Accessibility links

Геосаясат Қытай үшін Қашағанға жол ашты


Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қыркүйек 2013 жыл. (Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды).
Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қыркүйек 2013 жыл. (Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды).

Қазақстандық экономист «Қашаған жобасындағы үлесті көпвекторлы саясат ұстану үшін Қытайдан басқа елге сату керек еді» дейді. Саясаттанушылар бұны геосаяси жағдайдың нәтижесі деп қабылдайды.

2012 жылы қарашада америкалық ConocoPhillips компаниясы соңғы жарты ғасырда табылған әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі саналатын Каспийдегі «Қашаған» жобасынан шығатынын мәлімдеп, 8,4 пайыз үлесін 5,5 миллиард долларға сататынын жариялады. Содан бері түрлі үміткер аталғанымен, ақыры ол үлесті қытайлық CNPC компаниясы сатып алатыны мәлім болды.

Биыл қыркүйектің 7-сі күні Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ресми сапары кезінде Астанада Қазақстан мен Қытай арасында «CNPC компаниясының Қашағаннан алатын үлесі туралы» келісімге қол қойылды.

«Қашаған» жобасының үлесін Қытайға сатуға қандай алғышарттар себеп болғаны туралы ақпараттың қоғамға қаншалықты анық та ашық жеткізілгені жөнінде сын пікірлер айтыла бастады. Азаттық осы туралы жергілікті экономистер мен саяси сарапшылардың пікірін білді.

«ҮНДІСТАНҒА САТУ КЕРЕК ЕДІ»

Парламент мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов ConocoPhillips-тің Қашағандағы үлесін ұлттық қордағы қаржы есебінен сатып алу жөнінде Қазақстан үкіметіне биыл мамыр айында сауал жолдаған. Ол сол уақытта үкіметтен «сатып аламыз» деген жауап алғанын айтады.

- Қазір сатып алуға өз қаржымыз да жететін еді. Ал Қытай компаниясына қандай үлес сатқанын нақтырақ анықтау қажет. Өйткені ConocoPhillips-тің үлесін өзіне рәсімдеу үшін Қазақстан үкіметіне біраз уақыт керек. Мүмкін, «Қазмұнайгаз» Қытайға Қашағандағы 16 пайыз өз үлесінен сатқан болар. Бірақ оның шарты қандай екенінен әзірге хабарым жоқ, - дейді ол.

Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кеніші. Қазақстан, 7 сәуір 2013 жыл.
Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кеніші. Қазақстан, 7 сәуір 2013 жыл.
«Көпвекторлық саясат ұстанатын» Қазақстан билігі сол позициясынан айнымай Қашаған жобасына да басқа инвесторларды қатыстыруы керек еді деп санайтындар бар.

- ConocoPhillips компаниясының үлесін Үндістан компаниясына (ONGC Videsh Limited – ред.) сатуға рұқсат беру керек еді. Сөйтіп Делимен ынтымақтасып, IT технология алуға болатын еді. Ал қазірдің өзінде Қазақстанның мұнай секторындағы үлесі 32-33 пайызға жетіп қалған Қытайға үкіметтің тағы үлес беруін жөн дей алмаймын, - дейді экономист Оразалы Сәбденов.

Қашаған сияқты маңызды мұнай-газ кеніштеріне инвестор тарту кезінде ең әуелі өндірілетін мұнайды экспорттайтын тұрақты рынокқа басымдылық беру керек деп, Қазақстан үкіметінің шешімін қолдайтындар да бар. Экономист Рахман Алшановтың сөзінше, жылына 1 миллион тонна мұнай өндіретін Қазақстан болашақта оны 14-16 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.

- Мұнайды өндіргенмен оны сататын жер де керек. Қазір түрлі жағдайларға байланысты рынок құбылып тұр. Бұл тұрғыда Қытай біршама тұрақты рынок болып саналады, - дейді ол.

ТАСАДА ҚАЛҒАН ШАРТТАР

Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова CNPC ұсынған 5 миллиард доллардан өзге де шарттар болуы мүмкін деген пікірде. Ол Қытай тарапы Қашаған жобасын толық жүзеге асыру үшін әлі де салынуы тиісті инвестицияның қанша бөлігін, қандай шартпен қаржыландыратыны туралы анық ақпарат берілуі керек деп есептейді.

Меруерт Махмұтова, экономист. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.
Меруерт Махмұтова, экономист. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.
- Қытайдың Қазақстанның мұнай саласындағы үлесі осыған дейін 25 пайыз шамасында болса, енді 30 пайыздан асып кетеді. Әрине, халық арасында бұл жайт алаңдаушылық туғызады. Бірақ қазір Қытай жалғыз Қазақстанда емес, Еуропада да, АҚШ пен Ресейде де, Африка мен Латын Америкасы елдерінде де ірі инвестор болып отыр. Сондықтан бұл - тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша Қытайдың экспансиялық саясаты ұлғайып келе жатқанының бір ғана белгісі, - дейді ол.

