Accessibility links

Сирия: Химиялық қаруды оппозиция қолданды


Дамаск шетіндегі түтін. Осы күні көтерілісшілер "үкімет әскері химиялық қару қолданды" деген ақпарат таратты. Сирия, 21 тамыз 2013 жыл.
Дамаск шетіндегі түтін. Осы күні көтерілісшілер "үкімет әскері химиялық қару қолданды" деген ақпарат таратты. Сирия, 21 тамыз 2013 жыл.
Сирия үкіметі көтерілісшілерді ел астанасы Дамаск қаласының солтүстік-шығыс шетіндегі Джобар ауданында "химиялық қару қолданды" деп айыптады.

Сирия мемлекеттік телеарнасы 24 тамызда "оппозиция үкімет әскеріне тосқауыл қою үшін қауіпті улы зат қолданды, қақтығысқа қатысқан әскерилердің кейбірі әл үстінде ауруханаға түсті" деп хабарлады. Телеарна "видеоға түсірілген бөшкелер мен маскалар оппозиция шегінген аймақтан табылған айғақтардың бір бөлігі ғана" дейді,

Сенбі күні Дамаск қаласында БҰҰ елшісі Ангела Кане келіссөздер жүргізді. БҰҰ Сирия үкіметінен қақтығыс болып жатқан Дамаск маңындағы аудандарға инспекторларын жіберуге рұқсат ала алмай отыр. Өйткені, осы аймақтарда 21 тамызда болған қақтығыстар кезінде химиялық қару қолданылды деген ақпарат тарады. Көтерілісшілер "химиялық қаруды үкімет әскері қолданды, мыңнан аса адам опат болды" деп мәлімдеген.

АҚШ президенті Барак Обама CNN телеарнасына берген сұхбатында "егер химиялық қаруды үкімет қолданғаны рас болып шықса, АҚШ бұл мәселеге айрықша назар аударатын болады" деді. 24 тамыз күні Обама Сириядағы химиялық қару мәселесін ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілерімен талқылады.
XS
SM
MD
LG