Балқаштағы АК 159/21 колониясында қайтыс болған Сергей Григорьевтің, Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колонияда көз жұмған Шамиль Ярославлевтің туыстары марқұмдарға ауыр қысым көрсетілгенін айтып шағымданған еді. Ал республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті ол екеуінің аурудан көз жұмғанын мәлімдеген.
СЕРГЕЙ ГРИГОРЬЕВ «ӨЗ АЖАЛЫНАН ӨЛДІ»
Бас прокуратурадағы сотталушылардың құқығын қорғауды қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Нұрғалым Әбдіров анасы «итке таланды» деп отырған Сергей Григорьевтің қысымға ұшырамағанын айтып, оның туыстарының айтқандарын жоққа шығарды.
Ол өз ажалынан өлді. Алдын-ала тергеу бойынша, өлерінің алдында ауруға қарсы сұйықтық ішкен.
– Ол өз ажалынан өлді. Алдын-ала тергеу бойынша, өлерінің алдында ауруға қарсы сұйықтық ішкен. Бүгінгі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр. Дәл осыны анықтайтын сот-химиялық сараптама да тағайындалды. Алдын-ала сараптама оның соққыға ұшырамағанын көрсетті, – деді Нұрғалым Әбдіров Азаттық тілшісіне.
Азаттық тілшісі бас прокуратура өкілінен интернетте жарияланған Григорьевтің суреттері турасында сұраған еді.
– Бұл енді дерттің салдары ғой, – деп келте қайырды Нұрғалым Әбдіров.
ШАМИЛЬ ЯРОСЛАВЛЕВ «ӨЗ АЖАЛЫНАН ӨЛМЕГЕН»
Нұрғалым Әбдіров осыған дейін республикалық қылмыстық атқару жүйесі «жүрек дертінен қайтыс болды» деп түсініктеме берген Шамиль Ярославлевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Оның айтуынша, тұтқын өз ажалынан өлмеген.
– Сот-медициналық сараптама бойынша оның денесінен жарақаттар табылды. Сол себептен де қайтыс болғаны анықталды. Мұнымен бүгінгі күні Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары айналысып жатыр. Сараптама нәтижесі белгілі болған күні, яғни қарашаның 18-і күні қылмыстық кодекстің 38-бап 4-бөлім («қызмет бабын асыра пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Нұрғалым Әбдіров.
«Қазір Шамиль Ярославлевтің ағасы Руслан Оздоевтың марқұмның денесіне толық сот-медициналық сараптама жүргізу жөнінде бас прокуратураға өтініш түсірген арызы қаралып жатыр. Бұл жағынан заңды шешім болады» деді Нұрғалым Әбдіров.
Дәл осы жиын өтпестен бір күн бұрын Руслан Оздоев ресми органдардың әрекеттеріне наразы болып, қарсылық белгісі ретінде бауырының мәйітін Астанадағы бас прокуратураның ғимаратының алдына апаруды жоспарлаған. Алайда, оның айтуынша, бұған уақыт та, ізіне түскен жергілікті жол полиция өкілдері де кедергі келтіріпті.
- Сейсенбі күні Қарағандыдан Астанаға бара жатқан кезде қалалық полиция өкілдері ұстап, акция туралы сұрап, қайтадан босатты, - дейді Руслан Оздоев.
«СОТТАЛУШЫЛАРДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ» ЖӘНЕ АМНИСТИЯ
Сәрсенбі күні Астанада өткен жиында билік өкілдері мен құқық қорғаушылар түрме жүйесін реформалау мәселесін сөз етті.
«Халықаралық түрме реформасы» ұйымының өкілі, құқық қорғаушы Вера Ткаченко реформа туралы айтқанда басты назарды сотталушыларды қоғамға қайтару, бейімдеу жағына аудару керегін айтты.
– Себебі бүгінгі таңда түрмеден шығып, қайтадан сотталып жатқандардың саны өте жоғары, – деді Вера Ткаченко.
Ал республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Есқали Саламатовтың айтуынша, алдағы уақытта қаралатын жаңа қылмыстық-атқару кодексінде тұтқындарды түзелуге ынталандыру мәселесі қарастырылмақ.
Есқали Саламатов журналистерге биыл орындалатын «Амнистия туралы» заң жайлы да айтты. Оның сөзінше, қазіргі кезде амнистияға кіретін азаматтардың тізімі анықталып, жалпы 12,5 мың адам ілінген.
– Олардың екі жарым мыңы түрмелерде жазасын өтеп жатыр. Шамамен он мыңы – бас бостандықтарынан айрылмай жазасын өтеп жатқандар. Жазасын өтеп жатқан екі жарым мың адамның нақты екі мыңы босатылады. Ал бес жүзінің жаза мерзімдері қысқартылады. Бұл «Амнистия туралы» заңда қарастырылған, – деді Есқали Саламатов.
Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жетінші рет жарияланған амнистияға ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған азаматтар ілінбейді.
Ресми орындардың дерегінше, 2011 жылдың басында Қазақстан түрмелерінде 57 мың 38 адам отыр.