Киевтің олимпиадалық стадионында өткен рәсімге UEFA басшыларының бірі Мартин Кален, чемпионаттың Украинадағы бөлігіне жауапты директор Маркиан Любкивский, Украинаның футбол федерациясының президенті Григорий Суркис пен дизайн бойынша байқаудың жас жеңімпазы Дарина Ковтун қатысты.
Билет дизайнын салған жас суретші қызға Суркис алғашқы билетті табыс етіп тұрып:
- Дарина мен басқа да көптеген балаларымыз үшін бұл билет жарқын болашақтың символына айналады деп сенемін, - деді.
Билеттің ұзын бойымен салынған гүл сабағының әрбір жапырағы бір стадион мен құрама команданың мемлекеттік туын бейнелейді. Гүлдің бүрінде нешінші матч екені көрсетіліп тұрады. Билеттің артқы бетінде стадионға қалай жету керектігі жөнінде ақпарат пен қауіпсіздік белгісі бар.
95 пайыздан астам билет сатылып кетті, 50 мың билет мамыр айының басынан сатыла бастайды.
Ал Варшавада өткен дәл осындай шара кезінде елдің Еуропа чемпионатына елші етіп сайлаған белгілі ардагер екі футболшысы Збигнев Бонек пен Анджей Шармах билет дизайны бойынша Польшада өткен суретшілер жарысының жеңімпаздарын құттықтады. Марта және Лукаш есімді екі жас суретшіге Польша-Греция матчына билет берілді.
- Жарысқа қатысқаныма соншалықты разымын. Жеңем деп ойламап едім, мына сыйлық та ерекше жұлде болды, - деді Марта есімді жас суретші.
Польшадағы матчтарға билеттер әлдеқашан түгел сатылып кетсе де, Украинада өтетін кейбір ойындарға әлі де билет алуға болады. Бұл туралы рәсім кезінде Мартин Кален хабарлады.
- 95 пайыздан астам билет сатылып кетті, 50 мың билет мамыр айының басынан сатыла бастайды, өйткені барлық қатысушы федерациялар өздеріне тиесілі үлестерін алып үлгерген жоқ, - деді Кален.
(Материал UEFA.com сайтындағы мәлімет негізінде әзірленді).