Accessibility links

СІМ: Бостон күдіктілерінің "Қазақстанда тұрғаны" расталмады


Бостонда жарылыс жасады деген күдікке ілінген Джохар Царнаев.
Бостонда жарылыс жасады деген күдікке ілінген Джохар Царнаев.
АҚШ-тың Бостон қаласында болған екі жарылыстан кейін полиция екі күдіктінің аты-жөнін жариялаған еді. Олар: Джохар және Тамерлан Царнаевтар.

Алғашқы ақпараттарға қарағанда, олар - Ресейдің Солтүстік Кавказ өлкесінде дүниеге келген ағайынды шешендер.

19 сәуірде Азаттық тілшісі ағайынды Царнаевтар оқыған Махачкаладағы (Дағыстан) мектепке хабарласты. Мектептің хатшысы Царнаевтардың Қырғызстаннан келгенін, мектепте бір жыл оқығандарын, одан кейін отбасыларымен АҚШ-қа көшкенін айтты.

Ал CNN телеарнасы тергеу мәліметтеріне сілтеме жасап, "күдіктілер бірнеше жыл Қазақстанда тұрған" деген ақпарат таратты.

"Олар отбасымен 1990-жылдардың басында Қазақстанға көшкен. Бірнеше жыл тұрғаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударған" деп хабарлайды CNN.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттық тілшісіне CNN таратқан ақпараттың қате болуы мүмкін екенін айтты. Өкіл сыртқы істер министрлігінің көші-қон комитетімен және ішкі істер министрлігімен аты аталған азаматтардың Қазақстанда тұрған-тұрмағанын анықтап жатқанын хабарлады.

Көп ұзамай СІМ ресми вебсайтында: "Бүгінге дейін біз бұл хабарламаларды растайтын деректерді таба алмадық" деген мәлімдеме жариялады.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, 19 сәуірге қараған түні бір күдіктіні тұтқындау операциясы болған. Ол тұтқындауға қарсылық көрсетіп, оқ атқан, полицейлер оның көзін жоюға мәжбүр болған. Өлген күдіктінің аты-жөні - Тамерлан Царнаев (26 жаста). Екінші күдікті Джохар Царнаев (19 жаста) бостандықта. Полиция оны Бостон қаласының шетіндегі Уотертаун ауданынан іздестіріп жатыр.

Полиция ағайынды Царнаевтарды 18 сәуір күні тұтқындамақ болғанда, күдіктілер біреудің автокөлігін ұрлап мініп қашқан. Атыста бір полицей қаза тауып, бір полицей жараланған.

15 сәуірде Бостон марафоны кезінде болған екі жарылыстан 3 адам қаза тауып, 170-ке тарта адам жараланған еді. Федералдық тергеу бюросы теракт жасады деген екі күдіктінің суретін 18 сәуірде жария еткен болатын.
XS
SM
MD
LG