиялық жағынан да екіге жарылып тұр. Күрең қызылмен боялған солтүстік жағы түгелге жуық Атамбаевқа дауыс берген жерлер. Ал ашық қызылға боялған солтүстік аймақтағы аудандар негізінен сол жақтан сайлауға түскен кандидаттарды қолдап шыққан.



КҮМӘН

Бакиев тақтан тайғанда басқарусыз қалған биліктің кесірінен бұрқ ете қалған былтырғы ұлтаралық қанды қақтығыс, қырғыз елі екіге бөлінер болса, оның арты неге апарып соғатынын көрсетіп бергендей болды. Соңғы президент сайлауы болашақта елдің бірлігі үшін жасалуы тиіс қыруар жұмысты көрсетіп тұр. «Атамбаев дауыстың бәрін «сыпырып» алды» дейтін солтүстік өңірде аздаған наразылық бар. Ал оңтүстікте сайлау нәтижесіне қарсы болғандар жетіп артылады. Мақала авторының тұжырымдауынша, оңтүстіктің тағы бір ұлтшыл саяси жетекшісі Адахан Мадумаров пен Қамчыбек Ташиевке дауыс берген көпшіліктің қолдауынан Атамбаев әзірге айрылып тұр. Болашақта Бішкектегі билік Алатаудың арғы бетін де уысында ұстағысы келсе Атамбаев өзінің бұрынғы бақталастарымен тіл табысуы тиіс деп санайды Eurasia View авторы.
Мына өткен сайлау – демократияға жеткізетін жолдағы ұлы бетбұрыс емес, Қырғызстанды жаңа дағдарысқа ұшыратқан кезекті шиеленісті ахуал.

Сонымен Алмазбек Атамбаев 65 пайыз дауыс жинаған өткен аптадағы сайлау бірқатар сарапшылардың күмәнін күшейтті. Автор сондай сарапшылардың бірі Митчел Линкольнның мынадай сөздерін келтіреді: «Мына өткен сайлау – демократияға жеткізетін жолдағы ұлы бетбұрыс емес, Қырғызстанды жаңа дағдарысқа ұшыратқан кезекті шиеленісті ахуал. Бұл мемлекеттің әлі де әлсіз екендігін көрсетеді. Ел ішінде етек алған сыбайлас жемқорлық пен этникалық және жерге бөлінушілік фактілері болашақта бұл елдегі әділ сайлау мен демократияның аяғына тұсау болады».
XS
SM
MD
LG