Accessibility links

Оппозиция Әбіқаевтан Тұрсыновқа берілген «өкілетті» сұрады


Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.
Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.
Бір топ саясаткер ҰҚК төрағасына арыз жазып, «Тұрсыновтың жолымен жүруге» ниет етіп отырғандарын мәлімдеді. Олар қамауда отырған саясаткерлерді 65-бап - шын өкіну бабы бойынша босатып алуға тырыспақ.

Шілденің 10-ында Алматыда өткен жиынға коммунист Серікболсын Әбділдин мен Ғазиз Алдамжаров, оппозициялық саясаткерлер Жасарал Қуанышәлин мен Петр Своик қатысты. Олар «Ермек Тұрсыновтың ҰҚК-ден рұқсат алып, Ақтауға барып, Атабаевты босатып алуы арқылы халықтың қаны төгілген репрессивті Қазақстан үшін ғажап іс тындырғанын» атап өтті.

- Бұл прецедентті ҰҚК өзі жасады. Ермек Тұрсынов та өзі секілді әрекет етуге кеңес берген еді. Енді біз де өзіміздің бастамамыз дәл Тұрсыновтың бастамасы секілді сәтті болады деген үміттеміз, - деді Жасарал Қуанышәлин.

Осы мақсатта олар ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевқа арыз жазып, «көп айдан бері қамауда отырған тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың, «Халық майданы» қозғалысының белсендісі Серік Сапарғалидың, кәсіподақ белсендісі Ақжанат Әминов пен жас оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың қамқоршылары ретінде дәл Ермек Тұрсыновқа берілген өкілеттіктермен – яғни тергеу материалдарымен танысу құқығымен, тұтқындармен СИЗО-да шектеусіз әңгімелесу құқығымен және олардан жауап алу процесіне қатысу құқығымен Ақтау қаласына баруға» рұқсат сұраған.

«ӨКІНДІРТУ»

Арызға қол қойған саясаткерлер өздерінің қамаудағылардың қайсысына қамқоршылық жасайтындығына қатысты «егер сіз қарсы болмасаңыз, не біз өзіміз шешеміз, немесе сіз өз қалауыңызбен шешіңіз» деп жазған. «Мұндай «қамқорлыққа» қамаудағы саясаткерлерді қалай көндірмексіздер?» деген Азаттықтың сұрағына коммунист Серікболсын Әбділдин:
Серікболсын Әбділдин, оппозициялық саясаткер, коммунист. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.
Серікболсын Әбділдин, оппозициялық саясаткер, коммунист. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.

- Біз бір-ақ нәрсеге көңіл бөлеміз. Олар кінәсіз отырғанын өзі мойындап отыр. Кінәсіз адам түрмеде отыра беру керек пе, жоқ па деген сұраққа бізден гөрі өздері жауап беруі керек. Сондықтан да қалай болса да түрмеден шығуға қатысты біздің айтқанымызға құлақ асатындай сөйлесеміз. Екіншіден, кінәсі бар ма жоқ па, қазіргі билік жұртты қамап жатқанын өздері көріп отыр. Анау Жәкішев деген аса қабілетті адамды түрмеге көп жылға тығып қойды. Ал енді соның жолы дұрыс па, әлде бостандыққа шығу керек пе - соны біз оларға тағы түсіндіреміз. Сонан соң ең бір қиын жағдай, ол бір жағынан дұрыс та болар, екінші жағынан оған қатты мән берудің қажеті жоқ. Ол – кеуде, адам кеудесі, «Мен қалай болса да ештеңе мойындамаймын, мойныма алмаймын» дегендей кеуде болады, біз кеудеңді бас дейміз. «Рас кінәң жоқ па, онда қай жол болса да, сен бостандыққа шығуға бізбен бірге көн» дейміз, - деп жауап берді.

Ал өзінің «Владимир Козловқа қамқоршы болғанын қалайтынын» айтқан саясаткер Жасарал Қуанышәлин «оны көндіру оңайға түспейді» деді.

- Бұл жерде 65-баптың шеңберіне кіретін, куәға аудару жөніндегі ҰҚК-нің талап етіп отырған жағдайын қанағаттандыру үшін «мен өкінемін» деген сөз қажет. Егер оларға осы соншалықты керек болса, мен Володяға «Я раскаиваюсь что не смог помешать расстрелу невинных нефтяников» деп жазып бер деп айтар едім. Меніңше, ол да соған көнер еді. Себебі бұл қылмысын мойындағандығы емес қой, ол керісінше біреудің қылмысын тоқтату қолымнан келмей қалды деген сөз ғой, соған өкінемін дегені, - деді Жасарал Қуанышәлин.

Ал Ғазиз Алдамжаров пен Петр Своик қамқоршы болуға дайын екендіктерін, бірақ қамаудағыларды босатып алуға күмәнданатындарын айтты.

«АҢҚАУЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕГІ»

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «қамаудағыларды босату туралы айтудың өзі дұрыс емес, себебі бұл – заңсыз» деді Азаттық тілшісіне.

- Досы келіп, өзара әңгімелесіп, босатты деген болмайды. Бұл – Тұрсыновтың ертегісі. Атабаевты ҰҚК өзі босатты - әрине, бұл жерде Атабаевтың өкінуін пайдаланды. Ал бұл істе Тұрсынов көмектескен еді. Біздің саясаткерлердің қазіргі ісі Тұрсыновтың айтқандары аңқауларға арналған ертегі екендігін ашып береді, - деді Дуванов.
Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист. Алматы, 8 желтоқсан 2010 жыл.
Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист. Алматы, 8 желтоқсан 2010 жыл.

Оның пікірінше, бұл істе қамауда отырғандардың өздері таңдау жасайтындығын ескерген жөн.

- Принцип немесе бостандық арасында таңдау жасауға тура келетін жағдайлар болады. Қазір қамауда отырғандардың әрқайсысы осы таңдау алдында тұр. Олардың әрқайсысы өзінің моральдық, саяси және өзге де күш-жігерінің негізінде шешім қабылдайды, - деді Сергей Дуванов.

Саясаткер Дос Көшім бостандық үшін кез-келген тәсілді қолданған жөн, бірақ «сол тәсілді қамаудағылар дұрыс деп таба ма, жоқ па - сол маңыздырақ» деп ойлайды.

- Саясатта өзінің күресін жалғастыратын адам болса, ондай адам шыққаны дұрыс. Бірақ осыны ұйымдастыратын адамдар шығатын адамның өзімен келісуі керек. Өйткені бәрібір ертең осы тәсілді қолданғанына қатысты оларға баға беріледі, - деді Дос Көшім Азаттық тілшісіне.

АТАБАЕВТЫҢ ҰСТАЛУ ТАРИХЫ

Биыл маусымның 15-інде театр режиссері, оппозициялық саясаткер Болат Атабаевты ҰҚК қызметкерлері ұстап әкетіп, оларды маусымның 24-і Ақтаудағы изоляторға жеткізген еді. Үш күннен соң Болат Атабаевқа, Жанболат Мамайға, Владимир Козлов пен Серік Сапарғалиға қылмыстық кодекстің 170 және 235-баптары бойынша қосымша айып тағылғаны белгілі болды. 170-бап – «конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру», ал 235-бап – «қылмыстық топ құру».

Шілденің басында режиссер, сценарист Ермек Тұрсынов Ақтауда Болат Атабаевты шығарып алу үшін ҰҚК-мен келіссөз жасап жатыр деген сыбыс тарады. Азаттыққа сұхбат берген Тұрсынов: "Болат Атабаев досым саясаткер емес. Басқалардың сөзіне еріп кеткен адам" деп мәлімдеді.

Көп ұзамай шілденің 4-іне қараған түні Болат Атабаевтың изолятордан шығып, Ермек Тұрсыновпен бірге Алматыға ұшып кеткені анықталды.

Шілденің 5-і Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген екі режиссердің әңгімесі бойынша Болат Атабаев 65-бап негізінде шын өкінуіне байланысты күдіктіден куәгерге айналған болып шықты, ал Ермек Тұрсынов ҰҚК-інде басталған "жылымықты" пайдаланып, қауіпсіздік саласының басшыларымен келісу арқылы досын босатып алғанын айтты.

Сол баспасөз мәслихаты кезінде Тұрсыновтың қылмыстық іспен еркін танысқаны, қамаудағы Атабаевтың өзімен де, адвокатымен де қалаған уақытында кездескені белгілі болды. Жиынға қатысқан кейбір оппозиция өкілдері мен қамауда қалған саясаткерлердің жақтаушылары Ермек Тұрсыновтан қамауда қалған жұртқа қатысты не істеуге болатынын сұраған болатын. Тұрсынов өзі сияқты ҰҚК төрағасына хат жазып, 65-бап бойынша босату туралы өтініш түсіру керек деп кеңес берген еді.
XS
SM
MD
LG