Accessibility links

ЕО-ның Тимошенко ісіне қатысты миссиясы ұзарды


Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко.
Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко.
Украинада түрмедегі экс-премьер Юлия Тимошенкоға қатысты жағдайды бақылауға барған Еуропа Одағы (ЕО) өкілдерінің миссиясы 28-29 қарашада Вильнюсте өтетін ЕО Шығыс Еуропа ынтымақтастығының саммитіне дейін ұзартылды.

Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневский мен Еуропарламенттің бұрынғы төрағасы Пэт Кокс басқаратын миссияны ұзарту туралы шешімді Еуропа парламенті қабылдаған.

13 қарашада Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшырған Тимошенконың шетелде емделуіне рұқсат ететін заң жобасын қабылдай алмаған еді. Парламент заң жобасын 19 қарашада қайта қарамақ.

Заң жобасының қабылдануына Тимошенко ісін "саясиланған" деп санайтын оппозициялық "Батькивщина" қозғалысының жақтастары, құқық қорғаушылар мен ЕО мүдделі.

ЕО Украина Тимошенконың Германияда емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдамаса, Вильнюстегі саммитте Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімді тоқтататынын ескерткен.

2005-2007 жылдары Украина премьері болған Юлия Тимошенко 2011 жылы қазанда «2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталды. Түрмеде оған дәрігерлер «омыртқасында жарық (грыжа) бар» деген диагноз қойған.

Түрмеде отырған кезде Тимошенконың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалды: тергеу орындары оған 1990 жылдардың екінші жартысында "Украинаның бірыңғай энергетикалық жүйелері" корпорациясын басқарған кезде қаржылай айла-шарғы жасаған" деген айып тақты.
XS
SM
MD
LG