Түркияның «Хурриет» газетіне қарашаның 20-ы күні айтқан пікірінде АҚШ-тың аймақтар бойынша сарапшысы Рос Уильсон Орталық Азия елдері саяси-экономикалық жағынан құлдырап бара жатыр деп мәлімдеген.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ АРАБ ЕЛДЕРІНЕН ЕРЕКШЕЛІГІ
Оның ойынша бұл аймақтағы пісіп-жетіліп келе жатқан жанжалдар қазір халықаралық қауымдастықтың назарына ілінбегенмен, болашақта үлкен мәселеге айналады. Әлі күнге шейін «Араб көктемі» сияқты реформалар толқыны бұл елдерге жетпек түгілі, олардың көкжиегінен де көрінетін түрі жоқ дейді американдық маман.
«Саяси-экономикалық жағынан да олар ілгерілеп жатқан жоқ. Басқаша айтқанда олар құлдырап барады» дейді Рос Уильсон.
Уильсонның пайымдауынша Орталық Азиядағы жағдай әзірше халықаралық қауымдастықтың назарына ілінбей отыр. Бірақ осы бақылаудың болмауы әлем жетекшілеріне опық жегізеді. Себебі, бұл аймақта бұғып жатқан жанжалдар келе-келе өте үлкен дағдарыстарға айналып кетуі мүмкін.
Оның пікірінше Орталық Азиядағы қалыптасқан жағдай Араб елдеріндегі ахуалдан мүлде бөлек. Таяу Шығысты шарпып өткен өзгерістің дауылы, Орталық Азияға да таяу арада жетіп барады деген пікірді қабылдау өте қиын. «Араб мемлекеттерімен салыстырғанда Орталық Азия елдері тәуелсіздіктерін жақында ғана алған. Бұл аймақта да автократ билеушілер жетіп артылады, олар соншалықты бір сәтті саясат та жүргізіп отырған жоқ. Бірақ бұл елдердегі ішкі [әлеуметтік-экономикалық даму] үрдісі, әсіресе, ірі қалаларда жоғары» деген дәлел келтіреді маман.
Түркия мен АҚШ-тың қарым қарым-қатынасы туралы ойын бөлісуді сұрағанда Уильсон: «Бұл екі елдің қазіргі қарым-қатынасында өте үлкен өзгерістер бар. Мен АҚШ-Түркия кеңесіндегі жиналыстарға қатысып жүрмін. Тіпті сол жердің өзінде сіз үлкен өзгерістерді байқап, көре аласыз. Араб әлемінің оянысы екі елдің бір-біріне мұқтаж екендіктерін көрсетіп берді. Түркияның қорғаныс жүйесіндегі радар құрылғылары мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орнату туралы шешімі өте маңызды болды және Вашингтон да бұл қадамды жоғары бағалады» деп мәлімдеген.
250 ҮЗДІККЕ ҚОСЫЛУ ЖОСПАРЫ
Reuters («Рейтерз») агенттігі қарашаның 21-і Қазақстанның тағы бір мұнай компаниясының Лондон қор биржасына ұмтылғаны туралы жазыпты.
«Жайықмұнай» мұнай-газ компаниясы Лондонның қор биржасына толық тіркелгісі келетіні туралы емеурін білдірген. Бұл компанияны орташа капиталды компаниялардың FTSE 250 индексіне қосуға болады деп бағалауы мүмкін деп жазған Financial Times («Файнэншл Таймз») басылымы кезінде.
Басылымның жазуынша бұл компанияның депозитарлық құнды қағаздары 2008 жылдан бері Лондонда сатылып келеді. «Жайықмұнай» Лондонның қор биржасындағы 250 үздік компания тізіміне ену үшін «White and Case» деп аталатын заң компаниясын жалдаған.
Фрэнк Монстри есімді компанияның 28 пайыз үлесін иеленуші FTSE тізіміне кірер болса компанияның тағы да 33 пайыз акцияларын сатуға мүдделі екенін хабарлаған.
Монстри «Жайықмұнайдың» тәуелсіз директорларды көбейтуі керек деген ұсыныспен келіседі. Дәл қазіргі уақытта директорлар кеңесіндегі жеті адамның үшеуі ғана тәуелсіз директор екен.
Reuters Ирланд теңізіндегі Ұлыбританияға қарасты Мэн аралында тіркелген «Жайықмұнайдың» өз өкілдерінен қандай да бір пікір ала алмаған.