Ресейлік «Независимая газета» басылымы қарашаның 23-і күнгі санында Каспий теңізіндегі теке-тірес бейбіт жолмен шешілмесе, қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжам айтады.
«БҰЛЫҢҒЫР ЖОБА»
«Независимая газета» («НГ») басылымының жазуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстаннан Әзірбайжанға тартылатын «Транс-Каспий» газ құбыры құрылысының болашағын «өте бұлыңғыр» деп атаған. Ресейлік сарапшылар осы жобадан Мәскеуді шеттету әрекетінің соңы соғысқа әкеп соғуы мүмкін деп ескертеді. Ал Еуропа Одағының басшылығы «Транс-Каспий» жобасының жүзеге асуына Ресей үзілді-кесілді қарсы шыға берсе, Nabucco жобасына балама ретінде жоспарланған South Stream газ тасымалдау құбырының құрылысына кедергі жасаймыз деп мәлімдеген.
«Интерфакс» жаңалықтар агенттігі президент Назарбаевтан «Транс-Каспий» құбырының болашағы туралы сұрағанда ол «Біз бірнеше жылдан бері осы спекуляциялар туралы естіп келе жатырмыз» деген.
Ресей президенті мен сыртқы істер министрі «Транс-Каспий» құбыры барлық Каспий маңы елдерінің келісімінсіз жүзеге аспайтын жоба деп мәлімдеді.
Әзірбайжан мен Түркіменстан «Транс-Каспий» құбыры Каспий теңізіндегі өздеріне тиесілі ұлттық сектордың ішінде жүзеге асады, сондықтан бұл жобаға қатысты кез-келген шетелдің қарсылығы заңсыз деп есептейді. Баку мен Ашғабад Каспий маңы елдерінде мұнай мен газ жобалары бұрыннан бар еді деп уәж айтады. Ресей болса әуелі Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты негізгі құжаттарға осы аймақтағы бес ел келісіп қол қоймайынша ұлттық секторларға бөліп алу шартты нәрсе деп санайды.
ЕО-ның энергетика мамандары Ресейдің бұл саясаты өзін проблемаға матап, ақырында шығынға белшеден батыруы мүмкін деп ескерту жасаған.
ГРУЗИЯДАҒЫ СЦЕНАРИЙДІҢ ЖАҢҒЫРУЫ МҮМКІН
Кейбір ресейлік сарапшылардың айтуынша Мәскеу Баку мен Ашғабадтың және Еуропа Одағының мұндай ұстанымына шырт ете қалуы мүмкін. Себебі Кремль бұл құбыр салынатын болса, Каспий аймағында шетелдік күштер пайда болады деп қауіптенеді. Олардың ойынша Ресей мұндай қорлыққа төзбейді және бұл теке-тірестің соңы Грузиядағы сценарийдің қайталануына әкеп соғады. Тіпті әуе шабуылдары да болуы мүмкін. НАТО Югославия, Ауғанстан, Ирак, Ливия елдеріне күш қолданып жатқанда, Ресейдің де Каспий аймағына әскери күшін төгуіне ешкім де кедергі бола қоймас деп санайды «НГ» басылымының сарапшылары.
Ұлттық энергетика қауіпсіздігі қорының өкілі Константин Смирнов та осы пікірді нықтай түскен. Ол «Әскер қолдану – жалғыз шешім боп тұр. Ресейдің «Транс-Каспий» құбырына мұқтаж еместігі айдан анық» деп сұқбат берген.
Сарапшының пікірінше салынғалы жатқан газ құбыры жобасын дипломаттар сауатты жолдармен бөгеп, тоқтатады деп ойлаған. Егер дипломатиялық шаралар жемісін бермесе онда, амал жоқ әскер қолдану жалғыз жол боп қала береді.
РЕСЕЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ
«Транс-Каспий» құбырының жүзеге аспай тоқтап тұрғандығының өзі Ашғабадқа әлі ешкімнің Ресейдің әскери реакциясынан қорғап қаламын 100 пайыз кепілдік бермегенін көрсетіп тұрған жоқ па. Ашғабадты жылжытпай ұстап тұрған Грузияның мысалы ғой» дейді ресейлік сарапшы Смирнов.
Оның пайымдауынша бұл істе Иран Ресейге арқа сүйейді. Ал Қазақстан негізгі газ өндіруші ел болмағандықтан бейтарап қала береді. Бұл нарықта үлкен үлесі бар ел – Қытай. Алайда бұл құбырға дәл қазіргі кезде Қытайдың мұқтаждығы шамалы. Бейжің түркімен газын арзан бағамен сатып алып жатыр. Еуропаға жаңадан газ құбыры салынатын болса газдың бағасы күрт өседі. Бірақ бұл бағаны Қытай құптай қоймас.
Басылымның жазуынша ресейлік кейбір мамандар соғыс қимылдары туады деп есептемейді. Себебі «Транс–Каспий» газ құбыры құрылысын басқыншылық әрекет ретінде қабылдамау керек дейді олар. Қалай болғанда да Ресей болашақта АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа Одағы және басқа да Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын қиратып, өзінің де, өзгенің де басын қатерге байлай алмайды деп есептейді.