Accessibility links

Кандидат халыққа жаға ма, Хаменеиге жаға ма?


Ирандағы ең жоғары лауазымды тұлға – аятолла Әли Хаменеи.
Ирандағы ең жоғары лауазымды тұлға – аятолла Әли Хаменеи.

Иранда маусымның 14-інде өтетін президент сайлауына кандидаттарды тіркеу жалғасып жатыр. Сарапшылар ақтық шешімді айтатын рухани жетекші аятолла Хаменеи кімді қолдауы мүмкін деп бал ашады.

Ирандағы президент сайлауы бюллетеньдеріне кімнің есімі жазылуы керек деген мәселеде ақтық шешімді айтатын Ирандағы ең жоғары лауазымды тұлға – аятолла Әли Хаменеидің жаңа президенттің бойынан қандай ерекшеліктерді байқағысы келетінін сарапшылар жарыса талқылап жатыр.

АЯТОЛЛАҒА АДАЛДЫҚ ЖӘНЕ МОЙЫНСЫНУ - БАСТЫ ҚАСИЕТТЕР

Егер Иранның жоғары басшысы келесі президенттің құзыретін тәптіштеп тізер болса, діни басшылыққа деген адалдық пен мойынсынушылық кандидатқа қойылатын талаптар тізімінде бірінші болып жазылар еді.

Болашақ президенттің Иранның теократиялық құрылымымен қалай қабысуы керектігі жөнінде рухани жетекші әр жерде там-тұмдап айтқан.

«Атқарушы билік тізгінін ұстайтын адамдар біздің жауларымыздың қысымына қарсы тұра білуі керек», - деген еді ол сәуірдің 27-сі күні жұмысшылар алдында сөйлеген сөзінде.

Мамырдың 6-сы күні сайлау комиссиясы қызметкерлерімен кездесуде аятолла арманындағы кандидаттың бейнесін сомдап, оның «халықтың ішінен шыққан, еңбекқор, ақылды әрі күшті адам болуы керектігін» айтқан.

«МҰНДАЙ КАНДИДАТТЫҢ ТАБЫЛУЫ ЕКІТАЛАЙ»

Сарапшылардың айтуынша, Хаменеидің қолайына жағатын кандидат оның өзі сияқты революциялық құндылықтарға шын берілген, оның Батысқа қарсы ұстанымын қолдайтын және АҚШ-қа күдіктене қарайтын адам болуы тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа кандидат халықаралық санкциялар мен әлсіз ішкі басқару жүйесінен титықтаған ел экономикасына жан бітіре алатын прагматик болуы керек. Хаменеидің өзі де санкциялармен күресіп, мұнай саудасына тәуелділіктен құтылу үшін «қарсыласушы экономика» құру қажеттігін бірнеше рет айтқан.

Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының Иран бойынша сарапшысы Карим Саджадпурдың айтуынша рухани жетекші бір адамның бойынан екі әлемнің ең озық үлгілерін: қолсүйгіш, революцияшыл идеологын және халықтың қолдауына ие жақсы менеджерді көргісі келеді. «Мұндай кандидатты табу қиынның қиыны. Бұл талаптардың барлығына жауап беретін адам бар деп ойламаймын» дейді сарапшы.

Стэнфорд университетіндегі Иран мәселелері бағдарламасының директоры Аббас Милани де осы пікірді қуаттайды. Оның айтуынша, Хаменеи бір адамның бойында қабыспайтын ерекшеліктерді талап етіп отыр.

«Бір жағынан ол өзіне толық бағынышты адамды іздеп отырса, екінші жағынан ол адам елдің экономикалық мәселелерін шешіп, халықаралық беделін арттыруы керек. Ол (Хаменеи – ред.) өзі басты адам болып қала бергісі келеді» дейді Милани.

ХАМЕНЕИДІҢ ҚОЛДАУЫ ЖӘНЕ БИЛІК ҮШІН ТАЛАС

Бір қызығы, 2005 жылы Хаменеи дәл осындай ұстаным бойынша президенттікке лайық адамды тапқан. Сол жылғы президент сайлауында күтпеген жерден жеңіске жеткен Махмұд Ахмадинежад Иранның жоғары басшысы мен ықпалы күшті Ислам революциясын қорғаушылар корпусының қолдауымен билікке келген деп саналады. Ахмадинежадтың көп дау тудырған 2009 жылғы екінші жеңісі де Хаменеидің құптауымен жүзеге асырылған.

