Accessibility links

«Азияда соғыс шықса, судан шығады»


Қазақстан солдаттары оқу-жаттығу кезінде Іле өзенінен өтіп барады. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан солдаттары оқу-жаттығу кезінде Іле өзенінен өтіп барады. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Нью-Делидегі саяси зерттеулер орталығының профессоры Брахма Челлани Азия елдері арасында су ресурстарына талас туындауы мүмкін деп болжайды. Ол Қазақстан мен Қытайдың су таласын да сөз етеді.

«Су: Азиядағы келесі ұрыс алаңы» кітабында Челлани Азиядағы тұщы су адам басына шаққанда басқа құрлықпен салыстырғанда аз екенін жазады.

«Соған қарамастан бұл елдерде суды ластап, ысырап ету уақыт өткен сайын күшейіп барады» дейді ол.

Азаттықтың Нью-Йорктегі тілшісіне зерттеуші ықтимал қауіп туралы баяндап берді.

- Азиядағы су мәселесіне қатысты пікірталастар жайлы айтып өтсеңіз. Жағдай қалай өрбиді деп ойлайсыз?
Нью-Делидегі саяси зерттеулер орталығының профессоры Брахма Челлани. АҚШ, 23 қаңтар 2013 жыл.
Нью-Делидегі саяси зерттеулер орталығының профессоры Брахма Челлани. АҚШ, 23 қаңтар 2013 жыл.

- Су Азияның көп бөлігінде, Таяу Шығыста, Орталық Азияда және Кавказда даулы мәселеге айнала бастады. Менің ойымша, тұщы су тапшылығы қақтығысқа әкеледі.

- Кітабыңызда Ауғанстанда соғыс су қоймасынан шығуы мүмкін депсіз. Оны қалай түсінуге болады? Мысал келтіре аласыз ба?

- Ауғанстан мен Йеменді гидрологиялық мәселе бойынша ішкі қақтығыс туындаған ел ретінде мысалға алуға болады. Су ресурсын басқару мәселесі ел ішіндегі бөлініске себеп болады. Құдық пен ағынды судың тапшылығынан қатты зардап шегетін Ауғанстанның кей жерлерінде су қоймасына иелік ету қақтығыстың негізгі себебі бола бастады. «Су әскербасы» деген атауға лайық қожайындар пайда болды, олардың басты міндеті – су көздерін бақылау. Бұл әскербасылардың жасағы да бар, олар өздеріне бөлінген қауым немесе провинцияның суды мөлшермен тұтынуын қадағалайды.

«ҚЫТАЙ ҮШ ЕЛДІ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫР»

- Ал Орталық Азиядағы жағдай қандай?

- Су - Орталық Азиядағы даулы мәселенің бірі. Шекарасы белгіленбеген аймақтарды есепке алсақ, судың дауы тіпті ушыға түседі. Орталық Азияның кей бөліктерінде шекаралар нақты бөлінбеген, сондықтан су ресурстарын ортақ пайдалану мен шектеу мәселесі туындайды. Мемлекеттер арасындағы және мемлекет ішіндегі бәсекелестік ушығады. Орталық Азияның тұрақтылығына қауіп төндіретін мәселелердің ішіндегі ең өткірі су мәселесі болса керек. Орталық Азия ауыз суға кедей аймақ, сондықтан оған талас та аяусыз болмақ. Судың жоғарғы ағысында орналасқан елдер – Қырғызстан мен Тәжікстан төменгі ағыста отырған негізгі тұтынушылар – Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанға қарағанда әлсіз елдер.

- Сіз Қытай Ресей, Қазақстан және Қырғызстанды сумен қамтамасыз етіп отыр деп жазасыз. Осы гидрологиялық байланысты қалай түсіндірер едіңіз?

- 1949 жылы күшпен тартып алған Қытайдағы Шыңжаң - Ресей, Қазақстан және Қырғызстанды сумен қамтамасыз ететін көзге айналды. Мысалы, Қара Ертіс Қазақстанға ағып барады, одан ары Ресейге өтіп, Обь өзеніне қосылады. Іле өзені де Қазақстан мен Ресейді біраз алаңдатты. Себебі Іле - Ресей, Батыс Сібір және Қазақстан үшін маңызды өзен. Қазақстандағы Балқаш көлі Арал теңізінің тағдырын қайталауға жақын: Қытайдан келіп Балқашқа құятын Іленің суы суару ісіне және басқа гидроэнергетикалық жобаларға қолданылып жатыр.