Меруерт Махмұтованың ойынша, Қазақстан ConocoPhillips компаниясының «Қашағандағы» үлесін Үндістанға бірнеше себеп бойынша сатуға рұқсат етпеген: Келісім-шарт жасасу кезінде Қытайдың Қазақстандағы мұнай секторындағы үлесі ескерілуі мүмкін. Оған қоса экономист үндістандық ONGC Videsh Limited компаниясы мен қытайлық CNPC арасында көп айырмашылық көріп тұрмағанын айтады.

- Осыған дейін халықаралық рынокқа мұнай шығару үшін Ресейге тәуелді болдық. Бұл ретте іргелес Қытайға тікелей шығуымыз осы тәуелділіктен құтылуға да септігін тигізеді. Қытай - өзі өндіріп, өзі сатып ала алатын мемлекет. Сондықтан мұны геосаяси жағдайдың нәтижесі деуге болады, - дейді Меруерт Махмұтова.

ГЕОСАЯСАТ ӘСЕРІ

Қытайдың «Қашағаннан» үлес алуына экономикалық мұқтаждықтан гөрі геосаяси жағдай көбірек ықпал етті деп санайтын тағы бір қазақстандық маман - саясаттанушы Талғат Мамырайымов. Оның пікірінше, Қазақстан транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланып отыр.

Талғат Мамырайымов, саясаттанушы. Алматы, 2 маусым 2011 жыл.
Талғат Мамырайымов, саясаттанушы. Алматы, 2 маусым 2011 жыл.
- Қазір Орталық Азиядағы геосаяси және геоэкономикалық мүдде жолындағы күресте негізгі ойыншылар Қытай мен АҚШ екені көрініп тұр. Си Цзиньпиннің Орталық Азияға соңғы сапарында миллиардтаған долларлық келісім-шарт жасауы - соның бір белгісі. Қазақстанның Ресей ықпалына көбірек түсіп бара жатқаны Қытайды қатты алаңдатады, - дейді ол.

Талғат Мамырайымовтың айтуынша, Қазақстан Қытаймен бастапқы халықаралық шарттарды бекіткен кезде саяси жағдай емес, жекелеген адамдардың бас пайдасы көбірек ескерілген болуы мүмкін. "Ал қазіргі жағдайда халықаралық шартарды өзгерту мүмкін емес" дейді ол.

- Енді осы геосаяси жағдайды мейлінше ұтымды қолданып, державалардың мүддесін өз мүддеміз үшін пайдалануымыз керек, - дейді саясаттанушы.

Қазақстанның мұнай және газ министрлігі Азаттықтың «Қашаған» жобасындағы ConocoPhillips үлесінің қытайлық CNPC-ге сатылу себептері туралы қойған сауалына телефон арқылы жауап беруден бас тартып, арнайы хат жолдауды талап етті.

Қазақстан биыл көктемде ConocoPhillips компаниясының «Н» («Нұрсұлтан») жобасындағы 24,5 пайыз үлесін сатып алып, «ҚазМұнайГаздың» үлесін 75,5 пайызға жеткізген. Ал «ConocoPhillips» «Қашағандағы» үлесін кімге сату мәселесін анықтау жер иесі ретінде Қазақстанның құзырына тиесілі еді.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қашаған мұнай кенішінде сөйлеп тұр. Атырау, 30 маусым 2013 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қашаған мұнай кенішінде сөйлеп тұр. Атырау, 30 маусым 2013 жыл.
Осы аралықта үндістандық ONGC Videsh Limited компаниясының сатуға қойылған үлесті 5,5 миллиард долларға алатыны жөнінде хабар тарады. Маусым айында жергілікті БАҚ бұл үлес үшін Қытай 15 миллиард доллар төлеуге дайын екендігі туралы хабар таратты.

Алайда көп ұзамай Қазақстанның 8,4 пайыз үлесті 5 миллиард долларға өзі сатып алатыны мәлім болды. Сол кездегі мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қазақстанның америкалық компанияның үлесін сатып алып, шарты келсе Қытайға қайта сататыны туралы мәлімдеді. Қыркүйек айында Қытай президенті Си Цзиньпиннің Қазақстандағы алғашқы ресми сапары кезінде CNPC-дің «Қашағаннан» 8,33 пайыздық үлес алатыны анықталды.

Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы 2009 жылдың қаңтар айынан бері жұмыс істеп келеді. Консорциумда Agip Caspian Sea B.V. компаниясының - 16,81 пайыз, KMG Kashagan B.V. компаниясының - 16,81 пайыз, ExxonMobil Kazakhstan Inc компаниясының - 16,81 пайыз, Shell Kazakhstan Development B.V. компаниясының - 16,81 пайыз, Total E & P Kazakhstan компаниясының - 16,81 пайыз, CNPC компаниясының - 8,33 пайыз (рәсімделіп жатыр), Inpex North Caspian Sea Ltd. компаниясының 7,56 пайыз үлесі бар.
XS
SM
MD
LG