Accessibility links

Астанада ұсталған Азаттық тілшісі босатылды


Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде отыр. Астана, 18 қыркүйек 2013 жыл.
Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде отыр. Астана, 18 қыркүйек 2013 жыл.
18 қыркүйекте Астанада тұтқындалған Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген полицияның босатқанын хабарлады.Журналист Астана қаласы Есіл ауданы ішкі істер бөлімінде сағат түскі 12-ден 13:25-ке дейін, бір жарым сағаттай болды.

- Полиция қызмкеткерлері бізден (тұтқындалған үш журналистен - ред.) жұмыс орнымызды сұрады. Жеке бас құжаттары мен қызметтік куәліктерімізді алып кетіп, жарты сағаттан кейін әкеліп берді. Түсініктеме жаздырған жоқ, ауызша да ешқандай ескерту жасамады, - деді Өркен Жоямерген.

Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді Астанада түскі сағат 12 шамасында журналистік қызметін атқару барысында полиция тұтқындады. Журналист "Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындарының Қазақстан бас прокуратурасы алдындағы наразылық акциясын түсіруге барған.

Полиция оқиға орнында журналистік қызметін атқаруға кіріскен Өркен Жоямергенді, оппозициялық "16/12" телеарнасының тілшісі Санат Орыналиев пен операторы Ержан Әмірхановты тұтқындап, Астананың Есіл аудандық ішкі істер бөліміне апарды.

Журналистерді полицейлер "Прокуратура - режимдік нысан, оны видеоға түсіруге болмайды" деген уәжбен тұтқындаған. Астана қаласының Есіл ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкері Азамат Оспанов та "тілшілердің прокуратураны рұқсат алмай түсіргені үшін ұсталғанын" айтты.

Тілші ұсталған шараны өткізушілер - "Махаббат" тұрғын үй кешенінің тұрғындары айтуынша, олар 2009 жылы 427 адам 49 пәтерді жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, тұрғын үй кешені иесіне ақша төлеп келген. Алайда қожайын үйді басқа компанияға сатып жіберіп, жаңа қожайын олардан пәтерлерді босатуды талап еткен. Сот тұрғындардың келісім-шарттарын жарамсыз деп тауып, оларды пәтерлерінен шығаруға үкім еткен. Сот үкіміне наразы тұрғындар бұдан бір ай бұрын Астана қалалық прокуратурасы алдында акция өткізген еді. Ол жолы оларды полиция ұстап әкеткен.

Астана полициясы Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді 2013 жылы 22 мамыр күні де тұтқындаған еді. Ол жолы тілші өздерін "үлескер" деп атаған ондаған адамның үкімет үйінің алдындағы наразылық акциясынан репортаж дайындауға барған.
XS
SM
MD
LG