Желтоқсанның 22-сі күні Ақтауда қала әкімдігімен кездесу кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қызметінен босатылатынын хабарлады.
"Самұрық-Қазына" мемлекеттік қоры Қазақстанның ең ірі мұнай-газ барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаушысы "Қазмұнайгаз" компаниясының 100 пайыз үлесіне ие.
Желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында басталып, Шетпе станциясы мен Ақтау қаласына жайылған мұнайшылар толқуы арнайы полиция жасақтары оқ атқан қанды оқиғаға ұласқан еді. Бірнеше күнге созылған толқу кезінде, ресми есеп бойынша, 16 адам өліп, 100-ден астамы жараланған болатын.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бұл оқиғаларға мұнай компаниялары жұмыстан шығарған жұмысшылардың ереуілі түрткі болған.
"Қазмұнайгазға" қарасты "Барлау-өндіру" АҚ өндірістік бөлімі - "Жаңаөзенмұнайдың" бірқатар жұмысшылары биыл мамыр айында жаппай ереуіл бастаған. Бұдан бөлек "Қаражанбасмұнай" компаниясы мен оның "АрғымақТрансСервис" және "ТұлпарМұнайСервис" атты бөлімшелеріндегі мұнайшылар да жалақы коэфициенттерін ескеруді талап етіп ереуілге шыққан еді. "Рұқсат берілмеген ереуіл жасады" деген айыппен екі мыңға тарта мұнайшы жұмыстан шығарылған.