Accessibility links

Пастор Қашқымбаев бір айға қамалды


Пастор Бақытжан Қашқымбаев тергеу абақтысынан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.
Пастор Бақытжан Қашқымбаев тергеу абақтысынан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.
"Благодать" пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев экстремизмге қатысты айып тағылып, бір айға қамалды. Пасторды қамауға алу туралы санкцияны қазанның 10-ы күні кешке Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов шығарған.

Пастордың адвокаты Риза Нұрбаеваның Азаттыққа айтуынша, Қашқымбаевтың үстінен қылмыстық кодекстің 233-бабы 1-бөлімінің 2-тармағы бойынша "экстремизмді немесе терроризмді насихаттады" деген айып тағылған.

7 қазанда судья Баяхметов абақтыда қамауда отырған Қашқымбаевты "денсаулық жағдайына байланысты" үйқамаққа ауыстыруға шешім шығарған еді. Бірақ ол 8 қазан күні босатыла сала қайта тұтқындалған.

Сонымен бірге судья Баяхметов 10 қазанда пастордың денсаулығы тергеу абақтысында тексеріліп, емдеу қажет болған жағдайда Астана қалалық ауруханасына жіберілуі тиіс деген шешім қабылдаған.

67 жастағы пастор Бақытжан Қашқымбаев 17 мамырда "шіркеуге келушілердің бірінің денсаулығына уағызы арқылы ауыр зардап келтірген" деген айыппен ұсталған еді.

Құқық қорғау ұйымдары Қашқымбаевқа тағылған айыптардың саяси астары бар деп санап, Қазақстан билігін пасторды босатуға және оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.
XS
SM
MD
LG