Accessibility links

Сноуден Ресейден уақытша баспана сұрады


Эдвард Сноуден (ортада) "Шереметьево" әуежайында құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. 12 шілде 2013 жыл.
Эдвард Сноуден (ортада) "Шереметьево" әуежайында құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. 12 шілде 2013 жыл.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері, Мәскеудегі "Шереметьево" әуежайында тұрып жатқан Эдвард Сноуден Ресейден уақытша баспана сұрады. Бұл жайлы онымен әуежайда кездескен адамдардың бірі, Ресей қоғамдық палатасының мүшесі және адвокат Анатолий Кучерена хабарлады.

12 шілдеде "Шереметьево" әуежайының транзит аумағында Сноуденмен оңаша кездескен адамдардың бірі - Ресей мемлекеттік думасы депутаты Вячеслав Никоновтың айтуынша, "Сноуден бұдан былай АҚШ-қа кесірін тигізбейді".

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Кремль әзірше Сноуденнен баспана сұраған өтініш алмаған - бірақ Ресейдің оған қойған шарты ("АҚШ-қа зиянын тигізуден бас тарту") өзгермеген.

Вашингтон "Құпия мәліметтерді жария етті" деп айыптаған Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын әшкере қылған еді. Бағдарлама халықаралық деңгейде жанжал тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылық білдірген. АҚШ-та Эдвард Сноуденге барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін "тыңшылық жасады" деген айып тағылып, іс қозғалған.

Гонконгтен Ресейге 23 маусымда келген Эдвард Сноуден содан бері "Шереметьево" әуежайының транзит аумағында отыр.
XS
SM
MD
LG