Accessibility links

ЖСДП жетекшілерін аштықты тоқтатуға шақырды


Солдан оңға қарай: Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарыбөпеев, "Азат" ЖСДП жетекшілері Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов. Жаңаөзен, қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Солдан оңға қарай: Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарыбөпеев, "Азат" ЖСДП жетекшілері Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов. Жаңаөзен, қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев, Ғаббас Қабышұлы, Мұхтар Шаханов, Жұмабай Шаштайұлы, ғалымдар Мұрат Әуезов, Тұрсын Жұртбай, ақын Темірхан Медетбек бастаған бір топ адам қамауда жатқан ЖСДП жетекшілері Болат Әбілов пен Әміржан Қосановқа хат жазып, аштықты тоқтатуларын сұрады.

"Құрметті Болат! Әміржан!" деп басталатын хатта "Жаңаөзен оқиғасын болдырмас үшін өздеріңнің бірнеше мәрте Жаңаөзенге барып, қоғам мен билікке Маңғыстау мұнайшыларының әділ талаптары туралы айтып, талай рет батыл-батыл сұрақ қойғандарыңды дүйім қазақ жұртшылығы жақсы біледі. Шенеуніктердің дарақылығы, менмендігі, дер кезінде шара қолданбай, ушығып тұрған мәселені жасырып, ақыры халықтық, ұлттық қасіретке айналдырғанын да халық білмейді емес, біледі!" деп жазылған.

Хат авторлары "Екеуіңнің де аштық жариялағандарыңды естідік және соған қатты алаңдап отырмыз. Жариялаған аштықтарыңды тоқтатыңдар! Осы айтқандарымызды жерге қалдырмайды деп сенеміз" деп, Әбілов пен Қосановтан "саяси күрестің ең ауыр түрін" тоқтатуды сұраған.

Қаңтардың 28-і мен ақпанның 25-інде Алматыдағы Абай ескерткішінің жанында оппозиция екі рет митинг өткізді. Осы оқиғаға байланысты ЖСДП жетекшілері Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды" деген айыппен 15 күнге қамалған. Кейбір белсенділерге митингіге қатысқаны үшін айыппұлдар салынды.
XS
SM
MD
LG