Accessibility links

Сауд Арабиясының тақ мұрагері дүние салды


Найеф бин Абд әл-Азиз, Сауд Арабиясының ішкі істер министрі қызметінде отырған кезінде. Мекке, 1 қараша 2011 жыл
Найеф бин Абд әл-Азиз, Сауд Арабиясының ішкі істер министрі қызметінде отырған кезінде. Мекке, 1 қараша 2011 жыл
Сауд Арабиясының король отбасы 16 маусым күні тақ мұрагері, Найеф (Наиф деп те атайды - ред.) бин Абд әл-Азиз әл-Сауд ханзаданың сырқатынан айықпаған күйі 70-ке қараған шағында қайтыс болғанын хабарлады. Абдулла король таратқан мәлімдемеге сәйкес ханзаданы 17 маусым күні Меккеде жерлейді.

"Әл-Ахбария" мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, "Найеф елден тыс жердегі ауруханада көз жұмған". Соңғы бірнеше ай бойы оның Швейцарияда емделіп келгені белгілі болды.

Найеф 1975 жылдан бері Сауд Арабиясының ішкі істер министрі қызметін атқарып келген болатын. Ол - "Әл-Қаидамен" күрес жүргізген саясаткер ретінде сипатталады. Найеф - "Судайридің жетеуі" атты ықпалды саяси топтың мүшесі болған. Бұл топқа Абдулазиз корольдің сүйікті әйелі Судайриден туған балалары кіреді. BBC-дің хабарлауынша, Найеф - консервативтік діни көзқарас ұстанған адам, "Сауд Арабиясының уаһһаби дәстүрінен айнымауына барын салған" саясаткер.

Марқұмның орнына тақ мұрагері ретінде қазіргі қорғаныс министрі Салман бин Абд әл-Азиз тағайындалады деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG