Accessibility links

Еуропаның адам құқығы соты: ЮКОС ісінде саяси астар жоқ


Михаил Ходорковский (сол жақта) мен Платон Лебедев сот залында. Мәскеу, 24 мамыр 2011 жыл.
Михаил Ходорковский (сол жақта) мен Платон Лебедев сот залында. Мәскеу, 24 мамыр 2011 жыл.
Еуропаның адам құқығы жөніндегі Страсбургтегі соты (ECHR) Ресейдің ЮКОС компаниясының бұрынғы басшылары Михаил Ходорковский мен Платон Лебедевтің бірінші сот үкімінде саяси астар жоқ деп тапты. Бұл туралы ECHR шешімі бейсенбі күні жарияланды.

Онда Ходорковский мен Лебедевке қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша шығарылған бірінші үкімде адам құқығы және негізгі бостандықтарын қорғау жөніндегі Еуропалық конвенцияның 18-бабы бұзылмағандығы туралы айтылған. Сотталған екі кәсіпкер өз шағымдарында осы бапты алға тартқан еді.

2007 жылы банкроттыққа ұшырап жойылған ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский мен оның серігі Платон Лебедев 2004 жылы «алаяқтық жасады және салық төлеуден жалтарды» деген айыптармен сотталып, әрқайсысы тоғыз жылға бас бостандығынан айрылған еді. Кейін кассациялық шағым бойынша өткен сот олардың жаза мерзімін бір жылға қысқартқан.

Бірақ 2010 жылы - мерзімдері аяқталар алдында екеуінің үстінен екінші қылмыстық іс қозғалып, әрқайсысы 14 жылға сотталған. Кейіннен Мәскеу қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы екеуінің жаза мерзімін бір жылға кемітті. Ал 2012 жылы 20 желтоқсанда Мәскеу қалалық сотының төралқасы істі қадағалау тәртібімен қарап, Ходорковский мен Лебедевке тағайындалған жаза мерзімін 13 жылдан 11 жылға өзгертті.

2003 жылдан бері қамауда отырған Ходорковский биыл 50 жасқа толды, Лебедев қазір 56 жаста.
XS
SM
MD
LG