Accessibility links

Жетімдер үйінде өскен жастардың қоғамға бейімделуі қиын


Облыстық балалар үйінің түлегі Әсел Чебохина ұлы Тимофеймен бірге, "Ақ бесік" қоғамдық қорының негізінде құрылған шағын орталықта. Ақтөбе, 27 тамыз 2012 жыл.
Облыстық балалар үйінің түлегі Әсел Чебохина ұлы Тимофеймен бірге, "Ақ бесік" қоғамдық қорының негізінде құрылған шағын орталықта. Ақтөбе, 27 тамыз 2012 жыл.
Ақтөбенің Әлия Молдағұлова даңғылындағы жалдамалы пәтерге аптасына үш рет сәбилерін жетектеген жас аналар жиналады. Бұл пәтер – жетімдер үйінен шыққан жастарды қолдау мақсатында құрылған «Ақ бесік» қоғамдық қорының уақытша мекені.

Ақтөбенің іргесінде тұрған (45 километр - ред.) Алға қаласындағы балалар үйінің түлегі, заңгер Салтанат Махмутова құрған «Ақ бесік» қоғамдық қоры 2009 жылдан бері ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға құқықтық қолдау көрсетіп келеді. Осы қор жеңіп алған грант негізінде жуырда шағын орталық ашылды.

МЫҢ ҚИЫНДЫҚТЫҢ БІРІ

Тағдырластар бас қосып, түрлі мәселелерді талқылайтын қордың өз психологы да бар. Шағын орталықтың психологы Сәуле Есқазина жас ата-аналардың тұлға ретінде дамуына да мән беріп, түрлі тренингтер өткізе бастапты.

– Бірде психолог менен отбасымдағы әдеттер туралы сұрады. Сасқалақтап қалдым. «Мәселен, сіздер кешкі асты бірге ішесіздер ме?» деді ол нақтылай түсіп. Жолдасым жұмыстан кеш келеді. Сондықтан қызым екеуміз одан бұрын тамақтанатынбыз. Сөйтсем, кешкі асты бір дастарханның басында отырып, бірге ішу де де отбасылық дәстүр екен. Мен отбасында тәрбие алып, ондай өнеге көрген жоқпын. Ал қазір кешкі асқа мерекеге баратындай дайындаламыз, – дейді қор басшысы Салтанат Махмутова.
"Ақ бесік" қоғамдық қорының директоры Салтанат Махмутова қызы Даниямен бірге. Ақтөбе, 27 тамыз 2012 жыл.
"Ақ бесік" қоғамдық қорының директоры Салтанат Махмутова қызы Даниямен бірге. Ақтөбе, 27 тамыз 2012 жыл.

Салтанат Махмутованың айтуынша, «сот ата-аналық құқынан айырған азаматтар баласы жетімдер үйіне жіберілген соң өз пәтерінде қалады – ал мектеп-интернатты тәмамдаған жасөспірім қайтадан сол үйге оралуға мәжбүр».

– Өйткені заң бойынша оның да сол баспанада тұруға құқы бар. Ал жылдар өтсе де өмір салты өзгермеген ата-ана мен өзге ортада өскен жасөспірім тілі табыса ала ма? Әрине, жоқ! Немесе жетім баланың ата-анасынан қалған мұраны өзге біреулер иемденіп алады. Бұл – жетімдер үйінен шыққан жасөспірімдер кезігетін мың қиындықтың бірі ғана, – дейді «Ақ бесік» қоғамдық қорының директоры Салтанат Махмутова.

«ЖЕТІМДЕР ҮЙІ – ҚОҒАМНАН ОҚШАУ ОРТА»

Шағын орталыққа күніне 10-15 адам келіп тұрады. Үш жасар Тимофейдің анасы Әсел Чебохина – солардың бірі. Әсел Ақтөбеге іргелес Алға қаласындағы облыстық балалар үйінде өскен. Жолдасы Максим де – жетімдер үйінің түлегі.
Жетімдер үйінен соң қайтерімді білмей абдырап қалдым. Мына қоғам маған өгей. Жетімдер үйінен шыққан жастың өмірге бейімделуі өте қиын.
Әсел Чебохина.

– Жетімдер үйінен соң қайтерімді білмей абдырап қалдым. Мына қоғам маған өгей еді. Ата-анасының бауырында өскен бала дүкенге барып, нан сатып алады. Автобусқа өз бетінше мініп, тым құрыса жұмыртқа қуырып жейді. Басқасын былай қойғанда мен үшін осылардың өзі мүлдем бейтаныс нәрселер еді. Жетімдер үйі – қоғамнан оқшау орта. Ал ол ортадан шыққан жастың өмірге бейімделуі өте қиын, – дейді Әсел Чебохина.

Қазір отбасы, тұрақты жұмысы, екі бөлмелі пәтері бар Әсел өзін «жолым болғыш адаммын» деп санайды. Оның айтуынша, жетімдер үйінде өскен жастардың отбасын құрып, ел қатарлы тірлік кешіп кететіндері некен саяқ.

23 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ҚАМҚОРЛЫҚ

– Алға қаласындағы облыстық балалар үйін биыл 39 түлек тәмамдады. Соның 25-і қазір Ақтөбедегі жасөспірімдер үйінде тұрып жатыр. Жасөспірімдер үйі жетім балаларға 23 жасқа толғанша қамқорлық көрсетеді, – деді Алғадағы балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин.

Кенжеғазы Байғазиннің айтуынша, биылғы түлектердің он шақтысы арнайы орталықта емес, туыстарының үйінде тұруды қалаған. Директор кәмелетке толған жастардың қалауына қарсы тұра алмағанын айтады.
"Ақ бесік" қоғамдық қорының негізінде құрылған шағын орталыққа келуші балалардың бірі Дания кір жуатын машинаны қызықтап тұр. Ақтөбе, 27 тамыз 2012 жыл.
"Ақ бесік" қоғамдық қорының негізінде құрылған шағын орталыққа келуші балалардың бірі Дания кір жуатын машинаны қызықтап тұр. Ақтөбе, 27 тамыз 2012 жыл.

Қала сыртындағы саяжайлардың бірінде шағын үйшікті паналап отырған Инна Бондарь да – Алғадағы балалар үйінің түлегі. Иннаның айтуынша, жетімдер үйінде бірге өскен жолдасы тұрмыстың тауқыметіне төзе алмай, ішкілікке салынып кеткен. Жалғызбасты келіншектің тұрақты табысы да, баспанасы да жоқ. Алды биыл мектепке баруы тиіс бес баласы бар. Оның екеуі қазір өкпелері қабынып, ауруханада жатыр.

«Мұндай жастарды қоғам болып қолдау керек» дейді «Ақ бесікке» қаржылай қолдау көрсету мақсатында келіп отырған азамат, Ақтөбе облысындағы Тамды балалар үйінің 1977 жылғы түлегі Сапар есімді жігіт ағасы.

– Мен де тұлдыр жетіммін. Бірақ менің заманымда білім ақысыз, жұмыс та, баспана да бар болатын. Ал мынау – төрт құбыласы түгел адамның өзін жүндей түтіп жіберетін қоғам. Бірақ, басына қандай күн туса да, кез-келген мемлекет үшін ең басты құндылық адам болуы тиіс, – деді жасы елуді маңайлап қалған Сапар.
XS
SM
MD
LG