- Бұл мәселе Қытай, Ресей, Қазақстан және Қырғызстанның қарым-қатынасына қалай әсер етті?
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Қытай басшысы Ху Цзиньтаоға тост көтеріп, тілек айтып тұр. Пекин, 22 ақпан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Қытай басшысы Ху Цзиньтаоға тост көтеріп, тілек айтып тұр. Пекин, 22 ақпан 2011 жыл.

- Қазақстан мен Қытайдың арасында жасырын шиеленіс бар, бірақ Қазақстан - әлсіз мемлекет. Қырғызстан да сондай. Сондықтан бұл екі елдің Қытай әрекетіне қарсы тұруы екіталай - жария қарсылық танытқаннан гөрі, жеке отырып күңкілдеуге ғана шамасы жетеді. Бірақ Қазақстан үкіметінің осы мәселені көпшілік алдында көтергенін атап өтуге болады. Қытайдағы Іле және Қара Ертіс өзеніне қатысты біржақты жобалар туралы сөз қозғады. Қытаймен терезесі тең, үлкен мемлекет Ресейдің дауысы қатты шықты. Бірақ олар да қарсы екендерін мәлімдеуден ары аса алар емес. Түптеп келгенде олардың бәрі не істей алады? Қытайдың өзендерге бөгет салуына қарсы соғыс аша алмайды. Қолдарына қару алғаннан басқа әрекеттің бәрін байқап көрді – дипломатиялық тұрғыда сыпайы өтінді, қатты уәжбен қарсылық білдірді, қытайларды пікірталасқа шақырды – ешбірі нәтиже бермеді.

ӘЛСІЗДІҢ ҮНІ ШЫҚПАЙДЫ

- Кітабыңызда Пәкістанның суға зәру ел екенін жазыпсыз. Бірақ Үндістан өзіндегі тұщы судың 80 пайызын Пәкістанға беріп отыр, соның нәтижесінде үнділердің гидрологиялық жағдайына зақым келді дейсіз. Пәкістанның қазіргі жай-күйін түсіндіріп бересіз бе?

- Пәкістандағы су мәселесінің асқынуына экспортқа шығаратын азық-түлік өнімдерін өсіргені ықпал етті. Олар - суды барынша қажет ететін өнімдерді өсіретін, бірақ өзі судан тарығып отырған ел. Яғни, ауылшаруашылық өнімдерінің ішінде ылғалсүйгіш өсімдіктер - күріш пен мақта өсіріп, экспорттайды. Пәкістан әлемде күріш экспорттаудан үшінші орын, ал мақта шығарудан төртінші орын алады. Сондықтан Пәкістандағы су мәселесін шешу үшін экономикасын түбегейлі өзгертіп, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіруді азайту керек болады.

- Тәжікстандағы Рогун бөгетінің құрылысы аяқталса, экономикалық тұрғыда бұл көрші елдермен арадағы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?

- Рогун су электр станциясы (СЭС) - совет кезеңінде құрылысы басталған кәсіпорын, өзбектер оны тоқтатып тастады. Вахш бөгетін де (Сангтудин СЭС) тәжіктердің салып бітіргісі келеді, бірақ оны тұрғызса, өзбектер әскери шара қолданамыз деп оңаша да, жария да мәлімдеді. Өзбектер төменгі ағыста орналасса да саяси және әскери артықшылығын көрсетіп, доңайбат жасайды - солайша Тәжікстан мен Қырғызстан халдері мүшкіл екенін түсінеді. Олар көңілдері соққан жобаны жүзеге асыра алмайды, себебі төменгі ағыстағы күшті елдер келісім бермейді. Өз бетінше іске кірісуге тағы қорқады. Орталық Азиядағы осы жағдайларды есепке алып, Рогун немесе Вахш бөгетінің құрылысы аяқталады дегенге сенбеймін. Бірақ олардың біреуі немесе екеуі бірдей салынса, төменгі ағыстағы Өзбекстанға ықпал етеді, әр бөгеттің экологиялық ықпалы да болады. Бұл ірі бөгеттер Совет Одағының бастамасы болатын.

Сұхбатты ағылшын тілінен Динара Мәзін аударды.
XS
SM
MD
LG