Accessibility links

Тулузада күдікті Мохаммед Мера өлді


Күдікті Мохаммед Мера. (Бірнеше жыл бұрын түсірілген видеодан алынған сурет)
Күдікті Мохаммед Мера. (Бірнеше жыл бұрын түсірілген видеодан алынған сурет)
Францияның Тулуза қаласында жеті адамның өліміне күдікті деп саналып, бекінген үйін екі күннен бері арнайы жасақ қоршап тұрған Мохаммед Мера шабуыл кезінде қайтыс болды.

Франция ішкі істер министрі Клод Геанның айтуына қарағанда, Мера арнайы жасақ сарбаздарымен атысып, олар қоршап алған кезде терезеден секіріп кеткен.

Шабуыл барысында үш полицей жараланған, оның бірінің халі ауыр.

Бұдан бұрын Франция ішкі істер министрлігінің өкілі Пьер-Анри Бранде Мераның әуелі полицияға берілуге көнгенін, бірақ кейін айнып қалып, 10 сағаттан бері хабарсыз отырғанын айтқан.

Париж прокуроры және тергеу тобының басшысы Франсуа Молан "24 жастағы Мера өз бетімен діни сауатын ашқан радикал салафит" деп сипаттады. Оның сөзінше, Мера Ауғанстанға екі рет барып, Пәкістанның Вазиристан уәлаятындағы содырлар лагерінде дайындалған. Францияда ұсақ бұзақылық істері үшін 15 рет сотталған.

Сәрсенбі күні Израильде Тулузадағы еврей мектебінде қаза тапқан үш бала мен раввинді жерледі. 11 және 15 наурызда оққа ұшқан француз сарбаздары Тулузаның маңындағы Монтобан қаласында жерленді.
XS
SM
MD
LG