Accessibility links

Астананы адам азаптауды доғаруға шақырды


Түрмедегі тұтқынның жағдайын білуге келген туысы. Алматы, 30 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Түрмедегі тұтқынның жағдайын білуге келген туысы. Алматы, 30 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Amnesty International ұйымы жаңа баяндамасында елдегі азаптаудың әдеттегі құбылысқа айналғанын, азаптаушылардың жазаланбайтынын айтып, Қазақстан билігін сынаған.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 2010 жылдың ақпанында Қазақстан билігінің БҰҰ-ға «азаптау толық жойылмайынша тыныш таппаймыз» деп уәде бергенін, бірақ оны орындамағанын айтады. Ұйымның шілденің 11-і күні жариялаған есебіндегі мәліметке қарағанда, 2013 жылы Қазақстанда адам құқық қорғау органдарының азаптауға қатысы бар өкілдері жазаланбай қалған.

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕ

Amnesty International «Ескі әдеттер: Қазақстандағы азаптау мен басқа да қатыгез қарым-қатынас түрлерін тұрақты қолдану» атты баяндамасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «азаптауды доғарамыз, оны қолдану оқиғаларын толық тексереміз» деп халықаралық қауымдастыққа жалған уәде берді» деп айыптайды.

Баяндама авторлары «Оның дәлелі – 2011 жылғы Жаңаөзендегі ереуілде қауіпсіздік қызметкерлерінің адам өліміне ұласқан әрекеттерге баруы және жұмысшыларды дәлелсіз тұтқындап, тергеуі, осы оқиға бойынша сотталғандарды азаптап, оларға қатыгездік көрсетуі» деп жазады.

Жаңаөзен оқиғасынан жарты жыл өткен соң билік өкілдері «адам құқы жөніндегі халықаралық міндеттерге сай барлық өтініштерді мұқият, адал тексердік» деп мәлімдеген еді.

Amnesty International «Алайда жәбірленушілер мен олардың қорғаушыларынан, үкіметтік емес ұйымдардан түскен жүздеген хабарларға және Жаңаөзендегі адам өлімдері оқиғаларының түгелдей анықталмағанына қарамастан, полиция қызметкерлерінің шағын тобы ғана сотқа ілікті» деп жазады.

Азаттық Қазақстандағы азаптау оқиғаларына қатысты көптеген шағымдар түскені туралы бірнеше рет жазған еді. Amnesty International баяндамасында қоғамның назарына іліккен осындай шулы оқиғалар мысалға келтіріледі.

ЖАЗАЛАНБАЙ ҚАЛҒАНДАР

Үкімет «азаптау мен басқа да қатыгездік жасау мәселелері шешілді» деп бірнеше рет мәлімдегенімен, Қазақстанның барлық аймақтарында азаптаудың кеңінен қолданылғаны туралы хабарлар үкімет бұл сөзіне қайшы келіп отыр, бұның өзі арнайы қызмет органдары бұрынғы әдісінен жаңылмағанын көрсетеді.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Роза Төлетаева (ортада) ереуілде отыр. Жаңаөзен, 2011 жылдың шілдесі.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Роза Төлетаева (ортада) ереуілде отыр. Жаңаөзен, 2011 жылдың шілдесі.
Оған Жаңаөзен мұнайшыларын қолдаған азаматтық белсенді Роза Төлетаеваны мысалға келтіруге болады. Ол 7 жылға сотталды. Кейіннен мерзімін 5 жылға азайтты. Сотта ол түрлі азап пен сексуалдық қорлықты бастан өткергенін, 14 жасар қызына қысым жасалғанын мәлімдеді.

Билік органдары бұл азаптау оқиғаларының болғанын мойындамай отыр, соның ішінде Жаңаөзен оқиғасына қатысты ұсталған азаматтардың сот кезінде көрген қорлықтарын атауға болады.

2012 жылдың наурызында наразылық акциясын ұйымдастырды деп айыпталған 37 адамның көбі «мойындату» үшін әртүрлі азап көргендерін айтты.

ОҢАША ҚАМАУДАҒЫ АЗАПТАУ

2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстан бас прокуратурасы Amnesty International ұйымына түрме тәртібін бұзған тұтқындарды оңаша камераға қамау мерзімі бір айдан аспайды деп мәлімдеген еді. Бас прокуратураның дерегі бойынша, тіпті өмірлік жазаға кесілгендердің өзі оңаша қамауда отырмайды. Алайда Amnesty International оңаша қамау адам құқығын бұзу деп санайды. Ұйымға Қазақстан билігінің оңаша қамау әдісін қолданып отырғаны туралы ақпараттар көп түскен.

Жазушы-диссидент және ақын Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша сотта тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.
Жазушы-диссидент және ақын Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша сотта тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.
60 жастағы жазушы-диссидент әрі ақын Арон Атабек 2006 жылы ұсталып, Алматының шетіндегі Шаңырақ ауылында «көтеріліс ұйымдастырды, соның кесірінен полиция қызметкері қаза тапты» деген айыппен 18 жылға сотталды.

Арон Атабек түрмедегі мерзімінің біраз бөлігін оңаша қамауда өткізді.

Азаттық дерегі бойынша, ол Арқалық қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде екі жыл оңаша камерада отырған. Өткен жылдың соңында ол тағы екі жылға «жабық» камераға ауыстырылды. Оған «колонияның ішкі тәртібін қасақана бұзды» деген айып тағылды.

АЗАПТАП МОЙЫНДАТУ

Amnesty International баяндамасында соттардың азаптау туралы дерекке мән бермеген сәттері айтылады. Мысалы, Олег Евлоев пен Дмитрий Тян «астаналық кәсіпкер Марат Есімсейітовтің әйелі мен балаларын әдейі өлтірді» деген айыппен 2009 жылдың маусымында 25 жылға түрмеге және өмір бойы қамауда отыруға кесілді. Олар «айыпты мойындату үшін бізді азаптады» деп мәлімдеді.

Судья алқабилерден «дәлелсіз пікірді» есепке алмауды сұраған. Олег Евлоевті тұтқындағаннан кейін жазылған видеоны (онда Евлоевтің денесі соққыдан көгеріп қалғаны көрсетілген) айыптаушылар жоғалтып алған.

Олег Евлоев пен Дмитрий Тян сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.
Олег Евлоев пен Дмитрий Тян сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.
2009 жылдың қарашасында Қазақстан жоғарғы соты екі айыпталушының да апелляциясын қабылдамады. Азаптау туралы шағымға қатысты ешқандай тексерулер жүргізілмеді. Сотталғандарды Қостанай облысындағы екі түрлі түрмеге жіберді.

Олег Евлоевтің 73 жастағы әкесі Астанада тұрады, ол ұлымен жылына бір рет 15 минут қана кездесе алады. 15 минуттық кездесуде ол ұлынан бес метр қашықтықта отыруға тиіс, алты полиция қызметкері олардың әңгімесін тыңдап, бейнежазбаға түсіріп алады.

Ал Дмитрий Тянды 2010 жылдың қарашасында Қостанайдағы түрмеге ауыстырды. Оның әйелі Ирина Хан екі ай бойы күйеуінің қай колонияға жіберілгенін біле алмаған. Ол күйеуімен төрт айда бір рет қана кездесе алады. Қостанайға барып-қайту үшін Ирина бір айлық жалақысы мен 14 сағат уақытын жұмсайды.

АЗАПТАУДЫ ТОҚТАТУ ЖОЛДАРЫ

Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің адамдарды азаптаған және қызметтік өкілеттіктерін асыра қолданған арнайы қызмет өкілдерін ешкім тексермейтінін, ол істерге қатысты тәуелсіз тергеу жасалмайтынын айтады. Amnesty International адам құқығынан қауіпсіздікті жоғары қоятын мұндай «мәдениетті» өзгерту қажет деген қорытынды жасайды.

Ұйым Қазақстан үкіметіне ұсыныстарын да жариялаған.

Amnesty International Қазақстан президенті Назарбаевты Жаңаөзендегі қауіпсіздік органдарының жөнсіз күш қолдануына қатысты халықаралық тәуелсіз зерттеулер жүргізіп, опат болған және жараланған азаматтардың нақты санын анықтауға, «қысым жасалғандықтан айыбымызды мойындадық» деген адамдардың сот шешімін қайта қарауға шақырады.

Amnesty International ұйымының логотипі.
Amnesty International ұйымының логотипі.
Халықаралық ұйым бұған қоса «барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің үстінен түскен шағымдарды қайта тексеру үшін тәуелсіз агенттік құру қажет» дейді.

Баяндама авторлары бас прокуратураға БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясының Факультативтік хаттамасындағы ережелерді айта келіп, азаптауды болдырмайтын, оның алдын алатын тиімді ұлттық жүйе құруға кеңес береді.

Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі азаптау туралы шағымды тексеруі тиіс және күдікті қызметкердің айыбы дәлелденген жағдайда оның сотқа тартылатынына кепілдік беруі керек. Ұйым Қазақстан ішкі істер министрлігіне түрме тәртібін де халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді ұсынған.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG