Accessibility links

Сирия химиялық қаруы жөнінде БҰҰ қарары қабылданды


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Бас ассамблеясы жиынында жүр. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Бас ассамблеясы жиынында жүр. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2013 жыл.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияның химиялық қаруын жою туралы қарарды қабылдады.

Қарарда "егер Сирия бұл құжаттың талаптарын (химиялық қаруды жою - ред.) орындамаған жағдайда келесі қарар әзірленетіні" айтылған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қарардың қабылдануын "дипломатия жеңісі" деп бағалады.

- Әлемде химиялық қару қолдану адамшылықтан тыс әрекет екені мойындалған. Химиялық қару кез келген жерде, кез келген сәтте қолданылуы мүмкін. Сондықтан ол - халықаралық қауіпсіздікке қатерлі қару. Ұлттар ұйымы ретінде біз қорғансыз, өміріне қауіп төніп тұрған адамдарды қорғайтынымызды көрсеттік. Жаппай қырып-жою қаруын қолданғандар жазасыз кетпеуі керек, - деп мәлімдеді.

АҚШ президенті Барак Обама БҰҰ қарарын «халықаралық қауымдастықтың үлкен жеңісі" деп бағалады.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Қауіпсіздік кеңесі Сирия немесе қарарда аталған тараптар келісімді бұзған жағдайда оларға қарсы шара қолдануға дайын болуы тиіс" деді.

БҰҰ-дағы Сирия елшісі Башар Джафари "Түркия, Сауд Арабиясы, Франция, Катар және АҚШ қарарды бұзбаулары керек, егер олар көтерілісшілерге көмек көрсетсе, жауапкершілікке тартылсын" деп мәлімдеді.

Қауіпсіздік кеңесіндегі дауыс беру рәсімі 28 қыркүйек күні таңертең аяқталған. Бұған дейін бір апта бойы Ресей мен АҚШ арасында қарардың шарттары жөнінде келіссөздер жүрген еді.

2013 жылы 21 тамыз күні Сирия астанасы Дамаск маңындағы шабуылда адамның жүйке жүйесін істен шығаратын зарин газы қолданылған еді. Шабуылдан жүздеген бейбіт тұрғын, соның ішінде балалар қаза тапты.
XS
SM
MD
LG