Мұның алдындағы прагматик президент Акбар Хашеми Рафсанжанидікіне қарағанда Ахмадинежадтың көзқарасы өзінікіне жақын екенін Хаменеидің өзі 2009 жылы мойындаған. Араларына сызат түскеніне қарамастан, Хаменеи Ахмадинежадты қолдайтынын 2010 жылы қайталап айтқан.
Иран президенті Махмуд Ахмединежад (оң жақта) пен осы елдің рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи.
Иран президенті Махмуд Ахмединежад (оң жақта) пен осы елдің рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи.

«Қазіргі жағдайда көзқарастар айырмашылығы бар, мен кейбір жайттармен келіспеймін» деген еді Хаменеи 2010 жылы. «Бірақ қазір жоғары басшы әлдене айтса, президент оны қабылдап, бұлжытпай орындайды», - дейді Семинария мұғалімдері қауымдастығының мүшесі Ходжатолеслам Есламиан.

Әрине, бұл пікірлердің барлығы Ахамединежад пен Хаменеидің арасындағы билік үшін тартысқа дейін айтылған, Ахмадинежадтың содан бері беделі түсіп қалды.

Өкілеті аяқталған президенттің атқарушы билікке ықпалын күшейтуге тырысқан әрекеттері, оның өз ізбасары делініп жүрген Есфандиар Рахим Машеидің ықпалды діни басшылыққа қарсы шараларын қолдауы және оның ел ішінде де шетелде де конфронтациялық әдісті қолдануы Ахмадинежадтың көп жақтастарының жүрегін шайлықтырған. Ақыр аяғында Хаменеидің бұрынғы протежесі кейін оның бас ауруына айналды, енді жоғары басшы Ахмадинежадтың биліктегі екінші мерзімі тәмамдалған соң оны саяси ықпалынан айыруға бар күшін салып жатыр.

«МӘСЕЛЕ ТУДЫРМАЙТЫН, БОС УӘДЕ БЕРМЕЙТІН ПРЕЗИДЕНТ КЕРЕК»

Осы ащы сабақтан соң Хаменеи мұндай қателікті тағы да қайталамауға күш салады дейді болжағыштар. Наурыз айында сөйлеген сөзінде ол елдің келесі президенті алдыңғы басшының жақсы жақтарын алуы керек деп, оның көлеңкелі жақтары туралы сыр бүгіп қалған. Сондай-ақ ол «мәселе» тудырамайтын және «негізсіз уәде беремейтін» президенттің билікке келгенін қалаймын деген.

Иран бұрын-соңды болмаған халықаралық қысымға душар болып тұрған тұста Хаменеиге биліктегі ауызбірлік ауадай қажет, мұның үстіне ол «бөлшектеу» саясатын ұстанған Ахмадинежадтың кесірінен ел билігінде пайда болған сызаттарды жоюы керек.

Хаменеи жоғары басшы тағайындайтын мүшелерден тұратын Конституциялық қадағалау кеңесі және сайлауды бақылайтын Орталық сайлау басқармасына үлкен ықпал етеді, ал президенттікке кандидаттардың соңғы тізімінін осы Конституциялық қадағалау кеңесі бекітеді.

Осыны ескере келе келесі президент Хаменеиге жақын саяси топтың ішінен таңдалады деп болжам жасауға болады.

ХАМЕНЕИ ӘЛДЕ ЭЛЕКТОРАТ?

Машеи сияқты Ахмадинежадқа жақын тұлғалардың жоғары басшының қолдауына ие бола қоюы екіталай. Сондай-ақ, реформист кандидаттардың да Хаменеидің ақ батасын алуы неғайбыл, себебі ол реформистер тобын саяси сахнадан сәтті түрде аластап тастады.

«Діни басшылыққа шын берілгендігімен әйгілі консерватор тұлғалардың арасында Хаменеидің толық сеніміне кіретін таңдаулы адамдардың ғана биліктен дәмеленуге үміті бар», - дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының Иран жөніндегі маманы Мехди Халаджи.

– Хаменеи жеке және топтық амбициясы аз, өзінің менеджері болатын, өзі берген тапсырмаларды орындайтын адамды билік басына қойғысы келеді, – дейді Халаджи.

– Президенттік тақтан үміткер қайсысының – Хаменеидің әлде халықтың қолдауына көбірек назар аударады екен, сол жағы қызық болып тұр. 73 жастағы революция идеологының қолайына жағатын ұрандар мен көбіне жастардан тұратын заманауи электоратқа бағытталған ұрандардың айырмашылығы жер мен көктей, – дейді Карнеги қорының Иран жөніндегі сарапшысы Кәрім Саджадпур.

Материалды ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG