Accessibility links

«Араб көктемінің» жылы лебін күздің қара суығы жоқ қылды


Мүбәрәкке қарсы шерушіні полиция тоқтатып жатыр. Каир, 5 қыркүйек 2011 жыл
Мүбәрәкке қарсы шерушіні полиция тоқтатып жатыр. Каир, 5 қыркүйек 2011 жыл

Miami Herald («Майами Херальд») басылымы Египеттегі сәуір төңкерісі тұйыққа тіреліп тұр деп жазады. Билікті бақылауда ұстағысы келетін әскери элита құпия полицияны қолдану арқылы революцияны өз пайдасы үшін пайдаланып кетуге ұмтылып отыр.


Каирдегі көтерілістің көрігін қыздырған жастар легі Тахрир алаңын босатқалы біраз уақыт болған. Қазір қаптаған көліктер көшелерде тығындарды көбейтіп, дабылдатып қаланы қайтадан жандандырып жатыр.

«ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ»

Қарашаның 7-і күні Miami Herald газетінің жазуынша, Египеттегі төңкеріс секуляристер мен исламшылдар тартысының кесірінен тұйыққа келіп тірелді. Билік басындағы әскерилер болса жағдайды одан ары ушықтыра түскен. Сайлау жақындаған сайын генералдар сайлаудан кейін де өздерінің биліктегі күшті ықпалдарын сақтап қалуға мүдделі екендіктерін барынша білдіріп жатыр.
«Қай жерден қате кетті?» деген сұраққа көптеген саяси жетекшілер «Мысыр елі көп өзгеріске ұшырады. Революцияның немен аяқталарын әлі де болжап, болашағын дәл айту қиын» деп жауап берген.

32 жасар хирург Шади әл-Ғазали Харб Каирде көтеріліс басталғанда Лондондағы үйін тастап, еліне жетуге асыққан. Келе салысымен ол жас либералдар тобының басшысына және белсенді бір ереуіл ұйымдастырушысына айналған. Шади Харб газет тілшісіне «Болашақта либералдар мен социал-демократтар сайлау кезінде ортақ коалицияға бірігіп, «Мұсылман бауырлар» партиясына қарсы тұруы тиіс» деп сұқбат берген.

Автордың жазуынша, коалицияның тізімінде парламент сайлауына қатыспақ болған Харбтың ең үлкен қорқынышы 1980 жылы қабылданған 2-бапты жаңа конституциядан алып тастай ма, әлде қалдыра ма деген мәселе. Ол бап бойынша мемлекеттік заңдар өзінің негізгі принциптерін Исламнан алады деп жазылған.

КӨҢІЛ ҚАЛУ

Сөйткен белсенді хирург өткен аптада парламент сайлауына түспейтінін мәлімдеді. Себебі, сайлаудан соң да биліктің тізгіні әскери офицерлердің қолында қалатынына оның көзі әбден жеткен деп жазады Miami Herald. Жаңа парламент жаңа конституцияны жазып шығатын комитеттерді таңдап алады деп дәметкен болатын. Бірақ әскерилер исламшылдар сайлауда көпшілік дауыспен жеңіп кетсе, конституциядағы әскерилерге басымдылық беретін заңдағы баптарды алып тастайды деп қорқып отыр.

Көптеген либералдар секілді Ғазали да қазір әбден түңіліп, радикал діншілдерден қауіптеніп жүр. Ол әскери диктаторды тақтан кетірген революциядан соң мемлекетті азаматтық құқықтардың негізінде қайта құрмаса, онда бұның да болашағы жоқ деп есептейді.

Өркениетті өмірге ұмтылған жастардың осы жеңістерін сауатты саяси реформаларға ұластырып әкете алмағанына оның іші удай ашиды. Ол газет тілшісіне «Біз ұйымдасып іс қылудан гөрі ереуілге шығып шулаумен көбірек айналысып кеттік. Соның кесірінен басымызды біріктіріп, мықты одақ болып ескі элита мен исламшылдарға қарсы күресе алмай жатырмыз» деген.

ҮШІНШІ ЖАҢА ЖОЛ

Каир университетін бітірген 26 жасар Мұхаммед Аббас атты жас бизнесмен «Мұсылман бауырлар» партиясының мүшесі болған. Ереуіл кезінде ол либералдар мен солшылдармен тізе қосып қимылдап, үлкендеріне бағынбай кеткен. Оның айтуынша, «Мұсылман бауырлар» да елдегі бұл өзгеріске қарсы болған. Кейінірек бұл партияның көсемдері Аббасты және тағы да «жазықты» болған елуге жуық белсенді бауырларын қатарларынан шығарып жіберген.

Аббастың көзқарасынша олар Ислам мен секуляризмнің ортасынан үшінші бір жолды тапқан. Бұл одаққа солшылдар да, социал-демократтар да, діншіл жастар да қабылдана береді.

КӨҢ ҚАТСА, ҚАЛПЫНА БАРАДЫ

Египеттегі адам құқықтарын қорғау комитетінің белсенді директоры Хоссам Бағдат сәуір айында газет тілшісіне «Төңкеріс мысырлықтардың өз өмірлерін қаншалықты өзгерту керектігін көрсетіп берді. Көктемнен бері біздің ел мүлде басқа планетаға ұқсап шыға келді» деген болатын.

Бірақ, осы жолы әскерилердің белгілі блогшыларды тұтқындауы мен қоғамда құпия полицияның қайтадан пайда болуы оның қуанышын су сепкендей басты. Құпия полиция қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-ын қорқытып, үркітіп, қала берді жүздеген азаматтарды әскери сотқа сүйреп әлек болып жатыр.

«Бұлар негізінен Мүбәрәктің полициядан құралған мемлекетін әскери режиммен ауыстырып жатыр» дейді Бағдат. Оның ойынша исламшылдарды бақылауда ұстаудың жалғыз жолы әділ сайлау өткізіп, оларды тәртіпті жүйеге үйрету керек. «Оларға қысым көрсетсе, тағы да төңкеріске алып кеп соғатын қауіпті жағдай туады» дейді ол.

Көктемдегі көтерілістің екпіні әлі басылған жоқ. Бірақ өркениетті өзгеріске жол жабылған секілді. Мүбәрәктің кезіндегі қара түнекке қайта құлайтын сияқтымыз. Әскерилер болса қарудың күшімен тұрақтылық орнатқысы келеді. Бірақ бұл әрекеттер тағы бір төңкеріске түрткі болады деп санайды Хоссам Бағдат.
XS
SM
MD
LG