Accessibility links

Интерпол Ресейге Браудерді іздемейтінін айтты


Hermitage Capital қорының басшысы Уильям Браудер.
Hermitage Capital қорының басшысы Уильям Браудер.
Халықаралық қылмыс полициясы ұйымы (Интерпол) Ұлыбританияның Hermitage Capital қорының басшысы Уильям Браудерді іздестіру туралы Ресейдің екінші мәрте берген өтінішін қабылдамай тастады.

Интерполдың ресми сайтындағы ақпаратта Браудерге қатысты Ресейдің іс-әрекетінде саяси сипат басым болғандықтан оны іздестіру Интерполдың ережелеріне қайшы екендігі айтылған.

Өзінің адвокаты Сергей Магнитскийдің Ресей түрмесіндегі жұмбақ өлімінің жай-жапсарын қазбалап жүрген кәсіпкер Уильям Браудерді Мәскеу соты «17 миллион АҚШ доллары көлемінде салық төлеуден жалтарды» деп айыптап, 9 шілде күні сырттай тоғыз жылға соттау туралы үкім шығарған.

Ресей Браудерге қатысты Интерполға бұған дейін де сұрау салған, бірақ халықаралық ұйым ол өтінішті де қабылдамай тастаған.

Ресей шенеуніктерінің 230 миллион АҚШ долларын жымқырғанын әшкерелеумен айналысқан заңгер Сергей Магнитский 2009 жылы Ресейде абақтыда қайтыс болды. АҚШ заңгердің өліміне қатысы бар Ресей шенеуніктерінің активтерін құрсаулап, оларға виза беруге тыйым салатын «Магнитский тізімі» туралы заң қабылдаған.
XS
SM
MD
LG