Accessibility links

Ходорковский мен Лебедевтің жазалары екі айға азайды


Михаил Ходорковский жоғарғы соттағы тыңдауда бейне байланыс арқылы қатысып отыр. Мәскеу, 6 тамыз 2013 жыл.
Михаил Ходорковский жоғарғы соттағы тыңдауда бейне байланыс арқылы қатысып отыр. Мәскеу, 6 тамыз 2013 жыл.
Ресейдің жоғарғы соты бұрынғы мұнай магнаты Михаил Ходорковский мен оның серігі Платон Лебедевтің жазасын екі ай мерзімге азайтты. Сот Ходорковскийдің адвокатының үкімге берген шағымын толық қанағаттандырмады.

Сотқа бейне байланыс арқылы қатысқан Ходорковский соттан "заңдық тұрғыдан сауатсыз шығарылған үкімді" жоюды сұраған. Ол "жоғарғы сот судьясы мұндай сот шешімін заңдастырғанына ұялуы тиіс" дейді. Бірақ прокурор үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

2007 жылы банкроттыққа ұшырап жойылған ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский мен оның серігі Платон Лебедев 2004 жылы «алаяқтық жасады және салық төлеуден жалтарды» деген айыптармен сотталып, әрқайсысы тоғыз жылға бас бостандығынан айрылған еді. Кейін кассациялық шағым бойынша өткен сот олардың жазаларының бір жылын қысқартқан.

Бірақ 2010 жылы - мерзімдері аяқталар алдында екеуінің үстінен екінші қылмыстық іс қозғалып, әрқайсысы 14 жылға сотталған. Кейіннен Мәскеу қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Михаил Ходорковский мен Платон Лебедевтің жаза мерзімін бір жылға кемітті. Ал 2012 жылы 20 желтоқсанда Мәскеу қалалық сотының төралқасы істі қадағалау тәртібімен қарап, Ходорковский мен Лебедевке тағайындалған жаза мерзімін 13 жылдан 11 жылға өзгертті.

2003 жылдан бері қамауда отырған Михаил Ходорковский биыл 50 жасқа толды, ал Платон Лебедев - 56 жаста.
XS
SM
MD
LG